О, муза!
Жолың ауыр, қиын білем
Бірақ, бірақ сүйемін қиынды мен.
Қамалыңды алынбас қопарам да,
Сырларыңды ашамын түйін кілең,
Сездіремін осылай күйімді мен!
1985 жыл.
Балалық шағым,
ораламас сағым,
Алыстап кеткен қыр асып.
Алаңсыз күнім,
сағынтып бүгін
Көзіме тұнды бұла шық.
Қызғалдақ үзген,
суында жүзген,
Ақ бұлақ жатыр паң күліп.
Қызды алғаш өпкен,
сонау бір көктем
Кетпейді естен жаңғырып.
Келмейді қайтып,
әз әнін айтып,
Ағылған жыл мен ай кейін.
Әжімін салып,
сағынтып алып
Өтуде уақыт қайтейін.
2005 жыл. Ақпан.
Сол бір қыз
Желге ұшып сары жапырақ,
Қоңырау қақты қоңыр күз.
Бозарып қыр мен атырап
Ақ шаңдақ болып жатыр түз.
Шөптерге қырау шық тұнған,
Ызғарлы еді қоңыр күз.
Сезімді алғаш ұқтырған
Ұмытпен сені, сол бір қыз.
Кезестік қырда сонда біз,
Балас ауса сырды шертістік.
Көңілден ұшып сонда күз
Жайдары жаз боп кетістік.
Отырдық жайлап сыр шерте,
Ай туған сонда шалқалап.
Оянған сол сәт тым ерте
Өзіңде деген махаббат.
Баламыз онда аңғартпыз,
Ештеңе сірә сезбедік.
Кештер де айлы қаңғып біз,
Қырларды қайбір кезбедік…
Мұңға орап менің көзімді,
Оралды тағы қоңыр күз.
…Оятқан алғаш сезімді
Қайда екен, қайда сол бір қыз?
1982 жыл
Сол бір тамыз
Сол бір тамыз нұрға бөлеп,
Сол бір таңын атырған,
Сол бір таңға көкейімде,
Айтылмаған жатыр ән.
Әкелді ме әлде бақыт,
әлде мәңгі сағыныш,
О, қиялым жүрегімді
сол күндерге алып ұш.
Арманым ба қол бұлғаған,
кездестім ғой бір қызбен,
Аймен емес, күнмен емес,
теңейтінмін жұлдызбен.
Қарақат көз шуақ төккен,
жаралған-ау тұнықтан,
Басқа ешкім сезінбейтін
сол бір көзден сыр ұққам.
Сол бір қызға арналатын
Ән де өзге, жыр да өзге,
Басқа жандар көлеңкесін
түсірді ме сол көзге.
Сәуле шашып тұрды дағы
ағып кетті қиырға,
Маған арнап дайындаған
бұл өмірдің сыйы ма?
Қайтып енді көрінбеді ,
көрінбеді сол жұлдыз,
Көктем болған көңіліме
ызғар болып қонды күз.
Үміттімін кездесем бе,
әйтеу іздеп келем мен
Боратумен сағынышымды
оған деген өлеңмен.
Сол бір тамыз нұрға бөлеп,
сол бір таңын атырған,
Сол бір таңға көкейімде
Мұңға ораулы жатыр ән.
1982 жыл
Қайран жастық
Дүниенің түсінбей алшағында,
Ғашық болып қалатын сал сағымға.
Тосырқамай жүзетін қарсы ағынға
Зырлауменен барады бал шағымда.
Зырлауық күн зырлаумен өтер ме екен,
Жетер ме екем, биікке жетер ме екем.
Шаң шығарған ізінен қайран жастық,
Бір-ақ күнде қол сілтеп кетер ме екен?
Талай жерде мәз болдық, жайраңдастық,
(Істеген де шығармыз ойланбастық)
Қолын бұлғап…
Қызығын елес қылып,
Зырлауменен барады қайран жастық.
1982 жыл
Сағыныш
Көңілді мынау сүйрелеп саған, алқынды талай ақ арман,
Сәуірдің алғаш тамшысы болып тамып сен кеттің жанардан.
Біздерді бөліп жатқан бір сонау қырларды жасыл күн өпкен,
Жетер ме саған сағынышым менің жұлқына шыққан жүректен.
Жолдадым саған көгілдір хаттар, сағыныш толы тізбегін,
Қызғалдақ көрсем құлпырған қырда , сен болар деп үзбедім.
Көктемгі жауын нөсерлеп өтсе, нөсерлеп өтсе төбемнен,
Шықтардың мөлдір жанарынан бейнеңді сенің көрем мен.
Сағынды көрсем қылымсыған қырларда сонау ұятты,
Алғаш рет алдымда тұрған сәттерінің сенің сияқты.
Сағындым сені осы бір сөзді қайталай берем ішімнен,
Тағдырдың қатал сын шағы туса, көтерем өзің үшін мен.
Сағындым сені, сағындым бәрін, сағыныш толы жан-жағым,
Қазір сені бір көрсем деймін, сол ғана менің арманым.
Сағына білген жандар ғана биіктерден аса алған
Сағыну деген мұраты болған адамдарға қашаннан.
1983жыл, қаңтар
***
Мен сені ешкімнене де кем көрмегем,
Кем көрмегем, ешкімді теңгермегем.
Дариға-ай, қос аққуға ұқсап едік
Жәйімен ай астында көл тербеген.
Қорқушы ем,
адамдардан мұңға батқан,
(Сыр түйіп жүретінмін мың қабақтан).
Қалай ша,
Қорға алмай қалдым сені
Бейуақыт тосын келген мұзбалақтан.
