Төрткіл дүниеге аты мәшһүр тұлғалардың өмірі жөнінде адам сенгісіз әңгіме көп. «Ұлы адам болған соң, сыртынан тон пішіп, жақсылы-жаманды айтыла беретін желбуаз сөз» ғой деп өзіңді сендіргің келгенмен, сол алып-қашпа сөздердің арғы жағында мысқалдай болса да шындық жатқанын сезінгендей боласың. Мәселен орыстың ұлы ақыны Пушкин жөнінде қолына қалам ұстағандардың тілге тиек етпегені жоқ. Ол өз алдына жеке әңгіме. Біздің қаламға ермек болған Пушкинге байланысты алып-қашпа зерттеулер. Өйткені «Пушкин дуэльде өлген жоқ. Ресей империясынның Франциядағы шпионы болыпты-мыс» деген сөздің түп-төркініне үңілу. Сонымен «Пушкин нағыз ақындық шабыты оянып, желпініп тұрған шағында Дантэстің атқан оғынан емес, қартайып, ақ шашты, сары тісті болған кезінде қайтыс болыпты» деген қазіргі орыс зерттеушілерінің (Пушкиннің арғы бергі өмірін ақтарып, сенсация іздеп жүргендердің) жазбаларына кезек берелік.
Қазір Александр Пушкин мен француз Александр Дюманы бір адам деп жүргендер де көп. Олар екеуінің де түбі африкалық екенін, түрлерінің ұқсастығын, көк көзді, бұйра қара шашты еуропалықтарға ұқсамайтын кескінді екендіктерін, екеуінің Ресейге, Францияға, Кавказға және Наполенге қызығушылықтарын, сонымен қатар декабристер жөнінде жазғандарын алға тартады. Бұл аз десең, екеуі де қатынқұмар жүргіш еді деседі. Қарап тұрсаң, екі ұлы тұлғаның бір-біріне ұқсастығы өте көп. Иланбасқа болмайды. «Сол тұста бір-біріне дұшпан болған екі мемлекетте өмір сүрген екі тұлға қалайша бір адам» деген сауалға жауап ізделік. Ресей басылымдарында жарық көрген жазбалар былайша сыр шертеді. Әдебиеттегі екі алыптың арғы тегі – африкалық. Мәселен Пушкиннің арғы атасы, Дюманың апасы қара нәсілділер тұқымынан. Пушкин өз тұсында «Современник» журналын шығарса, Дюма «Мушкатер» атты журнал шығарып тұрған. Былайша айтқанда «Пушкин» деген. Мушкет – француздар ұстаған мылтықтың ескі атауы. Демек пушкінің (қазақша атауы зеңбірек) арғы атасы деуге болады. Екеуі де мемлекеттің тарихына көңіл бөлген, шығармаларының дені сол жайында. Александр Пушкин математикадан қақпаған. Білімі өте нашар. Өте жанжалқой, қызба мінезді, көрсеқызар, ойпыл-тойпыл жан болған. Тәртіп дегенге мойынсұнбаған, өз бетінше жүріп-тұрған. Рас, әдебиетке деген сүйіспеншілігі ерте оянған. Сондай-ақ қатынқұмарлығында шек жоқ. Әйелі Наталияның әпкелерін де өзіне көңілдес жасап алған.. Ал Дюма жайында Андре Моруа былай дейді: «Дюма қызба қанды адам еді. Бойынан күш-қуат асып-төгіліп жататын. Мұны көпшілік тегі қара нәсіл болғандықтан деп жататын. Қыз-қырқынға бүйідей тиетін. Жүргіш еді. Таланты әйдік адам. Оның жазғандарымен Еуропаның «мен» дейтін жазушылары тең келе бермейтін. Бір қызығы, ол есепке шорқақ еді. Бірді бірге қосқанан гөрі, оған әйелдің жүрегін жаулап алу оңай болатын». Міне, ұқсастық бар ма, бар. Енді мынаған назар аударалық.
