Home Жаңалықтар Бүгін Ораз-Мұхаммед, ертең Көшім хан…

Бүгін Ораз-Мұхаммед, ертең Көшім хан…

53

Ресей Федерациясының Рязан облысы Қасым қаласында Жошы ұлысынан шыққан Ораз-Мұхаммед сұлтанға мемориалды тақта орнатылады  дегенді әлеуметтік  желілердің  бірінен  оқып  қалдым.  Әрине,  қуанышты  хабар. Қаны  қазақ  алаштың бір  ұлының Ресейде  ескерткіші тұрғызылып,  ұлықталып  жатса, жаман  ба?

Қасым хандығын басқарған Ораз-Мұхаммед сұлтанға ескерткіш тақта орнату идеясының авторы – Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов екен. Ұлтым  дейтін  азаматтың  тірлігі. Разымын.  Ораз – Мұхамед кім  деп,  тарихқа кішкене  шегініс жасайтын  болсақ, Ораз-Мұхаммед сұлтан Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханның тікелей ұрпағы, Тәуекел ханның інісі Ондан сұлтанның ұлы.  « ..хан тағына отырған Тәуекел бабасы Қасымның кезіндегі мемлекет аумағын қалпына келтіру мақсатымен ноғайларға және қалмақтарға өзінің жақын бауырларын билеуші етіп тағайындады. Міне, осы кезде башқұрт жерімен шектесіп жатқан байырғы қазақ руларының аймағын өзіне қарату үшін сонда біраз нөкерлерімен Ораз Мұхаммед жөнелтілді. Оның мақсаты шайбандық Көшім хан әулетінен Сібір жеріндегі билікті тартып алу еді. Осында келген соң Ораз Мұхаммед Көшімнің бақталасы Бекболатұлы Сайд Ахмедпен тіл табысып, бірікті. Алайда бұлардың бірлескен әрекеті ұзаққа бара қоймады. 1588 жылы аң аулап жүргенде Сайд Ахмед пен Ораз Мұхаммед өздерінің нөкерлерімен бірге орыс жасақтарының қолына түсіп қалды. Тұтқындардың кімдер екендігін анықтау барысында орыстардың жасағын басқарушы воевода Д.Чулков Ораз Мұхаммедтің қазақ ханы Тәуекелдің жақын бауыры екендігін білді. Осыдан соң орыстар сұлтанды өзінің серіктерімен бірге Мәскеудегі орыс патшасына жөнелтті» деп  жазады  тарихшы Талас Омарбеков.

Ораз-Мұхаммедтың  одан кейінгі  өмірі белгілі. Орыс патшасы Ораз Мұхаммедті өз қол астындағы мұсылман жасақтарына қолбасшы етті. Ол шведтерге  және Қырым  хандығына  қарсы  соғысқа қатысты. Патшаның сенімін ақтады. Өзінің сенімді адамына айналған Ораз Мұхаммедке орыс патшасы 1600  жылы Қасымов қаласын айналасындағы аймақтарымен қоса сыйлап, оның өзін осында хан тағына отырғызды. Осылайша  елден жырақта  жүрген Ораз Мұхаммед жиырма  жасында хан  тағына  отырды. Мәскеуде  өтетін  барлық  салтанатты  іс-шараларға  қатысты. Алайда орыс патшасының  тағына  отырған  басқа  біреу Ораз – Мұхаммедке  сенімсіздік  танытып  қапылыста  өлтіргені  тарихтан  белгілі. Енді араға  талай  ғасырды  салып, әділеттілік  қайта  орнап  жатыр. Ораз-Мұхаммед  өзі  хандық  құрған Қасым  қаласында  тас  тұғыры  тұрғызылмақ.  Айта кетер бір  жайт,  өткен  қазан айында  ғана Қазақстанда Ораз-Мұхаммед сұлтанның туғанына 447 жыл толуын атап өтілген  болатын.

