Адамзат ежелден-ақ көкке самғауды, жалпақ дүниеге қыран самғар биіктен қарауды қиял етті. Және сол арманға жетті де. Бүгінгі күні, адам баласы құс ұшар биікті ғана емес, жеті қат көкті де бағындырды. Дегенмен, айтар әңгімемізге, бүгінгі емес, жолаушылар ұшағының «атасы» саналатын өткен ғасырдың басындағы әуе шарлары жөнінде тілге тиек етпекпіз.
Әуе шарына мініп, көкке самғау өткен ғасырдың басынан басталады. Әрине, алғашқы дирижабльдер санаулы адамдарды ғана аспанға көтерсе, уақыт өте келе, шарлар жетілдірілді, содан болар онымен тек адам емес, жүкті де тасымалдауға болатыны анықталды. Тіпті, бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде дирижабльдер жау тылына барлау жасауға, тіпті бомбы тастауға бейімделді. Әуе шарының мүмкіндігі мол екеніне тұщынған конструкторлар енді оны Мұхит асып, жолаушылар таситын көлікке айналдырды. Көл-көсір пайда таба бастады. Еуропалықтар кемеге мініп, апталап сапар шегіп, Америкаға зорға иек артқаннан гөрі, әуе шарына отырып, мұхитқа көктен көз тастап, қысқа уақытта діттеген жеріне жеткенді жөн санады. Содан болар, Еуропа елдерінде дирижабльдерге сұраныс көбейді. Әр мемлекет дирижабль жасау зауыттарын салды. Бәсеке өркендеді. Дегенмен, әуе шарына мініп сайрандаған жандардың бәрі межелі жеріне дін-аман жетті деуге болмас. Бәрі болмаса да ұшып келе жатып, көкте отқа оранып, не болмаса тау-тасқа соғылып, быт-шыт болған, сандаған жолаушының түбіне жеткен дирижабльдер де жетерлік. Соның бірі – немістің Гиденбург дирижаблі.
Оның апатқа ұшырауы ХХ ғасырдың басты қасіреттерінің бірі саналады. Гиденбург апатын сөз етпес бұрын, оның алдында болған әуе шарлары жөнінде айта кетелік. 1928 жылы Солтүстік полюсте «Италия» әуе кемесі мұзға құлап, талқан болды. Оны іздеу үшін бүкіл Арктиканы шарлап көптеген кемелер, ұшақтар аттандырылды. Шармен бірге құлап, қаза тауып, денелері көк мұз болып қатып қалған адамдарды араға апталар салып барып, швед ұшқышы мен кеңестік «Красин» мұзжарғыш кемесі тапты. Келесі апатқа ұшыраған дирижабль «R-101» деп аталады. Бағыты Англия – Канада, Англия – Мысыр – Үндістан – Австралия еді. Бұл ағылшындардың ең ірі дирижаблі болатын. Сондай-ақ, R-101 -дің алғашқы рейсі еді. Амал қанша, ол алғашқы сапарында-ақ, яғни 1930 жылы аталмыш бағыт бойынша жолаушыларды алып аспанға көтерілісімен, алысқа бармай, жотаға соғылып апат болды. Борттағы 57 адамның 48-і қаза тапты. Апатқа ұшырағандардың қатарында орыстың да, америкалықтардың да дирижаблдері бар. Отызыншы жылдардың ортасында әлемдегі ең ірі екі әуе шары «Акрон» мен «Мекон» көктен жерге құлап түсті. Тағы да жүздеген жолаушылар қаза тапты. Сондай-ақ, Кеңес елінің «Осовиахим» дирижаблі де Арктиканың мұз қатпарлы жартастарына соғылып, быт-шыт болды. Бірақ Кеңес елі оны құпия сақтады. Өйткені заман солай болатын. Жағымды жаңалық болса, айғайлатып, жаһанға жария салды, әлгіндей мемлекетке көлеңке түсіретін жағымсыз дүниелерді жұрттан жасырды. Жарайды, ол өз алдына… Дегенмен, апатқа ұшыраған дирижабльдердің ішінде немістің LZ-129 «Гиденбург» жолаушылар әуе шарының орны ерекше аталады. Оның ұзындығы 250, ені 42 метр еді. Әр қайсында 1100 аттың күші бар төрт қозғалтқышы бар. Биікке он алты сутегі баллонының күшімен көтеріледі. Кеменің әр бір ұсақ-түйегіне дейін есептеліп жасалғаны сонша, жұрт оның ірілігіне ғана емес, сұлулығына да сүйсіне көз салатын.