Пушкин Дантеспен жекпе-жекке шығып, ол атқан оқтан қансырап өлген. Бұл ресми дерек. Шындығында олай болмаған. Жекпе-жек болды ма, жоқ па, әлде бұл солай ойластырылған қулық па? Пушкин өлген соң, туғандары жатқан молаға емес, оны неге қараңғы түнде, орманның бір бұрышына факелдің жарығымен ым-жымсыз көме салған. Жаназаға әйелі де, туған-туыс, таныс-дос-жарандары да қатыспаған. Ажалдың неден келгенін тексерген дәрігерлер неге оның денесінен Дантес атқан оқты таппаған? Тіпті оның өлімі жөнінде нақты тіркеме де жоқ. Пушкин өлген соң, біразға дейін оның қазасы жайлы, тіпті оның өзін атауға тыйым салынған. Бұл не жұмбақ? Орыстың ұлы ақыны неге аяқасты елеусіз қалды?Дәл сол тұста бұл ешкімнің ойына да келмеген болар. Қазір осы жұмбақ қаза зерттеле бастады. Неге иісі орыс алақанға салған ұлы ақын қараңғы түнде жұмбақ күйінде көміле салды? Неге салтанатты түрде жерленбеді? Мұның арты қайда жетелейді?
Мына қызықты қараңыз. Сол кездегі патша Николай І Пушкинді ерекше құрмет тұтып, қажет жерінде көтермелеп отырған екен. Қай заманда да ақындар асып-тасқан бай болмаған ғой. Пушкин де сол, көп жарлы ақынның бірі. Өлген соң артында қалған қарызын Николай І жауып беріпті деседі, ескі дерек. Бәз бірі «Пушкин емес, оның жесір қалған сұлу әйеліне патшаның көңілі кетті. Қарызды сол үшін жауып беріпті» деседі. Мейлі ғой, сұлудың сұмдық болатыны белгілі.
Тағы бір мысал. Сол тұста Ресей патшасы Еуропада өте мықты тыңшылық жүйе құрған. Бұл тарихтан белгілі. Онда Ресей үшін көптеген ұлы тұлғалар қызмет еткен. Мәселен, И.С. Тургенев, Ф.И. Тютчев т.б. Франция мен Ресей бір-біріне жаулық көзқараспен қараған тұс. Францияның тыныс-тіршілігін, ішкі-сыртқы саясатын бақылап отыратын, билікке жақын тұлға табу қажет болды. Оның үстіне 19 ғасырдың отызыншы жылдары Францияның тарихын жазатын қаламының қарымы бар жандар Франция үшін қажет еді. Оларға құпия мұрағаттарға кіруге де рұқсат етілді. Ондағы осы елдің құпия жоспарлары, стратегиялық бастамалары бар болатын. Тарихты жазатын адам соған қол жеткізбек. Бұл хабар ақ патшаға да жетті. Қайтпек керек? Өйткені ата жауы француздарды тұқырту ақ патшаға керек-ақ. Осы тұста Николай І Пушкинді пайдалануды жөн тұтты. Өйткені талантты ақын, алғыр жазушы патшаның көкейіндегі адамына дөп келіп тұр еді. Францияның құпия мұрағаттарына кіру үшін, атақты ақын Пушкин кенеттен қазаға ұшырап, «із-түссіз» жоғалуға тиіс болды. Солай жасалды да. Әйтпесе Пушкин екі күннің бірінде әр кіммен ілігісіп қалып, оларды дуэьге шақырған емес. Дантес арасындағы қақтығыс сондайлық адам өліміне баратын жанжал емес, сарай маңында болып жататын көп даудың бірі болатын деседі, зертеушілер. Демек Ақ патшаның атақты ақынды тыңшы ретінде пайдаланды дегені аз да болса ақылға қонатын сықылды. Пушкин қаза болғасын көп ұзамай, Францияда тарихты жетік жазатын жас әрі таланты жазушы пайда болды. Ол тез танылды, биік баспалдақтарды жедел бағындырды… Генерал Дюма екі жыл тұтқында отырып шыққан соң, содан оңала алмады. Қаза болды. Әйелі өте кедей өмір сүрді. Ақыры ол да дүниеден өтті. Сонымен Дюмалардың әулетіне нүкте қойылғандай болған. Бірақ арада жиырма жыл өткен соң, шашы бұйра, көгілдір көзді, қара торы әдеміше жігіт пайда болды. Өзін жұртқа «генерал Дюманың артында қалған баласымын» деп таныстырды. Бірі – сенді, бірі – шырай бермеді. Әрине көпшілік генерал Дюманың жартылай қара нәсілді ұлы бар екенін білетін. Әкесі дүниеден өткенде бар жоғы екі-үш жаста болатын. Бірақ оны Парижде алшаң басып жүреді деп ешкім ойламаған.
