Қыркүйек айының бас кезінде Ресей тарихшылары «ел тарихында өзіндік орны бар зиялылары қалай ұлықталып жатыр?» деген тақырыпта әңгіме өрбітті. Жиын барысын қортындылаған тарихшы Лариса Селезнева:
«Ресей үшін мақтана алатын жастарды қалыптастырығымыз келсе, мегаполистер ғана емес, әрбір облыс, әрбір аудан, тіпті әрбір село орталығында I – Петрден бастап елдің тұңғыш президенті Борис Ельциннің портреттері, мүсіндері асқақтап тұрсын. Олар тек тұрмасын, тарихымен сөйлеп тұрсын» деді.
Рас, Ресей ұлыларын асқақтаудан кенде емес. Олар, тіпті көзі тірі корифейлерінің мерейтойының өзін тарихты дәріптеудің жалпыресейлік жобасына айналдырып жібереді. Бір-бірімізден ірге бөлген 1991 жылдан бергі кезеңнің өзінде Ресей үшін жан беріп, қан төккен талай марқасқалардың есімдері көше атауларына берілді, сәнді ескерткіштер бой түзеді, кино түсіріліп, көркем шығармалар жазылды. «Ресей тарихына- тағзым» жобасымен өткен әрбір шара бас қалалары Мәскеу мен Санк-Петербордан басталып, Қиыр Шығысқа дейін жалғасты. Мұндай шарадан көршіміз Өзбекстан да қалыс қалған жоқ. Қазір көрші елдің бас қалаларының көшелері тарихына қатысы жоқ адамдардан тазарып біткенін көзіміз көріп жүр.
Мұндай шаралардан біздің ел де қалыс қалған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы лебі көшелерімізді тарихымызға қатысы аздау адамдардың есімдерінен тазартудан басталды. Абылайхан, Бөгенбай, Қабанбайлар ескерткіш болып, көше атауы болып Алматының көрікті, басты даңғылының бойында табысты. Алматы және Астана қалалық онамастикалық комиссияның мүшелері көше атауларын өзгерту кезең-кезеңмен жүзеге асырылатынын айтады. Жоғары айтып өткендей, хандарымыз бен батырларымызды түгендеп болған соң кезек ХХ ғасыр бас кезінде өмір сүрген арыстарымызға келді. Тарихшылар алғашқы кезде көше атауына қатысты әрбір оқиға бастапқыда көтеріңкі көңіл-күймен аталып өткенін, кейінен оның қалыпты құбылысқа айналғанын айтады. 2001 жылы Алматы қаласында 1500-дей көше болыпты. Қазір баяу болса да атаулары өзгеріп жатыр. Мысалы, бұрынғы Кихтенко көшесі – Үзақбай Құлымбетов, Маречек көшесіне Зейнолла Қабдоловтың есімі берілді. 2010 жылы 10 маусымда Алматы қаласында жаңадан ашылған Наурызбай ауданының кейбір елді мекендеріндегі көшелерді Сәбира Майқанова, Жазылбек Қуанышбаев, Халифа Алтайлардың есімімен атау туралы шешім шығарылды. Сонымен қатар Астана қаласында Сарайшық, Сарытоғай, Сарыжайлау сияқты тарихи жер-су атауларының берілуі қуантарлық жағдай болды.
Обалы не керек, оншақты жыл бұрын бiрқатар алаш азаматтарына көше берiлiптi.
Мысалы, «Барахолка» маңындағы «Аэродромная» көшесi Әлихан Бөкейханның атымен ауыстырылған. Түу қиян шеттегi, 1-Алматыдағы «Локомотивная» көшесi Жүсiпбек Аймауытовқа, «Железноводская» көшесi Жақып Ақпаевқа, «Варшавская» көшесi Мiржақып Дулатовқа, «Тесленко» көшесi Мағжан Жұмабаевқа берiлген. Бiрақ бұл өзгерiстердi жалпақ жұрт бiлiп жатыр ма?
Жоқ. Себебi олардың аттарын көше бойына жазып, жарқыратып көрсетiп отырғанымыз жоқ. Тарихта болған-болмағаны беймәлiм баян кiтабының өзi атажұрттағы бiзге ендi-ендi жетiп отырған Өтебойдаққа да көше берiп үлгерiппiз. Десек те, кейбiр көшелерге Ұлытау, Жасыбай, Алакөл, Қобда, Нұра, Марқакөл сияқты қазақтың әдемi жер-су атауларының берiлгенiн көргенде, iшiмiз жылып қалды. Қандай жарасымды! Құлаққа жағымды естiледi, әрi жас ұрпаққа тағылым. Сырым батырға 2006 жылы «Шаңырақ-2» ықшамауданынан «ықшам» көше бұйырыпты. Ұзындығы – 1400 метр ғана. Сырымның Қабанбай, Бөгенбай батырмен иықтас тұлға һәм баһадүр болғаны бесенеден белгiлi. Тiзе берсек, мiн көп. Бірақ бұл өзгерістерді жалпақ жұрт біле бермейді.
