Ауған соғысының ең танымал ардагері, арнайы мақсаттағы 177-ші отрядтың командирі, Қазақстан Қарулы Күштерінің аңыз адамы, отставкадағы полковник Борис Керімбаев қайтыс болды, -деп хабарлайды Tengrinewss.kz тілшісі. Ақпаратты «Боевое братство» ардагерлер одағының басшысы Сергей Пашевич растады.
«Қара майордың» қайтыс болғаны туралы 12 ақпанда таңертең белгілі болды. Ол 8:50-де өмірден өткен.
Жақында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Борис Керімбаевқа ҚР ҚМ әскери-клиникалық госпиталіне барды. Әскери ведомство басшысы оған ҚР Әскери барлау алдындағы еңбегі үшін «Алтын үкі» төсбелгісін, алғыс хат пен бағалы сыйлық табыстады.
«Әскерде нашар сарбаз жоқ, «косячный» офицер ғана болады» – Аңызға айналған «қара майор»
Борис Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Прудки ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Ташкенттегі Ленин атындағы жоғары қолбасшылық училищесіне түсіп, оны аяқтаған соң 1970 жылы Германиядағы кеңестік әскер тобына жіберіледі. 1973 жылы барлау ротасының командирі болады. 1977 жылы штаб басшысының орынбасары, ал кейінірек Теміртаудағы 52 857 әскери бөліміндегі мотоатқыштар батальонының командирі болып тағайындалды. 1980 жылы Эфиопияға аттанады. Ал 1981 жылы (ГРУ-ға қарасты) 22 (АЖБО) негізіндегі 177 бөлек арнайы жасақ отрядының командирі болып тағайындалады. Керімбаевтың тағдырына әсер еткен дәл осы тағайындау еді.
Керімбаев басшылық еткен сарбаздар азиялықтардан (қазақ, қырғыз, өзбек және тәжіктерден) құралғандықтан «мұсылман» батальоны атанып кеткен.
1981 жылы 177-ші отрядының әскери және саяси дайындығын тексеру үшін Ауғанстанға жіберіледі. «Мұсылман» батальонының алғашқы орнасласқан жері Фарьяб аймағындағы Меймене қаласы еді. 1982 жылы Дарзоб елді мекенінде барлау-іздеу рейдтерін орындап отырды. Осы жылдың мамырында кеңес әскерінен енді босаған Панджер шатқалына орналасу туралы бұйрық алады. Бұл шатқалды 30 күн ұстап тұру керек болатын.
Борис Керімбаев 500 сарбазбен дала командирі Ахмад Шах Масудтың саны көп тобына қарсы тұра алмасы анық болатын. Шатқалдан шыға берісте белгілі Саланг – «Кабул алқымы» асуы басталады, ал оның бойымен Хайратон – Кабул тасжолы өтіп жатыр. Дәл осы жолмен КСРО автоколоналары Ауғаныстанға әскери және азаматтық мақсаттағы жүктерін жеткізетін.
Борис Керімбаевтың сөзінше, ашық айқастан қашып, тұзақ құрып, күтпеген шабуылдар жасауға, моджахеттерді бір-бірімен қақытығыстырып қою әрекетіне көшкен 177-ші отрядының сарбаздары ғайыптан пайда болып, қайта жоқ болып кетуді меңгерді. Бұл тәсіл аман қалудың жалғыз жолы еді.
Айтылған 30 тәулік орнына «қара майор» Панджер шатқалын бір жыл бойы бақылап тұрды. Осы уақытта Керімбаев 50-дей адамды жоғалтты, оның ішінде төртеуі – офицер. Осы кезде Ахмад Шах Масуд айлаға көшіп, «Пандшер патшасы» атанып үлгерген Керімбаевтың басы үшін миллион доллар тікті. Дегенмен бұл да көмектеспеді. Маджахеттер ақыры 40-шы әскер басшылығымен бітімге келіп, жеңілістерін мойындады.
1989 жылы отряд Ауғанстаннан ақырғы болып шықты.
Борис Керімбаев басшылық еткен 177-ші отряд сапында генерал-полковник Сәкен Әділханұлы Жасұзақов, генерал-майор Мұқан Естайұлы Дүйсекеев сияқты болашақ қорғаныс министрлері де болған.
Дереккөз: kaz.tengrinews.kz