Home Руханият «АТАУ-КЕРЕ» РОМАНЫ: ҚАЗАҚ ПЕН ОРАҒАҢ

«АТАУ-КЕРЕ» РОМАНЫ: ҚАЗАҚ ПЕН ОРАҒАҢ

3103

Қазақ әдебиетін көзінің тірісінде-ақ әлемге әйгілеген ұлт тарландарының бір шоғыры еске түскенде, сөз басы Оралхан Бөкейден басталары анық. Өйткені, туған елінің әдебиетін әлденеше асуға арқалап апарып, әлемдік деңгейдегі әдеби шыңның басынан қоныс әперген де осы Орағаң болатын.

Аз ғұмыр кешсе де, құдіретті Уақыттан мәңгілік өмірді еншілеп алған жасампаз жазушы жайлы Марат Қабанбайдың мына пікірі дәл бүгін ойға оралады: «Цензураның мың ширатылған қызыл жіптерімен қол-аяғы мықтап байланған Оралхан Бөкей кеңесті кемсітудің жолын дәл тапты: ол-қазақты биіктету, рухын ояту. Қаламгер сондықтан да кітаптан кітапқа қазағын Алтайдың төріне өрлете берді. Ең аяғында өзі де қасқа құлынын жетектеп, қар жамылған Мұзтаудың ұшар биігінде күнге қасқая қарап, Кербұғыдай қарысып тұрып қалды. Мәңгілікке!» [1]

.           Мұзтаудың мұзбалағы, елінің еркіндігін аңсап өткен Кербұғы-қаламгерге кеңестік цензура тұсау болса да, суреткердің  талантына, астарлап, әдіптеп, бөлек жазу табиғатына кедергі бола алмады. Сол себептен де өмірден озғанына отыз жылдың жүзі толса да, Оралхан Бөкейдің шығармалары жаңа ғана жазылғандай болып, қазақ қоғамының күйініші мен сүйінішін, азабы мен ғажабын бай болмыспен өрнектей береді. Заман жазушымызды жеңе алмады, керісінше суреткер ағамыз заманынан асып кетіп, Ұлы Уақытты жеңіліске ұшыратты.

Оралхан Бөкей туралы әр жылдарда көп айтылып, көп жазылып жүр.  Тәуелсіздіктен кейінгі ұлт әдебиетінде Орағаңның мұрасына тың көзқарас ауадай қажет. Өйткені, Оралханды тану-қазақтың бүгіні мен ертеңін тану деген сөз.

Бүгінгі зерттеу мақаламда Оралханның  «ұлтым» деп  еміренген ет жүрегінің әр лүпілінен ақ қағазға көркем сөз болып төгілген «Атау-Кере» романын әр қырынан талдамақпын.

Біріншіден, бұл роман арқылы Оралхан Бөкейдің терең пәлсапа иесі ретіндегі көрегендігі, тіпті тұтас ғасырларды болжай білген сәуегейлігі көзге ұрады. «Қауіпті будан» деген екінші ауыр, әрі тағдырлы  атауды арқалаған туынды ұлт мүддесіне толық сай келіп, халықтық деңгейге көтеріліп  отыр.  Профессор, әдебиеттанушы-ғалым Зәки Ахметов өз еңбегінде: «әдебиеттің халықтығы деп  шығарманың халықтың тілек-мүддесіне толық сәйкес келер идеялық-көркемдік сапасын айтамыз. Шынайы халықтық әдебиет заманның ең озат арман-мұраттарын бейнелеп көрсетеді,»-деп талдаған.  [2].

«Атау-кере» романы тақырыптық-идеялық тұрғыдан да, көркемдік бедер орайынан да халықтық қасиетке бай. Мұнда философ  жазушы өз халқының келер ғасырларда зар еңіреп, ащы зарын татар будан ұрпақ тақсіретін басты мәселе етіп көтеріп отыр. Романда бұл ұрпақ будандастығы туралы ашық айтылған бірде-бір сөз жоқ. Шебер жазушы өз шығармасының бүкіл идеясын «қасиетті мұнармен» тұмшалап  тастаған. Америкалық қауіпті будан аралар символдық бейне есебінде алынып, одан адам буданы тақырыбы тереңдей түседі. Сырт көзге будан аралар негізгі оқиға желісіне қатысы жоқтай көрінеді. Алайда  дәл осы символдық бейне-будан аралар арқылы романның басты мәйегі-ұлттың  будандасуы, жүрегі жасанды, жүзі суық қатерлі ұрпақ бой көтеріп келе жатқандығы паш етіледі.