Қазір көше тұрмақ, кез келген үйдің қалай орналасқанын интернет желісі арқылы бақылай аласың. Сол себепті Алматыдағы Алаш зиялыларына берілген көшенің қаланың қай бұрышында екенін анықтау бізге қиын болмады. Ұялы телефонымыздағы карта- қондырғы арқылы бізге олардың ұзындығы мен енінің қандай екенін жұмыс кабинетінде біліп алдық.
«Аэродромная» көшесінің бір бұрышына орналасқан Алаштың арысы Әлихан Бөкейханов атындағы көшенің ұзындығы 700 метр болса, қаланың батыс аудандарындағы Қасым Аманжоловтың көшесі бар жоғы 300 метрмен тұйықталып қалған.
Тәуелсіздіктің лебі арысы Абылайхан, Бөгенбай, берісі Сәкен, Тұрарларды Алматының төріне шығарса да, Мағжан, Ұзақбай Құлымбетовтер, Қасым Аманжолов көшелері бірінші Алматының жықпыл-жықпыл бұрыштарының бірінде қалып қойған. Қазақтың тарихына жүз қайнаса да сорпасы қосылмайтын ығайлар мен сығайлар әзірге орын беруге асығар емес.
Мұстафа Шоқайдың тыныштығын Кеңсай күзетіп тұр
Осы тұста назарымызды аударғаны Мұстафа Шоқай атындағы көшенің басқа-басқа емес, Кеңсай – 2 қорымына төніп тұрғаны. Ұялы телефонды ақтарып-төңкерсек де, Шоқай көшесі Кеңсаймен қатар орналасқанын көрсетіп тұр.
Алматы мен Кеңсайдағы әруақтар қалашағын ені 4 метр, ұзындығы 2 шақырымнан зорға асатын Шоқайдың көшесі жалғастырып тұрғанын аралағанда көзімізбен көрдік. Бiр жағында көзге сүйел болып бұрынғы «Микоян» атауы әлі түр. Екiншi бетiне қазiргi атауы жазылған. Оның өзi орыс тілінде «Улица Мустафы Шокая» деп жазылған.
Қазақша атауын іздеп, көшенің бас жағына дейін аралап шыққан еңбегіміз нәтижесіз аяқталды. Одан бөлек тұрғындар «Шоқайдың кім болғанын білесіз бе?» деген сұрағымызға мардымды жауап бере алмады. Бірі – Мұстафа Өзтүрікпен шатастырса, екіншісі «Бұл көше солай аталатын ба еді?» деп таңданғанын жасырмады. Осы жоғары ресейлік тарихшы Галина Селезневаның «кез келген көшенің тарихы сөйлеп тұрсын» деген баталы сөзі есімізге түсті.
Айтпақшы, Мұстафаның тарихын сөйлететін себеп те жақыннан табылды. Себебі Кеңсай етегіндегі қысқа көше аты жоқ № 53 мектеппен тұйықталып тұр. Жарты ғасырлық тарихы болса да әлі ат қойылмаған мектепке Мұстафа атауы сұранып тұр. Сол мектептiң алдына М.Шоқай атамыздың мүсiнiн орнатып, мектепте шағын мұражайын ашуға болар едi. Көшеде кездескен қария «осы мәселені газетке неге жазбайсыздар?» деп қалды. Айтқаны қолайымызға жаққан соң мектепке қарай жол тарттық. Әдемi, еңселi мектеп екен. Шоқай атамыздың атын ұялмай-ақ беретiндей. Мұндай игi бастама жүзеге асса, кiм-кiмнiң де қуанары анық. «Өлi разы болмай, тiрi байымайды» дейдi қазақ. Бәрiнен бұрын Мұстафа Шоқай атамыздың әруағы алдында бiр парызымыздан құтылар едiк-ау! Тым құрығанда бiр мектептi сол кiсiнiң атымен атасақ, көптiк етпейтiн шығар.
Әзірге Мұстафа Шоқайдың тынышытығын Кеңсай, Алматының тыныштығын қаланың жықпыл – жықпылында елеусіздеу жатқан Алаш арыстары күзетіп тұрғандай. Оларды жарыққа шығару сөйлету біздің міндетіміз.
Гүлбаршын Сабаева