Home Басты жазба Алтын Орда неге күйреді?

Алтын Орда неге күйреді?

6

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz

Алтын Орда – қазақ даласының тарихындағы ең ірі мемлекеттердің бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлы даланың мемлекеттілік дәстүрі Жошы ұлысымен, кейін Алтын Ордамен сабақтас екенін айтып жүр. Президенттің айтуынша, Қазақстан өзін осы тарихи мұраның тікелей жалғастырушысы ретінде қарастырады. Бұл жай ғана өткенді дәріптеу емес. Өйткені Жошы ұлысы мен Алтын Орда құрамында бүгінгі қазақ халқының этникалық негізін құраған қыпшақ, арғын, қоңырат, найман, керей, қаңлы сияқты көптеген тайпалар өмір сүрді. Кейін осы кеңістіктен Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Әбілқайыр хандығы және Қазақ хандығы сияқты мемлекеттер қалыптасты.

Бірақ бір кезде Еуразияның ұлан-ғайыр бөлігін билеген Алтын Орда неге күйреді? Тарихшылар бұл сұраққа бір ғана себеппен жауап бермейді. Ең алдымен, мемлекетті іштен әлсіреткен билік үшін талас күшейді. Өзбек хан мен Жәнібек хан тұсында мемлекет қуатты болды. Бірақ Жәнібек қайтыс болғаннан кейін жағдай күрт өзгерді. 1357-1380 жылдар аралығында Алтын Орда тағында жиырмадан астам хан ауысты. Мұндай тұрақсыздық орталық билікті әлсіретіп, ақсүйектер арасындағы тартысты күшейтті.

Екінші үлкен себеп – сыртқы соққылар. Тоқтамыс хан Алтын Орданы қайта біріктіруге тырысқанымен, кейін оның Әмір Темірмен қақтығысы бүкіл мемлекеттің тағдырына әсер етті. 1390-жылдардағы Темір жорықтары Сарай-Берке сияқты ірі орталықтарға және сауда жолдарына ауыр соққы берді. Зерттеушілердің еңбектерінде Тоқтамыстың жеңілуі мен Темірдің жорықтары Жошы ұлысының саяси бірлігінің соңғы ыдырауына алып келген маңызды факторлардың бірі ретінде көрсетіледі.

Үшіншіден, экономика да әлсіреді. Орта ғасырдағы алып мемлекет үшін сауда жолдары мен қалалардың қауіпсіздігі аса маңызды еді. Ішкі соғыстар, сыртқы жорықтар және оба індеті қалалар мен саудаға ауыр салмақ түсірді. Қазіргі зерттеулерде XIV ғасырдағы дағдарысқа климаттық өзгерістер мен індеттердің де ықпалы болғаны айтылады. Бірақ тарихшылардың бір бөлігі басты мәселе саяси тұрақсыздықта болғанын атап көрсетеді.

Ең үлкен сабақ осы жерде жатыр. Алтын Орданы сыртқы жаулар ғана құлатқан жоқ. Оның әлсіреуіне ішкі алауыздық, тақ үшін талас, орталық биліктің әлсіреуі және экономикалық қиындықтар қатар әсер етті. Яғни алып мемлекеттің қабырғасын сырттан жау құлатқанымен, іргесін ішкі тартыс сөге бастады.

XV ғасырда Алтын Ордадан бірнеше дербес хандықтар бөлініп шықты. Бұл бір жағынан империяның күйреуі болса, екінші жағынан Жошы әулеті мен дала мемлекеттілігі дәстүрінің жаңа саяси құрылымдарда жалғасуы еді. Сол тарихи сабақтастықтың ең маңызды тармақтарының бірі – Қазақ хандығы. Сондықтан Алтын Орданың тарихын тек «құлады» деген сөзбен аяқтау дұрыс емес. Оның мемлекеттік дәстүрі, саяси тәжірибесі мен этникалық-мәдени мұрасы кейінгі дала мемлекеттерінің тарихында жалғасты.

Бүгін Алтын Ордаға қайта қарауымыздың мәні де осында. Тарих бізге бір қарапайым шындықты көрсетеді: мемлекетті ұлы ететін – оның жерінің кеңдігі немесе әскерінің көптігі ғана емес. Ең бастысы – ішкі бірлік, тұрақты билік, әділетті басқару және ортақ мақсат. Бір кезде жарты Еуразияға ықпал еткен Алтын Орда осының бәріне ие болды. Бірақ сол берік жүйе әлсіреген кезде алып мемлекет те бөлшектеніп кетті. Тарихтың ең үлкен сабағы – осы.

Алдыңғы жазбаБізге қандай идеология керек?
Келесі жазбаКҮЛТЕГІН