Бірден айта кетейік: ел аумағыңда ауыл әкімдерінің 6О пайызы жаңарды. Ақ тер, көк терге түсіп, сайлауда дауыс берген жұрт жыл келгендей жаңалықты сезіңді ме? Бар гәп осында жатыр. Бәрін басынан бастайық.
Адамзат баласы атам заманнан көш бастайтын ақылды тұлғаны жазбай танып, алға оздырып, арбаға жегіп, артынан адаспай ілесіп жүруі үшін – сайлау жүйесін ойлап тапқан болса керек. Сол сайлау сан ғасырларды артқа тастап, бүгінде мемлекеттік саясаттың құрамдас бір бөлігіне, елдің демократиялық дамуының барометріне айналды. Найза мен білекті білім мен ақыл алмастырған заманда, сайлау жүйесі – адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға ауадай қажет екен. «Егер сендер дауыс беру арқылы бәрін шешуге болады деп ойласаңдар, онда Афинаның бар иттері атқа айналсың деп дауыс беріп көріндер» деп, көне заманның кемеңгері Сократ айтты екен деп, бұл бүкіләлемдік үрдіске үрке қарап отырған елді таппайсыз. Біз де солардың қатарында, қандай сайлау болса да бас тартпаймыз, жалаулатып жарысқа түсіп, қашан да сақадай сай тұрамыз. «Өткізу үшін шындықты, өтірік қостым аздаған» (Қ.Мырза Әлі) демекші, сайлау өткізуге машықтанып алғанымыз соншалық, өзге елдерден бір бас жоғары тұрғанымызды айтып мақтанамыз. Сайлау науқаны жұртты жік-жікке бөліп дүрліктіріп, бүтін елді бөліп-жарып бүлдіріп, сойыл соғысқандарды ас-суға бөктіріп кететіні болмаса, ертесіне-ақ естен шығып, сағымға сіңіп тез ұмытылады. Ел жақтап сайланған ұлықтың ұпайы түгел, ұнатпағандар құм асап қала береді.
Түрлі деңгейдегі депутаттарды сайлап үйренген елдің бетін ауыл әкімдерін сайлауға бұрған болатынбыз. Сол халық сайлаған деген аманатты арқалап жүрген әкім шіркіндеріңіз, бұрынғы тағайындалатын әкімдерден оза шауып, озық үлгімен үлкен істерді тыңдырып, жасампаздықтың жаңа жолын бастап кетпеді. Ауылдың ажары ашылып, дәулеті тасып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып жатқан халықты көрмейсіз. Сол баяғы көл де, көңіл де толмайтын көбік сөзге көміліп қалып жатыр. Арифиметика заңына сүйенсек: қосылығыштардың орны ауысқанымен, қосынды өзгермеді. Сонда дейміз-ау, өшпесек те, өскеніміз қайсы, ұтқанымыз не!?
«Құдай бізден «қанша жасадың?» деп сұрамайды, «не жасадың?» деп сұрайды» деп ақын Олжас Сүлейменов айтқандай, сол сайланған әкімдерден: «Не бітірдің, не жасадың, шырағым?» деп сұрайтын бір пенде жоқ. Өйткені бұл қолайсыз әрі сұрапыл сұрақтың жауабын өздері –ақ біледі. Айталық, ауылдың ауыз су, газ, жарық, жол, ағын су т.б. барлық мәселесі аудан орталығында орналасқан мекемелерде шешілетін болғандықтан, ауыл әкімі бір парақ ақ қағазға ұсақ – түйек ақпараттарды қондырып алып, ауыл мен аудан арасын шанға көміп, шапқылап жүреді. Күн құрғатпай ауданда өтіп жататын үлкенді-кішілі жиналысқа қатысады. Әкімнің бір күні де, өмірі де осылай өтіп жатады. Адам қызығарлықтай қызмет қой, шіркін. Сол сайланған әкімдеріңіз жұмысты жапырып тастағысы –ақ келетін шығар-ау, әттең, ауыл тұрғындарына сөз өтпейді. Өз күнің өзі көріп жатқан адамға не деріңіз бар. Ауылдағы аурухана, мектеп, балабақша, өндіріс ошақтары сайланған әкіммен санаспайды. Әкімдердің қолынан келетін ісі: ауыл мәдениетін көтеруге, көркейтуге, көгалдандыруға, абаттандыруға ат салысып әбігерге түсіп жүргенін көрмейсіз. Ағаш отырғызу былай тұрсын, ауыл тазалығы – күл-қоқсқа көміліп жатқан ауылды күнде көріп жүргендіктен, көзі үйреніп кеткен. Халық сайлаған әкімнің бір «артықшылығы»: оған ешкімнің тісі батпайды. Өйткені оның артында өздері сайлаған қарақұрым елі тұр ғой.