Жесір әйел қайыршының күнін кешіп, аштан бұралып өлгенде қоса шетінеп кеткен болар деп жоситын жұрт. Тіпті олардың бар-жоғын жұрт баяғыда-а-аа естен шығарған. Бірде Парижде Дюманың ұлы пайда болды. Аты –Александр. Аса талантты. Келді де көркем шығармаларды төгіп жаза бастады. Тез танылды. Атақты тұлғаға айналды. Оның жазғандарын жұрт іздеп жүріп оқитын болды…. Міне Александр Дюма Францияны осылай бағыдырды. Бұл кім? Баяғы ақ патша тыңшылыққа жіберген Пушкин бе, әлде басқа ма? Бар дау осы жерден басталып тұр. Аяқасты қайдан келген талант? Осы уақытқа дейін қайда жүрген? Демек Александр Дюма дегеніміз, Александр Пушкин емес пе? Қай жағынан алсақ та, ұқсастық көп. Мәселен, Ұлы Карл жайлы екі адам ғана жазды. Бірі – Пушкин «Қанжар» деген өлең, Дюма – «Карл-Людвиг Занд» деген новелла. Пушкин Кавказ жөнінде «Кавказ тұтқыны», ал Дюма бірнеше кітап арнады. Зерттеушілер Дюманың «Учитель фехтования» деген шығармасына да үңілуде. «Мұны Дюма жазуы мүмкін емес. Ол Ресейде болған жоқ. Декабристердің өмірін қайдан біледі? Оны декабристермен араласқан, олардың өмірі жайында егжей-тегжейін білетін жан ғана саралап, салмақтап жаза алмақ. Демек Дюманың Пушкин екені осы жерде тағы бір көрініп тұр. Өйткені Пушкин декабристермен дос болған, араласқан жан» деседі зерттеушілер. Тіпті олар ұлы ақын «Евгений Онегин де» өзінің қалай өлетінін алдын ала жазып қойған деседі… Әрине қаза берсең орыстың ұлы ақыны Пушкин жайлы алыпқашпа әңгіме көп. Бірақ қайсы дұрыс, қайсы бұрыс екеніне әлі ешкім нүкте қойған жоқ. Өйткені ақынның ешқандай жақын туыс, дос-жараннан тыс жұмбақ жағдайда жерленуі, оның атын атауға тыйым салынуы, араға көп уақыт салмай Пушкиннен аумайтын жаңа бір таланттың Франциядан жарқ етіп көрініп, ғажайып туындылар жаза бастауы зерттеушілердің көңілін жай таптырар емес… Тіпті Пушкин өлген соң оның өз қолымен жазғандарын жоқ етіп, тек көшірмелердің қалуы, сол секілді Дюманың да қолтаңбасы қалған парақтар белгісіз жағдайда жойылуы тағы бір жұмбақтың шетін қылтитады…