Дирижабль сағатына 135 шақырым жылдамдықпен ұшты. Бұл сол кезде үлкен жетістік болып саналды. Ұшу қашықтығы 15 000 шақырым, көтеретін жүк салмағы 90 тонна. Билет құны 800 доллар. Ұшу аппаратын 40 адам басқарса, жолаушыларға 10 адам қызмет етті. Дирижабльде 26 екі адамдық каюта, мейрамхана, бар, салон, оқу бөлмесі және айналаға қарайтын арнайы орын болды. Батыс пен шығыстың тағамдарын әзірлейтін ас бөлмелер өз алдына. Жолаушылар үшін бар жағдай жасалған «Гиденбург дирижаблі Германияның мақтанышы еді. Шардың екі жақтауы мен астында алыстан мен мұндалап көзге шалынатын Үшінші Рейхтың қаһарлы свастикасы бар. 1937 жылдың мамырына дейін Гиденбург 21 рет Солтүстік Атлантиканы, 16 рет оңтүстікті Атлантиканы көктей ұшып сапар жасады. Осы шар кемесімен 3000 адам діттеген жеріне жеткізілді. Жалпы, дирижабль 1936 жылдың мамырынан бастап мұхитаралық сапарларды атқарып келген. Ешқандай оқыс оқиға болмаған. Бірнеше мәрте Рио-де-Жанейроға да барып қайтқан болатын. Дирижабльге отырған жұрт риза. Олардың жылы лебіздері талай мәрте белгілі басылымдар беттерінде жарияланды да. …Сонымен, 1937 жылы 3 мамырда Гиденбург үшін жаңа жазғы маусым ашылды. Кеме капитаны тәжірибелі ұшқыш Макс Прусс еді. Ол Бірінші Дүниежүзілік соғыстың ардагері, өз ісінің шебері болатын. 3 мамыр күні Франкфурте-на-Майн қаласынан көкке салтанатты түрде, музыкалатып көтерілген әуе кемесі 6 мамыр күні АҚШ-тың Нью-Йорк шаһарының аспанмен таласқан үйлерінің төбесінде қалықтап тұрды.
Бұл әлемдегі ең үлкен дирижабль болатын. Оған Германияның рейх-президенті Гиденбургтың есімі берілген. «Неміс кереметіне Жаңа Әлем таң қалуы тиіс. Әуе алыбы Еуропаны бағындырды, енді ол Американы бағындыруы керек. Аспан тек бізге бағынышты» деп жарыса жазды неміс басылымдары. Рас, немістің алып, керемет кемесін көру үшін, туыстарын қарсы алу үшін дирижабль қонатын алаңға көп адам жиналды. Оның ішінде АҚШ-тың ірі бұқаралық ақпарат басылымдарының журналистері де болды. Олар сол алаңнан алып кеме жөнінде репортаж жүргізбек еді. Алайда шар қонуға талпыныс жасағанымен, сол кезде аспанды бұлт торлап, құйындата жел соғып, найзағай ойнады. Әуе шары қону үшін оны биіктігі алпыс метрлік діңгек темірлерге байлау керек-тұғын. Бірақ «темір жай тартады» деп есептеген капитан жұрттың қауіпсіздігін ойлап, ауа-райы қалыпқа келгенше қаланың үстінде қалықтап жүре тұруды жөн деп тапты. Көп ұзамай, жел тоқтады. Дирижабль қонуға бет алды. Жерге 20 метр қалғанда кенеттен дирижабль отқа оранды. Керемет жарылыстар болды. Жалын тілі бірден кемені орап алды. Тағы жарылыс болды. Кеме жерге құлап түсті. Әрине, бұл жерде экипаж мүшелерінің шеберлігін, тәжірибелігін айтпасқа болмайды. Солардың арқасында көптеген жолаушылар тірі қалды. Борттағы 97 адамның 35-і қаза тауып, қалған 62 жанды құдай сақтады.
