Home Жаңалықтар Алаш көсемі Әлихан

Алаш көсемі Әлихан

59

Бүгін Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, Әлихан Бөкейханның туған (1866-1937) күні.

Арғы атам – ер түрік,

Біз қазақ – еліміз,

Самал тау шалқар көл,Сарыарқа жеріміз.

Бұғаудан босанған, Біз – долы арыстан,

Долданса болмайтын Жаңа дәу-періміз.

Ер түрік ежелден, Оқ тескен етіміз.

Қаймығып еш жаудан қайтпаған бетіміз.

Жаусын оқ, ақсын қан,Шықсын жан, қорқу жоқ.

Алаштың жолында Жан қимақ – ниетіміз – деген ұранды бетке ұстаған, сол алашты ел ету жолында құрбан болған ғажайып тұлға. Әрине  Әлихан Бөкейханов  жайында  аз айтылып,  аз  жазылған  жоқ.  Елім  деп еңіреп  өткен азамат 1926 жылы тұтқындалып, темір торға қамалды. Мәскеуге жер аударылады, зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны Қазақстанға жолатпады. Мәскеуде он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылы тамызында қайыра тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кесті. Қысқасы Алаш арыстары Әлихан Бөкей­ханов пен Нығмет Нұрмақов тағдырдың жазмышымен 1937 жылдың 27 қыркүйегінде екеуі бір күнде, бір статьямен атылды. Жерленген жері Мәскеу түбіндегі атақты монастырь ауданы аталатын байырғы –«Дон зираты». Елім деп еңіреп өткен ерге туған жерінен топырақта бұйырмады. Тек 1989 жылы мамыр айында КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, ақталды. Әлихан Бөкейхановтың қысқаша өмірі осы. Бір  өкініштісі, бүгінде қазақ халқы мойындаған Алаш көсемі жөнінде кейде түрлі әңгімелер айтылып қалады.

 

Тұрсын Жұртбай, Алаш тарихын зерттеп жүрген жазушы:

 

–Әлихан Бөкейхановтың саяси көзқарасына қатысты, оны «массонға», «шоқыншыға», «еуропашылдыққа», «рушылға» теңеп жүрген саяси сауатсыздық пен азаматтық жәдігөйлікке сәл ғана түсінік бере кеткім келеді.
Әлихан Бөкей­хановтың массондық идеяға қатысы қандай?
Әлихан Бөкейханов – ұлттық саясаткер. Ұлт тәуелсіздігі жолында ықпалы тиетін барлық мүмкіндікті пайдалануға мәжбүр. Ал 1905 жылы ұлттық автономия, патшаны тақтан түсіру, конституциялык демократия орнату, бұратана ұлттарға – нәсіліне, дініне қарамастан азаттық беру, өзінің даму жолын анықтауға ерік беру мәселесін кім көтерді? Кадет партиясы көтерді. Ендеше «бұратана ұлттарға – нәсіліне, дініне қарамастан азаттық беру, өзінің даму жолын анықтауға ерік беруді» мақсат етіп қойған саяси партияның құрамына Әлихан Бөкейханов неге кірмеуі тиіс? Конституциялық демократия партиясы өзінің күрес жолына: «адам адамға – бауыр, дос», «бірің – бәрің үшін, бәрің – бірің үшін!», «нәсілдік, ұлттық, діндік, әлеуметтік теңдік», «азаматтық қоғам» сияқты тура өзіміз ұрандатып өскен коммунизмнің принциптерін негіз етіп алды. Міне, сол мақсатқа жету үшін Әлихан Бөкейханов кадет партиясына өтті. Бұл мақсатқа жету жолында жалғыз ол емес, бауырлас түркі халықтарының ұлт зиялылары да топтасты. Соның нәтижесінде Ресей мұсылмандарының бірінші құрылтайын ұйымдас­тыруға мүмкіндік алды. Ал 1917 жылы Керенский:
«Түркістан мен дала облыстары – Тула немесе Тамбов облыстары емес. Ағылшындар немесе француздар өздерінің отарларына қалай қараса, біз де оларға (яғни, қазақтарға – Т.Ж.) солай қарауымыз керек», деп мәлімдеме жасағаннан кейін Ә.Бөкейханов ресми түрде кадет партиясынан шықты. Өйткені,бұл кезде қазақ арасында дербес партия құру мәселесі толық пісіп-жетілген еді. Ә.Бөкейханов өзінің бұл шешімімен: «Кадет партиясының мақсаты – ұлттық автономия жариялауға қарсы болғандықтан да, Алаш идеясына сәйкес келмегендіктен де, оның құрамынан шығамын» деді.
Miнe, бұл кез-келген саясаткер ұстанатын күрес тәсілі».

 

Мәмбет Қойгелді, тарих ғылым­дарының докторы, алаштанушы:

 

«– Менің  түсінігімде, егер Латын Америкасы үшін Симон Боливар қандай болса, Әлихан Бөкейханов қазақ үшін сондай тұлға. Егер түрік  үшін, Ататүрік қандай болса, Әлиханда қазақтың сондай тұлғасы. Егер Махатма Ганди Үндістан үшін қандай болса, Әлихан қазақ үшін сондай тұлға. Бөкейхановтың туған жері Балқаштан қырық-ақ шақырым жердегі Тоқырауынның бойында. Бірақ сол іргеде тұрған Балқаш қаласында Әлихан Бөкейхановты еске салатын ештеме жоқ. Не көше аты, мектеп аты дегендей.

Кезінде Әлекең өзінің бір мақаласында: «Қазақ халқының болашағы үлкен. Уақыт өзгереді. Жаңа заман келеді. Сол кезде Қараөткелді астана етеміз, университет ашамыз» деп жазғаны бар. Ұлы тұлғаның айтқаны дәл келді. Қазір Бас ордамыз сонда тұр. Бірақ университетке оның емес, Гумиллевтің атын бердік. Осы жөн бе еді? Әлекеңді дәріптеуге келгенде неге кежегеміз кейін тарта береді? Өзге жұрт жерде жатқан қоқырын көтеріп, тұлға етіп, айдай әлемге танытып жатқанда, біз өз арыстарымызды төрткіл дүние тұрмақ республика шеңберінде толықтай таныта алмай жатырмыз. Үлкен  өкініш  осы».

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

 

Алдыңғы жазбаМарат ТОҚАШБАЕВ: Мемлекет басшысы қолпаштауға, өтірік жағымпаздыққа мұқтаж емес
Келесі жазбаСәпиев Полторанинмен байланыста – Мұхамедиұлы – Спорт