Сайлау – ұлттың дамуы мен кемелденуінің көрсеткіші болғандықтан, оның мәртебелі маңызы мен саяси салмағына жүрдім-бардым, жай көзбен қарауға болмайды. Президент Қ.Тоқаев мемлекеттік қызметкерлердің адамгершілігіне, жан-жақтылығына, кәсіби адалдығына аса зор мән беріп, үлкен сенім артып отыр. Ауыл әкімдерін сайлаудың басты мақсаты: елім деп шын еңіреп жүрген ері кім, өз мүддесін күйіттеп жүрген епсегі кім – соны айқын ажырата алатын халық ғана барша мұратына жетуге лайық.
Ауыл әкімдерін әрекетсіз деп жерден алып, жерге салудан аулақпыз. Қабілеті болғанымен, көсіле шабуға қолы қысқа – қаржысы жоқ деп жылы рай танытамыз. Патриоттық белсенділігі жайлы жақ ашпаймыз. Патриоттық белсенділік жоғары болмаған жерде, жасампаздықтан дәм етпей-ақ қойсаңыз болады.
Баяғыда бір елдің ханы халқының қаншалықты адал екенін білмек болып: «Хандығымыздың өркендей түсуі үшін, қаланың ортасына бір бассейн жасаймыз. Ол үшін қаланың әрбір тұрғыны бүгін түнде бір шелек сүт әкеліп, бассейнге құйса өз борышын орындаған болады» деп жар салыпты. Ханның бұл ұсынысы жұртқа ұнамағанмен, амал нешік, ханның айтқанын екі етуге болмайды. Сонымен, қала тұрғындары өз борыштарын орындауға шұғыл кірісіп, түні бойы тыным таппапты. Хан таң ата салысымен істің мән-жайын білмекке барса, бассейн іші сүтке емес, суға толып тұрғанын көріп таң қалады. Сөйтсе, адамдардың бәрі бірдей «Осыншама халық арасынан мен ғана сүт орнына су апарсам, ештене де өзгере қоймас» -деп ойлап, бассейнге құр су құйған екен.
Осындай әрбір адамның бойынан табыла кететін жаман әдеттен, мінез-құлықтан әкімдер әлдеқайда жоғары тұрса екен деп тілейсің.
Ауыл әкімдерінің бағасы елге еткен еңбегінің үлкен я кішілігімен ғана өлшенбейді, елге деген жүрегінің таза болуына, өз өмірінің ел өмірімен бірге өрілуіне де байланысты. Халық сайлаған әкім деген дардай аты болмаса, сол әкімдердің бәз-баяғы ескі сүрлеу, көне соқпақпен келе жатқанына қарап, ауыл тұрғындары жыл келгендей жаңалықты сезініп жатқан жоқ деп айтуға болады.
Ауыл әкімдерін сайлау белортасынан ауғанда, аудан әкімдеріне ауыз салдық. Олардың да соңы соқпаққа түсіп, тыңнан түрен салатынына ешкім кепілдік бермейді. Бәрінен бұрын- ауылға кіндігі байланған елге сайланған әкімнің саясы тезірек түссе екен.
Махамбет САПАРМҰРАТОВ,
Түркістан облысы