Басты кейіпкер Ерік-аралас некеден туған кісікиік жан. Кеңес кезінде «интернационалдық  отбасы құруды қолдаймыз» деп қолпаштаған қызыл саясат осылайша қазақтың текті тамырын жоюды көздегені анық. Ойшыл қаламгер өз шығармасы арқылы сол кеңестік қызыл саясатқа шығармасы арқылы қарсы жауап беріп отыр. Осыдан келіп «Атау-кере» романының халықтық құны уақыт өткен сайын арта түседі.

Ой тұңғиығының маржанын өзіндік тілмен сөйлеткен ұлтжанды жазушы қазақтың қасіреті тегінен, тарихи төркінінен ажырап, будандасумен болашағы буалдырланған жасанды ұрпақта деп білген. Жазушының көрегендігі сонда-ол тәуелсіздік алған қазағының баяғыдағыдай қаймағы бұзылмай отыра алмайтынын, аралас некенің өршіп, отбасылық құндылықтардың әлсіреп, ақшаның соңына түскен зымыстан заман орнайтынын дәл болжағаны.

Қазіргі қазақтың, қала берді дүние жүзінің ең басты қасіреті-адам баласын табиғи жолмен емес, шыны түтікте қолдан ұрықтандыру арқылы жасап отырғаны. Жасанды ұрықтандыру орталықтары еліміздің түкпір-түкпірінде бой көтеріп, «әлдекімдердің» күреп ақша табар табыс көзіне айналып отыр. Еліміздегі ең алғаш эко арқылы дүниеге келген   бала бүгінде жиырма беске толды. «Тексіздік құрты» қасіретіне тұншығып қазақ отыр. Бұл «жасанды ұрпақ өрбіту» үрдісіне ешбір заңмен тыйым салмай, қоғам үнсіз отыр. Ал мұндай тегі белгісіз, өткені қараңғы ұрпақтан нендей қайыр күтуге болатынына ойшыл  қаламгер Ерік бейнесі арқылы жауап беріп отыр.

Роман соңында Еріктің сонаға айналып,  ат жетектеген сұлу қыздың қамшысынан өлетіні қалың оқырманға  мәлім. Бұл орайдағы пәлсапалық  астар мынада: будан ұрпақ жібек сезім, ынтық көңіл, нағыз сүйіспеншілік атаулыдан ада, материалдық дүниені молынан жағалайтын, жан сұлулығын аңдауға қабілетсіз, тек сыртқы сұлулыққа тамсанып, сол жылтырға жету үшін жәндік деңгейіне түсуден де тайынбайтын төмен бейнеде келетіндігі. Еріктің бейнесін роман соңындағы шалдың бір сөзі түйіндейді: «Не орыс емес, не қазақ емес, өгей неме.»  Ерік қос ұлт өкілінің қаны араласуынан туғандықтан, әр ісімен өз қоғамына, тіпті өз отбасына «өгей».

ХХІ ғасырдағы ұлт қасіретін өзі өмір сүрген заманда-ақ жұмбақтап жазып, астары қалың айшықтармен өрнектеген Оралхан Бөкейдің философтық  тосын табиғатына тәнті болмасқа лаж жоқ. Орағаңның  ғасырларды көктеп өтер бұл көрегендігі ұлтына деген қамқорлықтан, қазақтың болашағына бар жан-жүрегімен қабырғасы қайысудан туған халықшыл мінезінде жатыр. Дәл осы себептен де жазушы өз қазағымен әрдайым бірге, оның қаламынан туған романы ұлтының улы жарасының емі дерлік дара деңгейде.

Екіншіден, «Атау-кере» психологиялық роман болып табылады. Шығармада адам өмірі, адам жанының бұлтарыс-қалтарыстары толыққанды суреттелген. Бір кейіпкердің жан әлемін ашу үшін суреткер өзге кейіпкердің аузына сөз салады. Кейіпкер әрекеті арқылы оның психологиялық бітімі ерекшелене түседі. Кейде авторлық баяндаулар арқылы  кейіпкер бейнесі толыға түседі.

