Ресей президенті Владимир Путин бізге өз жері арқылы Украинаға дәліз ашуға рұхсат берді. Сарапшылар Ресейдің бұл шешімді АҚШ пен Батыс елдерінің санкциясының ықпалын азайту үшін қабылдады деп баға беріп отыр. Қазақстандық сарапшылар болса, біздің елге де ЕАЭО шеңберінде Ресей мен Белоруске өзбек терезесін ашатын кез келді деген ойға басымдық бере бастады. Себебі біз жеке дара импорт –экспорт теке-тіресіне төтеп бере алмайтынымыз белгілі болып қалды. Одақ шеңберіндегі ойын ережесі біздің ұзақ уақытқа дейін шикізатпен қамтамасыз ел мәртебесінен айырғысы келмейтінін байқатып қойды. «Экономикасын әртараптандырып үлгірмеген Қазақстан үшін ЕАЭО шарттары тиімсіз, ЕАЭО шарттары экономиканы әртараптандыруға ықпал ете алмайды» деген сарапшылардың болжамы дәл келді: Ресми статистика Одақтың бір мүшесі Белоруспен 2018 жылдың қаңтар мен мамыр айындағы тауар айналымы 260 млн АҚШ долларына жеткенін хабарлады: 2018 жылдың алғашқы 5 айында Белорусь бізге 1,2 млн АҚШ долларына ұялы телефон, өзгесіне трактор, үй-жиһазы, сүт өнімдері, қант және ет өнімдерін сатса, біз темір, мұнай өнімдері және көмір экспорттаппыз. Ресеймен сауда айналымындағы мәліметтер де қуанта қоймайды: Қорыта айтқанда біздің Белоурстен келетін импорт экспорттан 5 есе, ал Ресейден келетін импорт экспорттан 11. 7 есе көп болып шықты: Біздің елді ұзақ уақытқа дейін шикізатпен қамтамасыз ел мәртебесінен айырғысы келмейдер өз ішімізде де бар екен. Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық институттың ғылыми қызметкері, экономист Вячеслав Додонов журналистермен кездескен кезде Қазақстан экономикасы баяулауының себебі тек мұнай бағасы төмендеуімен байланысты екенін айтыпты. ЕАЭО нарығындағы тауарымыздың көп бөлігі – шикізат. ЕАЭО ішіндегі де, әлемдік нарықтағы да жағдайымыз да шикізатқа байланысты екен. Бұл факторға ЕАЭО пен әлемдік нарық ешқандай әсер ете алмайтын көрінеді. ЕАЭО, әлемдік нарық тәрізді тауар, қызмет, жұмыс күші мен капиталдың еркін айналымы. «Қазақстан экономикасынының өсіміне әсер ететін фактор әлі ЕАЭО-да қалыптасқан жоқ», –дейді Вячеслав Додонов
Мемлекетаралық тауар айналымында импорттың үлесі көбейген сайын ұлттық валютамыздың позициясы әлсірей беретіні белгілі. ЕАЭО-қа бізбен бір мезгілде мүше болған Ресей мен Белорусь экономикасы мен біздің елдің жағдайын салыстыруға мүлдем келмейтінін, олар одақтың табалдырығын дайын өнімдерді импортаушы ел мәртебесінде аттағанын айтады: Ал біздің елде 2010-2014 жылдарға арналған «Импортты тауарларды алмастыру» бағдарламасы бар екенін Үкімет мүшелерінің өзі ұмытып кеткен сияқты.Бұл құжатты бізбен бірдей қабылдаған Ресейде бұл мәселе күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ.
Экономист Мырзакелді Кемел сол бағдарлама ішкі нарықтағы отандық өнімдермен 30-50 пайызға дейін қамтамасыз етуді басшылыққа алғанын айтады. «Қазақстандық өнімдердің ішкі нарықтағы үлесі әлі күнге дейін 12-15% төңірегінде қалып отыр. Бұл фактор біздің ЕАЭО –дағы үлесімізге кері әсер етіп отыр», – дейді Мырзакелді Кемел.
Мырзакелді Кемел мемлекеттер арасындағы сауда-саттықтағы құны миллиардтарға бағаланған көрсеткіштерді мақтаныш көру кешегі күннің еншісінде қалғанын айтады: Әлемдік тренд – «біз жан –жағымыздағы елдерге қандай дайын өнімдер саттық?» деген көзқарасқа басымдық бере бастапты. Егер, мәселеге осы тұрғыдан келсек, мемлекетаралық сауда саттықта жүзіміздің пәс болып қалатыны анық. Ресми статистика бойынша ҚХР бізге 2 млрд АҚШ долларына техника мен киім -кешек, ал біз 16 млрд АҚШ долларына шикізат мұнайы мен табиғи кен байлыгын, азық -түлік өнімдерін экспорттаппыз. Сауда айналымы 18 млрд АҚШ долларына жетті деген деректін корсеткіші осы. Ресми дерекке ілінбей қалган миллиардтарды есептегенде бұл көрсеткіш еселеніп кетуі әбден мүмкін.