Қоңыр кеш,
Жұлдызды аспан, ғашық түнім,
Дүние-ай, ұстатпайды қашып бүгін.
Өтінем,
Құралай қыз ренжімеші
Бәріне кінәлі тек жасықтығым…
1983 жыл
Қыс та өтер
Бұл қыста өтер,
Шыңылтыр аяз құрсаған,
Иісін аңқытып,
Жап-жасыл арша шыршадан.
Ақ көбік қарда біртіндеп еріп жоғалар
Бәз қалпында табиғат ана тұрса аман.
Көктем де келер,
Жыл құсы болып ән салып,
Тырналар жетер,
Тырауда-тырау жар салып.
Ақ нөсер өтер қарайды сосын биіктен,
Үр жаңа жерге кемпірқосақ тамсанып.
Тал терек біткен қанатын жаяр бүр ашып,
Гүлдерге түнде қонақтап шығар бұла шық.
Жібек жел есіп,
желпініп салқар дүние
Бір қызыққа бір қызық жатар ұласып.
Нұр-шуақ сәуле, тірліктің отын үрлеген,
Көгілдір түтін,
Ошақта оттар гүрлеген.
Жайланар көңіл біткендей ісің, бірдемең
Көктем ғой, шіркін
Керемет кезең бұл деген.
Бұл қыста өтер,
Шыңылтыр аяз құрсаған,
Аңқытып иісін,
Жап-жасыл арша, шыршадан.
Көктем де келер,
Өзгерер әлі барлығы
Бәз қалпында табиғат ана тұрса аман.
1983 жыл
Бала шағым
Төскейінде жөңкіліп ала сағым,
Сусылдайды, көшеді алаша құм.
Көшкен құмдай мекенін талақ тастап,
Зымыраумен барады бала шағым.
Мекені боп ойынның ала шалғын,
(Қызығына ол күннің таласар кім?)
Қызық көріп жармасып жүре тұғын
Қаңсып қапты арбасы қара шалдың.
Құс ұйқы боп күтуші ек таңды асыға,
Ойнақтаушы ек сонан соң жар басына.
Өтті бәрі,
Өткеннен із бар ма деп,
Қарай бердім сол шалдың арбасына.
Жаным толы мол арман, егес екпін,
Сөнбес отын береді, берешек күн.
Ерке тайдай ойнақтап, бала қиял
Арнасына бастады келешектің.
Төскейінде жөңкіліп ала сағым,
Сусылдайды, көшеді алаша құм.
…Көлбеңдейді алдымда болашағым,
Жәутеңдейді артымда бала шағым.
1983 жыл
Өлген адамның монологы
Қылығым жоқ алдыңда ақталатын,
Жақсы ісім жоқ, мынау деп мақтанатын.
Жарық дүние жіберді елші қылып,
Қарсы ал, мені,
Суық көр, қап-қара түн.
Қап-қара түн. (Боламайтын атар таңы),
Суық сыз ғой денемнің татар дәмі.
Ай мен жұлдыз ол да жоқ жымыңдасқан,
Мұңым шағар дос та жоқ қатардағы.
Өксік-өксік үн шығып бұлақ жақтан,
Кім болды екен төбеме шырақ жаққан.
Су тамады,
Сәулемнің көз жасы ма,
Қабірімді құшақтап жылап жатқан.
(Қиялдаудан о қандай пайда табам),
Енді оралу өмірге қайда маған!..
Жарық дүние сағындым шұғылаңды
Тірлігімде армансыз аймалаған.
Ажыратпас саралап ақ -қараңды,
Ауыр салмақ, суық көр қап-қараңғы.
Хош, аман бол дүние,
шөп боп өнім
Көктегенше тербетіп жат балаңды.
1993 жыл
Айлы түн еді…
Айлы түн еді,
Айлы түн еді, бір ғажап,
Есіңде ме, қалқам, кездесер біздер жылға жақ.
Жұлдызды санап отырған кездер бүгінде,
Түсіме еніп, көңілімді жиі жүр қажап.
Айлы түн еді…
Жұлдыздар жауған бір керім,
(Дариға түндер жадымнан өшпей жүр менің).
«Осынау шақтың ғұмыры әттең қысқа» – деп
Есімде, қалқа, жылағаның әрі күлгенің.
Айлы түн еді…
Айлы түн еді сыр тұнған,
(Бүгінде бәрі жарамсыз хаттай жыртылған)
Алыстап кеттің,
Тоналған бақтай мен қалдым
Өмірде мынау, тілеуіңді тілеп сыртыңнан.
1993 жыл
Зымыран уақыт аударған сайын, жаңа күн-
жаңа парағын,
Түсесің еске көк көйлек киген, көгілдір елес қарағым.
Көк сағым болып көк белде қалдың,
Мен болсам кеттім ілгері
Саған деген сағыныштың шайқап ішіп шарабын.
Көгілдір көктем, көгілдір белес, көгілдір таулар,
көк аспан,
Көгілдір елес көлбеңдеп келіп көк сағымменен ұласқан.
Жалған дүние-ай, жүрегіме менің қалдырып мөрін
сол күннің
Жылыстап қана бел асқан.
Көк өрім сезім көктей бір өнген, көгілдір неткен
көктем ең,
(Сол шақтан алған әсерімді ұмыта алман көпке мен).
Көктемнің барлық шырыны тұнған,
қауызы сынды гүлдердің-
Ерніңнен тұңғыш өпкен ем.
Сонысымен махаббаттың не екенін кеткен ұқтырып,
Саған деген сағынышымның жанарына қапты
шық тұнып.
Қарсы алар едім.
Белгісіз күшпен оралар болсаң қайтадан,
Анамдай күтем тік тұрып.
1992 жыл
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