Романнан бір сөйлем: «Тура жүріп, тура сөйлейтін Қандауырдың тым-тым қара қылды қақ жарған әділдігі тұқым қуалап, Ерікке жұға қойған жоқ-тын.» [3]. Әке жұртының асыл қасиеті қанына сіңбеген Еріктің психологиялық жайы осы бір сөйлемнен-ақ ашылып тұр. Автор өз кейіпкеріне еш жағдайда да араша түспей, оны оқырман талқысына аямай-ақ тастап жіберген. Осындай сан қатпарлы сезім мен жани иірімдерге толы табиғатымен романның психологиялық қыры байи түскен.

Анасының ұлына деген көзқарасы да психологиялық пайымға толы: «Ұлым менің әкеме тартқан пысық, қолы ісмер-ді. Бірақ…» Тегіне емес, жатырына тартып туған Еріктің психологиялық тұрғыдағы төменшік бейнесі «бірақ» сөзінен ұшқын алады.

Жазушының ұлттық пәлсападан негіз алған өзіндік философиясынан толымды болып туған келесі бейне-Таған образы. Суреткердің шеберлігі сонда-ол Таған бейнесін типтендіру үшін біржақты етіп, жартыкештендіріп қоймаған. Таған-екі әлемнің, ешқашан қиюласпайтын екі бөлек дүниенің қосындысы тәрізді. Оның бойында қарама-қайшылықтар тым көп. Таған образы-бар мен жоқтың, ақыл мен ессіздіктің арпалысынан туған алуан қырлы толық бейне. Бұл бейнені психологиялық тұрғыда мейлінше жіктеуге болады.  Егер Таған образын автор біржақты күйде оқыған, салиқалы адам ретінде ғана берсе, мұншалықты ұтымды болмас еді. Қаламы киелі жазушы Таған бейнесін өз жүрегінен, көңіл елегінен өткізіп, өміршең бейне деңгейіне дейін көтерген.

Сонымен қатар, романда жан-дүниесі ұқсас, жалпылама кіріктірілген  образдар жоқ. Әрбір бейне өз алдына бір төбе жасап, жеке-дара тұр. Айна-алыстан  бақыт іздемейтін, қақ-соқпен ісі жоқ, адамгершілік  ары, иманы жүрегіне түйілген қазақ әйелі. Оның әрбір әрекеті, сөйлеген сөзі осы психологиялық даралықты дәлелдей түседі.

Романның барлық кейіпкерлері қазіргі қоғамға жанды адам болып енсе, бірден өз «теңін», яғни, жан әлемі жақын бейнелерді тауып, сіңісіп кетер еді.

Ерік-будан ұрпақтың нышаны, дүниенің құлы. Таған-көкірек көзін шел басқан оқыған жанның шерлі бейнесі. Нюра кемпір-тәрбиеден қағажу етпеген жалғызының қаны сұйықтығынан зардап шеккен қарт адам. Айна-бақыт іздеп адасып, шын бақытқа жетер жолда көп азап көрген қарапайым қазақ әйелі. Психологиялық  дәлдікпен, ғажайып даралықпен берілген көркем образдардың толыққандылығы сонша, олар бүгінгі қазақ қоғамымен үндес сипат танытып отыр.

Оралхан Бөкей қаламынан кеше туып, бүгінгі қазақтың жан әлемін әдіптей бейнелеуімен де романның психологиялық құны қымбаттай бермек.

Бұл романды бүгінгі шақта «әдемі табиғат туралы, адамгершілік жайлы» деп үстірт атап жүрміз. Шындығында бұл роман психология, философия, әлеуметтану, саясаттану, әдебиеттану ғылымдарының бәрі бірдей ақтарып-төңкеріп зерттейтін  негізгі арқауына айналуға сұранып-ақ тұр. Аталған ғылым салалары әрқайсысы өз тарапынан қажетінше зерттеп шықса, сонда «Роман толық талданды, Оралханды қазіргі қазақ мейлінше таныды» деп ауыз толтырып айтуға болар еді.

Роман қазіргі қазақ психологиясының тамырына қан жүгіртерлік қауқарға   ие. Бүгінгі ұлт психологиясында ұлттық қасиет жоқ, шетелден алған  көшірме,  жаттың құйындылары ғана. Ене мен келіннің сыйласуы туралы психологиялық сараптама қажет болса, осы романды-ақ талдап ұсынса құба-құп.