«Тек Қытай немесе ЕАЭО нарығы емес, әлемдік нарықта Қазақстанның экспорттық әлеуеті шикізаттык деңгейден көтерілген жоқ. Бұл фактор ЕАЭО-тағы позициямызға кері әсерін тигізіп жатыр. Ресей президенті Владимир Путин бізге Украинаға дәліз ашуға рұхсат беруі арқылы бұл одақтың билігі Ресейдің қолында екенін көрсетті. Ресейдің Өзбекстанмен ортақ шекарасы жоқ. Бізге де өз дәліміз арқылы еуропаға өзбек дәлізін ашатын кез келді. Мұндай дәлізді қазақ жері арқылы ашу ашу өзбекке де тиімді. Біз Өзбекстан бизнесімен интеграция арқылы экспорттық позициямызды күшейтуге болады. Бұл үшін өзбек кәсіпкерлерімен біріп, дайын өнімдер шығаратын кәсіпорындар салуға кірісу керек. Өзбек нарығын зерттейтін орталықтар ашу керек» , – дейді Мырзакелді Кемел.
Экономикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, бізге қандай да бір одақтың керегі жоғын саясаттанушылардың бәрі айтады. Кез-келген одаққа кіру үшін мемлекет ең алдымен, ішкі факторларды зерттеп, негіздеу керек. Сыртқы факторларды қосу қажеттілігі туындаса ғана басқа елдермен одаққа қосылуға болады екен.
«Қазақстанның ішкі факторлары ескерілмей қалды. Бұл біздің экспорттық әлеуетімізге кері әсерін тигізді. Қазір одақ саясаты тек Ресейдің ішкі факторына ғана негізделген. Біз Ресей факторын сыртқы мүмкіндіктермен үйлесіп кетуі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл біздің экспорттық әлеуетімізге кері әсер етіп жатыр», – дейді Мырзакелді Кемел.
Сарапшылар «ЕАЭО Қазақстанның экономикасына кері әсер етіп отыр» болжам жасауға әлі ерте екенін айтып отыр. Мысалы Қазақстанның транзиттік әлеуеті арқылы ҚХР мен Еуропаға өзбек терезесін ашуы ЕАЭО шартына сәйкес келе береді екен. Мысалы, Ресей Федерациясы біразға дейін одаққа мүше емес елдер арасындағы елдермен тауар айналымына шектеу қою туралы ұстамға басымдық беріп келген еді. Апта басында көрші ел өз территориясы арқылы Украинаға жүк транзитін тасымалдауға рұхсат берді. Енді авто және теміржол магистралы арқылы жүк тасымалдауға мүмкіндік беретін құжаттар дайындалып жатқан көрінеді: Қ»азақстан, осы мүмкіндікті пайдаланып, Өзбекстан транзитін Белорусь пен Украинаға ұсынуға болады. Өзбекстан мен Ресейдің байланысы дұрыс. Бұл Қазақстанның ЕАЭО-тағы позициясын күшейтетін фактор» , – дейді Мырзакелді Кемел.
«Energyprom» мониторингтік агенттіктің сараптамасына сүйенсек, 2017 жылдың бірінші жартысында Қазақстанға Өзбекстаннан 393,3 миллион АҚШ доллары тұратын тауар импортталған. Ол тізімде азық-түлік тауарларынан бөлек, тізімде өндірістік өнімдер де бар. Ал Өзбекстанға Қазақстан импортының негізгі басым бөлігі – бидай. Өзбек ағаларымыздың өз бидайымыздан ұн, нан өнімдерін дайындап, өзімізге импортауға ниетті екенін осы көктемде Ресей және Орталық Азия елдерінің «Нан өнімдері » форумында байқап қалып, амалсыздан басымызды шайқағанбыз. Демек бізге өзбек те оңай бәсеке болмайын деп тұр.
«Өзбекті бәсеке ел деп танып өзімізден алыстатқаннан, «бауыр» деп жақын тартып, әлеуеттерімізді бірге пайдаланған тиімді бізге. Осы айда қазақсандық «Халық банк» Өзбекстаннан филиалын ашуға ниетті екенін айтты. Банк бет бұрса, бизнестің айы оңынан туады. Түркістан облысының Өзбекстанмен шектесіп жатқан аудандарында жыл аралатып болса да екі елдің президенттерінің қатысуымен бизнес-форумдар ұйымдастырсақ, өзбек бизнесінің әлеуетін жақыннан тануға мүмкіндік туады. Бізде бар зат Өзбекстанда жоқ. Өзбекстанда бар тауар бізде жоқ. Егер, сауда динамикасында осы факторды бір-бірімен үйлестірсек, екі жаққа да тиімді болады» , –дейді Мырзакелді Кемел.
