Home Руханият Әнім сен едің

Әнім сен едің

82

БІР ӘННІҢ ТАРИХЫ
Ақын Тұманбай Молдағалиевтың естелігінен

…Құрманғазы көшесі мен бұрынғы Коммунист даңғылы көшесіндегі біздің үйге келдік. Шәмші әнін пианинода ойнай бастады. Ән бойды билеп алып барады. Әсем сазды, мұңды ән. Сәулесі мол дүние.
– Шәке, бұл ән не жайлы деп? – деп сұрадым Шәкеңнен.
– Осы күні де, бұрын да бір-бірін сүйіп тұрып қосыла алмағандар аз емес қой. Бұл бір мұңлық жігіттің басқа жігітке күйеуге шығып кеткен сүйген қызына айтқан өкініш жыры болуы керек шамасы, – деді.
Мен қағаз-қаламымды сайлап алдым да, әннің сөзін өзіме тән тездікпен жазып шықтым. Кәдімгі он буынды өлең. Шәкең мен жазған қағазға қарап, әлгі әнді пианиноға қосылып орындай бастады. Біраздан соң Шәкеңе мен қосылып айттым әлгі әнді. Енді біраздан соң Күлтай қосылды бізге. Сөйтіп арманына жете алмай өкініш күйін кешкен жігіттің ішкі зарын сыртқа шығардық.

Әнім сен едің кеште салатын,
Содан жас жаным бақыт табатын.
Шамын басқа үйдің жақтың, аяулым,
Сендей бақытты қайдан табармын?! –

деп шырқадық біз. Әлі күнге дейін осы әнді де қазақ жастары қосылып айтады, қосылып шырқайды.
– Мына «Шамын басқа үйдің жақтың, аяулым» деген сөзде керемет сыр жатыр, Тұманбай, – деп Шәкем қолымды қысты.

(Молдағалиев Т. Таңдамалы туындыларының көп томдығы. Алматы: – Қазығұрт, 2002. Т.13. 448-449 б.б.).

 

«Әнім сен едің»

Әні: Ш.Қалдаяқов
Сөзі: Т.Молдағалиев

Құрбым, жан құрбым, бала кезіңнен
Бақыт көріп ем қара көзіңнен.
Кеттің ұмытып, мәңгі ұмыттың
Жібін үздің ғой нәзік үміттің.

Әнім сен едің кеште салатын,
Содан жас жаным ләззат алатын,
Шамын басқа үйдің жақтың аяулым,
Сендей бақытты қайдан табармын.

Бақтар гүлдеді біздің қырдағы,
Жаңбыр жауды да, көктем жырлады.
Өткен күндерден бүгін жоқ белгі
Тұрып қасыңда көрдім көктемді.

Тағы келді ғой, құстар ән салып,
Тұрмын оларды жалғыз қарсы алып,
Сенсіз атты таң, сенсіз батты күн,
Мәңгі ұмыттың мені шаттығым,

 

Алдыңғы жазбаПрезидент Үкімет мүшелерімен еліміздің экономикалық жағдайын талқылады
Келесі жазбаҚайрат Сатыбалдыұлына қатысты үкім өзгерді