Қазақ ешқашан отбасылық мәселеде бөтеннен кеңес сұрамаған. Оралхан жазушы бүгінгі қазақ үшін шешуі жоқ жұмбақ тәрізді болған ене мен келіннің сыйластығын, замандастардың қас-қабақпен ұғысуын, махаббаттың бүр атқан шынайы шағын  нанымды, оқырманына сенімді, реалистік  сипатта ұлылықпен ұсынып отыр. Тек сол ұлылықтан, тектіліктен бүгінгі қазақ баласы сусындай алса болғаны. Оралхан жазушы әр шығармасы арқылы қазағын ардақтады, ұлтын ұлық тұтты.

Орағаңның соңғы мақаласы  «Ошақ бұты-үшеу, жағар оты-біреу» деген атпен 1993 жылы 30 сәуірде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланыпты. Сол мақаласын қайран Орағаң, «қазағым» деп қалтқысыз қызмет еткен Орағаң мынадай сөздермен тұжырыпты: «… «жүз», «рушылдық» деген алып-қашпа сөзді азайтып, «ұлттық» деген ұғымды қалыптастырайық, соны насихаттайық, ағайын! Дүниеде өзі ауру болған соң, бүкіл әлем ауру деп ойлаудан қауіпті  де қатерлі не бар?»[4]. Соңғы сөзі «ұлттық мүдде», «ұлттық идеология» болған жарық жұлдыз жазушымыз бүгінде зерттеген үстіне зерттей беруді қажет етеді. Өйткені, Орағаң «қазағым» деп қанымен жазған, «қазағым» деп жанымен жазған. Сол  қанмен жазылған туындыларының ең бір   тағдырлысы-«Атау-кере». Бұл жеке адам тағдырын қаузайтын шығарма емес, тұтас ұлттың болашағына  балта шабар кесірлі үрдістерді жалаңаштап ұсынған ұлы туынды.

Орағаңның сырлы, жаны нәзік қаламгер болғанын замандастарының естеліктерінен білеміз. Сол табиғатынан болар, суреткер өзінің жағымсыз кейіпкерлерінің портретін, яғни, сырт болмысын сомдауда да оларды көзге қораш, пошымсыз, сұрықсыз етіп қоймайды. Тоңмойын Еріктің өзін «сұңғақ бойлы, көгілдір көзді, бұйра шашты» деп оқырманның көз алдына келісті сырт пішінімен алып келеді. Бұл жазушының жан дүниесінің мөлдірлігінен, әрі жағымсыз бейнелерді біржолата адам кейпінен ада ететін біржақтылықтан іргесін аулақ салған даналығы.

«Атау-кере» немесе «Қауіпті будан» атты  романда паш етілген ұлт болашағына қатысты сәуегейлік жасаған көреген Оралхан Бөкей мен туындыға психологиялық табиғатты байытып берген,  туған ұлтының жан әлемінің жебеушісі Оралхан Бөкей туралы аз-кем сөз қозғадым.

Енді Орағаңның туындыларын бүгінгі қазақ баласы қаншалықты біледі деген сұраққа қысқаша жауап бергім келеді. 1-11-сынып аралығында қазақ әдебиеті пәні оқулығында тек қана 6-сыныпта жазушымыздың «Тортай мінген ақ боз ат» әңгімесі беріліпті. Өзге сынып оқушылары Оралхан Бөкей есімінен алыс қалып, қалыс қалып, көп берекеден құралақан болып отыр. Оралхан мұрасын жүйелі оқытуды қолға алған күні қазақ ұлты өз перзентіп толық танып, соған орай өзін де таныр еді.

Сұлу сөздің Төлегені, ұлтының дертті тұстарын тамыршыдай тап басқан көрегені Оралхан Бөкей қазағымен бірге мәңгі жасай бермек!

 

Айзат Рақыш

ҚР Жазушылар одағының мүшесі

Жазушы, сыншы

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Оралхан Бөкей туралы он бес пікір, мақала, Массагет сайты, 17 шілде, 2015 жыл
  2. Ахметов З. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі, Алматы, Ана тілі баспасы, 1998 ж. 383 бет, 85-бет
  3. Бөкей О. Шығармалары, Роман, повестер, Алматы, «Ел шежіресі», 2013 ж.
  4. Бөкей О. «Ошақтың бұты-үшеу, жағар оты-біреу», мақала, «Қазақ әдебиеті» газеті, 1993 жыл, 30 сәуір

 

 

 

Алдыңғы жазбаТұрар Рысқұлов кім?
Келесі жазбаЖаңа шаһар – Алатау