Көрші елдің ұзақ жылдар бойы жабық есік саясатын ұстанса да шикізаттық емес секторына сызат түсірмеген ел екенін саясаттанушылардың бәрі айта айтады. Саясаттанушы Расул Жұмалы ЕАЭО – Ресей позициясы АҚШ пен Ресей президенттерінің соңғы кездесуінен кейін белгілі болып қалғанын айтады. Қазақстан мен Украина транзитіне Ресейдің рұхсат беруі АҚШ пен Ресей арасындағы санкциялар теке-тіресінің бетінің қайта бастағанын көрсетеді. Саясаттанушылардың айтуынша, бұл келісім Ресейге Батыс пен АҚШ-тың бетін бері қарату үшін ғана керек болған көрінеді. «Ресейдің ЕАЭО шеңберінде үшінші елдермен интеграциялық байланысты шектеу туралы талабының өзі заңсыздық. Себебі ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық байланыстар туралы соңғы шешім 2025 жылы қабылданады. Сондықтан, Қазақстанға Өзбекстанмен арада келісімшарттар жобасын жасап, екі тарапқа да пайдалы ұсыныстарды одақ комиссиясы назарына ұсынуға болады » –дейді Расул Жұмалы.
Осы ретте, Расул Жұмалы, ЕАЭО-тағы ірі және ұзақ мерзімді жобалардың басым көпшілігі Ресейдің көзқарасы мен мүддесіне қызмет етіп келгенін айтып өтті. Біздің ел осы одақ шеңберінде Ресей және Қырғызстанмен ортақ шекарасы бар. 2017 жылғы дерек бойынша, одақ шеңберіндегі сауда көлемі 17. 3 млрд АҚШ доллары болса, соның 90 пайызы Ресей Федерациясы үлесінде екен. Демек біздің елдің экспорттық әлеуеті көрші елге көбірек тәуелді болып тұр.
Расул Жұмалы сөз арасында ШЫҰ –да Ресеймен бірге Қытайдың ЕАЭО жобаларын біраз уақытқа дейін тоқтата тұруға мүдделі болып келгенін тілге тиек етіп өтті. Қытайдың ШЫҰ- на мүше елдер арасында Еркін сауда аймағын құру туралы ұсынысы әлі күшінде. Бұл ұсыныс көпшілік дауыспен қолдауға ие болса, ЕАЭО-тың ұйымға мүше емес мүшелері Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстанның біздің елмен сауда –саттығында кедендік баж салықтары алынып тасталады. Расул Жұмалы Қытайдың бұл ұсынысы Ресейдің мүддесіне сәйкес келмейтінін, көрші елдің Орталық Азиядағы бес елдің бірігіп кетуіне барынша жол бергісі келмейтінін айтады. Бұған дейін де Орталық Азиядағы интеграцияны дамытуға қатысты қадамдар жасалғанын, бірақ соның аймақ елдерінен қолдау таппай, тығырыққа тіреліп келді. 2002-2005 жылдар аралығына дейін шығар-шықпас жаны бар болып келген Орталық Азиядағы интеграциясы әуелі Кеден одағы, соңынан ЕАЭО-қа жұтылып кетті. «Соңғы уақытта Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамыту туралы ұсыныстарды Өзбекстанның өзі қозғайтын болды. «Өзбек президентінің Орталық Азиядағы интеграция кілтін Ташкент пен Астананың жанға жайлы кабинеттерінен емес, ауылдан іздеуі біздің де оң жамбасымызға сай келіп тұр. Өзбекстанның ұсынысын қабылдасақ, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің бизнестік климаты жақсарып, жұмыс таппай жүрген қолға күрек табылады», –дейді Расул Жұмалы.
Расул Жұмалы Орталық Азиялық субьектілерді күшейту біздердің елдеріміздің егемендігіне кері әсер етпейтінін, субъектілердің ұлттық қауіпсіздігін күшейтуге ықпал ететінін айтады. Басқаша айтқанда Орталық Азияда даму көрсеткіші бір деңгейде келе жатқан елдердің орталықтануға ұмтылатын кез келді. Бұл олардың әлемдік нарықтағы экспорттық әлеуетін, шебін нығайтады.
«Өзбек президентінің Ресей, Қытай сияқты үшінші бір елдерге жалтақтамай аймақ мәселесін реттеу туралы мәлімдемелерді ашық айта бастады. Енді Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан ШЫҰ аймағында еркін экономикалық аймақ құру мәселесінде Қытайға қолдау білдірсе, ҚХР немесе Батыс, Еуропа елдеріне өзбек терезесі қазақ жері арқылы ашылады. Бұған дейін Өзбекстан өз өнімдерін Қазақстанның теңіз қақпасы арқылы Еуропа нарығына шығаруға ниетті екенін атйқан. Бұл фактор біздің экспорттық шебімізді нығайтады –дейді Расул Жұмалы.
Гүлбаршын Сабаева.