 «Сақалына сары шіркей ұялап, Миығына қара шыбын балалап, Қазақтың басы қайда қалмаған»   деп баяғының  жыраулары  айтпақшы,  расында   алаш  ұлдарының сүйегі қайда  қалмаған. Бір  мысал,  өткен  ғасырдың  басында ұлт  үшін күрескен алаш  ұлдарының  басым көпшілігінің сүйегі Ресейдің Қиыр шығысында,  Сібір  ормандарында, Солтүстік  суық аймақтарында  қалғаны  белгілі. Кейбірі болмаса,  көбі іздеусіз,  ізсіз қалды. Тәуелсіз ел  болғандықтан соларды іздеу, табу, бастарын  қарайту  мемлекетіміздің  міндеті.

Ал,  Ораз-Мұхаммед сұлтанға  байланысты игі  тірлікті,  сырт  жерде  жүріп  шейт  болған  боздақтарымызды   ұлықтаудың  басы  деп  білген  жөн. Осы  жерде айта кететін бір  жайт,  ОразМұхаммед  барған  Көшім  хандығы жөнінде. Көшім  хан  қазаққа  бөтен  емес. Тумаласы. Сібір хандығы жөнінде қазақ тарихшыларының жазғаны татымсыз. Неге? Өкініштісі, тәуелсіздік алып, өз қолымыз өз аузымызға жетсе  де, Ібір-Сібірді  мекендеп, аумағына Еуропаның бірнеше ірі мемлекеті сыйып кететін территориясы бар ірі хандық құрған Көшім ұлысы жөнінде айтқанда дауысымыз құмығып шығады. Неліктен? Әлде Көшім хан мекендеген аумақ Ресейге қарап қалған соң, Мәскеудің ызғарынан, Кремльдің көлеңкесінен  қорқасоқтаймыз ба? Мүмкін. Алайда, қоңсылас отырған елдердің қас-қабағына қарап, ата тарихымызды күресінен аршып ала алмайтын болсақ, не  болғанымыз? Тіпті қазақ хандығының 550 жылдығында да осы Көшім хан  ауызға алынбады. Бөтен бір елдің тарихы сынды кері ысырылды. Ақиқатқа тура қарар болсақ, осы Көшім хандығы емес пе еді, Ресей патшалығының Қазақстан мен Орта Азияға шапқыншылығын ғасырға жуық бөгеген. Олай болса Көшімді неге дәріптемеске?  Көшім ханның қоластындағы жұрттың 70 пайыздан астамы қазақ  рулары еді. Осы Сібір хандығы патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлауын 100 жылға кейін шегерді. От қарумен жарақтанған Патша жасақтарына тас қамал болып қарсы тұрды. Күресті. Алысты. Қырды. Қырылды. Жеңілді. Тарих сахнасынан сырғып түсіп қалды. Бірақ артына Көшім хандығы, Сібір  хандығы деген әфсана тастап кетті.

Ең бастысы Көшім тек  өз хандығын ғана емес, бүгінгі қазақ даласын да қорғағаны  анық. Өзі  бар, ұрпағы бар жүз жыл азаттық соғысын жүргізді. Ол – Ұлт-азаттық қозғалыстың  басты тұлғасы. Оны жоққа шығаруға болмайды.

Сол Көшім басқыншылармен айқасып, жан беріп-жан алысқан өңірде бүгінде қазақтың бас ордасы НұрСұлтан  орын тепкен. Кім не десе де, қалай айтсақ та, Көшім қазаққа жат емес. Көшім  хандығы қазақ тарихының бір бөлігі. Егер осылай деп танитын болсақ, онда Көшімге солтүстіктегі облыстардың бірінде не болмаса Нұр-Сұлтан шаһарының қақ төрінен  ескерткіш ашып, көшелердің атын беретін кез келді. Өйткені ұлы рухқа тағзым ету бүгінгі ұрпақтың парызы. Қысқасы қаны  қазақ Ораз-Мұхаммедке  Ресейдің  Қасым  қаласында, ал  Көшім ханға  елордамызда  ескерткіш  тұрғызып,  тарихи  әділеттілікті  қалпына келтіріп  жатсақ, несі айып?

Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ»  экологиялық  альянсының  төрағасы,  Ұлттық  қоғамдық  сенім кеңесінің  мүшесі

 

Алдыңғы жазбаБүгін Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толды
Келесі жазбаАзаматхан Әміртай: «Саяси дағдарыстарды жеңу үшін жаңа партиялар керек!»