Дәл сол кезде атақты дирижабль жөнінде тікелей репортаж жасау үшін келген американдық журналист Гербер Моррисон: «Арқандар түсірілді, оларды алаңда адамдар ұстап тұр. Дирижабльдің артқы моторы жұмыс істеп, шарды бір орнында қалыпты ұстап тұр… құдай сақтасын, жалын… өрт шықты… Сұмдық-ай, кеме жана бастады. Жалын тілі елу метрлік биіктікке жетті… Сұмдық… сұмдық… Ол жарылды… Шар отқа оранды… Құдайым сақтай гөр! Отқа оранған адамдар жанталаса биіктен жерге секіре бастады… шар құлап келеді… айнала шыңғырған, айқайлаған адам дауысына толып кетті… шар өрт құшағында… Бұл – әлемдегі ең қорқынышты трагедия…» деп тікелей апат орнынан репортаж беріп жатты. Көптеген жолаушылар өртке оранған шардан жанталаса секіріп, кеменің астында қалмас үшін еңбектей қашты. Шалажансар жатқандарды жердегі тұрғандар құтқаруға ұмтылды. Осылайша әлемдегі ең ірі һәм әдемі дирижабль жұрттың көзінше құрдымға кетті… Кеме капитаны өртенген кеменің астында қалды. Алайда жұрт оны құтқарды. Бірақ қатты күйікке шалынған ол, өмір бойы соның қасіретін тартты. Отқа оранған «Гиденбург» әуе шарында осы кемені жасап шыққан «Цеппелин» компаниясының директоры Эрнст Лемманда келе жатқан. Өйткені атақты кемеге мініп, Америкаға жол тарту оның да арманы еді. Амал қанша… сенімді деп сенген кемесі Нью-Йоркқа қонар кезде сыр берді. Қатты күйген Эрнст Лемман ертесінде ауруханада жатып қайтыс болды… Апат болған күннің ертеңінде Нью-Йорктың бір кинотеатрында «Гиденбургтың» апатқа ұшыраған кезінде түсірілген фильм көрсетілді. Өйткені журналистер отқа оранған әуе шарын камераға түсіріп үлгерген еді… Бұл фильм және сол кезде түсірілген көптеген суреттер кейіннен апаттың неден болғаны жөнінде зерттеулерге таптырмас айғақ болды. «Гиденбургтың» апатқа ұшырауы Германия үшін үлкен қасірет еді. Бүкіл неміс газеттері жаппай жазды. Түрлі болжамдар айтты. «Сутегінің орнына гели толтырғанда, апат болмас па еді?» десе, бір басылым, екінші басылым «Бұл – диверсия. Немістердің аспанды жаулай бастағанын көре алмағандықтан қастандық жасалды» деп жазды. Болжам көп. Бірақ ешкім тап басып «мынау» деп айта алмады.
Дегенмен, сол кездегі Германияның тізгінін Гитлер ұстап отырғандықтан, оның орнатқан жүйесіне қарсылық білдіргендер әдейі апатты ұйымдастырды деген болжам шындыққа жақындау еді. Солай болды да. 1972 жылы М. Мунидің «Гиденбург» деген кітабы жарық көрді. Автор неміс және америка мұрағаттарында апталап отырып, болған оқиғаны, ол жайлы айтылған пікірлерді, шар бортында болған адамдардың өмірбаянын тексере келе, «дирижабльдің апатқа ұшырауы адам қолымен жасалған қастандықтан» деген пікір айтқан. «Қастандық жасаған адам – экипаж мүшесі Эрик Спелый. Ол сол кездегі Гитлерлік жүйеге қарсы еді. Ол фашистік жүйемен өзінше күресті. Дирижабльге бомбы орнатты. Ол кеме жерге қонып, адамдар одан шығып кеткен соң жарылуы тиіс еді. Солай есептелген еді. Алайда ауа-райының қолайсыздығы шардың жерге қонуына бөгет жасады. Сондықтан бомбы шар әуеде тұрғанда жарылып кетті» дейді. Әлгі бомбы қойған Эрик Спелый да сол жерде қаза тапқан. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген – осы. Дәл сол он жылдықта, яғни 1930 – 1940 жылдары болған дирижабльдердегі апаттар адамдарды әуе шарына деген әуестігіне нүкте қойды. Оның орнын кәдімгі ұшақтар басты. Ал «Гиденбургтің апаты неден болды?» деген сауал осы салаға әуесқойларды әлі қызықтырады. Жалпы, сыры ашылмаған әр бір оқиға алтын салынып, аузы бекітілген қобдиша тәрізді. Әркім өзінше ашқысы келеді, өзінше жорамал жасайды. Бұл да соның бірі…
Нұрсұлу МЫРЗАБЕКОВА