Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті бір нәрсені анық көрсетті: Орталық Азия енді әлемдік саясаттың шетінде тұрған аймақ емес. Керісінше, Еуразияның ең ірі саяси, экономикалық және көлік кеңістіктері түйісетін маңызды өңірге айналып келеді. 1 қыркүйекте Бішкекте өткен ШОС саммитіне ұйымның он мүшесінің басшылары жиналды. Биыл ШОС-қа 25 жыл толды.
Бір қарағанда, ШОС дегеніміз – Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Иран сияқты алып мемлекеттер отырған үлкен үстел. Оның үстіне ұйымға Беларусь те қосылды. Ал осы үстелде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан сияқты Орталық Азия елдері де толыққанды мүше ретінде отыр. Түрікменстан ұйым мүшесі емес, бірақ Бішкектегі «ШОС плюс» форматына шақырылған мемлекеттердің қатарында болды.
Сонда табиғи сұрақ туады: осындай алып державалардың арасында Орталық Азияның дауысы қаншалықты естіледі? Ең бастысы – ШОС бұл елдерге нақты не береді?
Меніңше, ШОС-тың Орталық Азия үшін ең үлкен пайдасы – қауіпсіздік пен экономиканы бір үстелдің басында қатар талқылауға мүмкіндік беруінде. Бұрын Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан немесе Тәжікстан өз қауіпсіздігін көбіне Ресеймен, экономикасын Қытаймен, ал басқа бағыттарын Батыс, Түркия немесе өзге серіктестермен бөлек қарастыратын. ШОС осы түрлі бағыттарды бір кеңістікке жинайды.
Бішкек саммитінде де әңгіме тек терроризм немесе экстремизм туралы болған жоқ. Көлік дәліздері, сауда, цифрландыру, жасанды интеллект, энергетика, экология, азық-түлік қауіпсіздігі сияқты мәселелер алдыңғы қатарға шықты. Ұйымның өзі де соңғы ширек ғасырда қауіпсіздік мәселелерінен экономикалық және технологиялық ынтымақтастыққа қарай кеңейіп келеді.
Қазақстан үшін мұның маңызы ерекше. Себебі Қазақстанның географиясы – әрі артықшылық, әрі сынақ. Бізде теңізге тікелей шығатын жол жоқ, бірақ Қытай мен Еуропаның, Ресей мен Оңтүстік Азияның арасында орналасқанбыз. Сондықтан көлік дәліздері Қазақстан үшін жай ғана экономикалық жоба емес, стратегиялық мәселе.
Бішкекте Қасым-Жомарт Тоқаев ШОС-тың 2035 жылға дейінгі көлік өзара байланыстылығы стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Бұл ұсыныс жүзеге асса, Қытай–Еуропа бағытымен қатар, Солтүстік–Оңтүстік және Орталық Азияны жалғайтын жаңа бағыттардың маңызы арта түсуі мүмкін.
Өзбекстанның жағдайы да қызық. Ташкент үшін теміржол мен транзит – сыртқы нарыққа шығудың өмірлік маңызы бар құралы. Сондықтан Шавкат Мирзиёев ШОС аясында өнеркәсіптік кооперацияны, теміржол байланысын, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге басымдық берді. Өзбек сарапшылары Орталық Азияны ШОС-тың өзегіне айналдырудың маңызын да атап отыр.
Қырғызстан үшін ШОС-тың маңызы тағы бір қырынан көрінеді. Экономикасы салыстырмалы түрде шағын Бішкек алып көршілермен жеке-жеке келіссөз жүргізгеннен гөрі, көпжақты алаңда өз мүддесін қорғауға көбірек мүмкіндік алады. Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржолы іске қосылған сайын бұл мүмкіндік одан әрі арта түспек. Сарапшылар да осы теміржолдың Орталық Азияның Еуразиядағы транзиттік рөлін күшейтетінін атап отыр.
Ал Тәжікстан үшін бірінші орында қауіпсіздік мәселесі тұр. Ауғанстанмен шекаралас ел ретінде Душанбе терроризм, есірткі тасымалы және трансұлттық қылмыс мәселесіне ерекше мән береді. Сондықтан ШОС-тың қауіпсіздік құрылымдары Тәжікстан үшін құр декларация емес, нақты қажеттілік.
Осы жерде ШОС-тың бір ерекшелігі көрінеді: төрт Орталық Азия мемлекетінің ұйымға деген қызығушылығы бірдей емес. Қазақстан үшін – транзит пен инвестиция, Өзбекстан үшін – өндіріс пен технология, Қырғызстан үшін – инфрақұрылым мен сауда, Тәжікстан үшін – қауіпсіздік мәселесі басым. Бірақ осы әртүрлі мүдделерді бір ұйымның ішінде тоғыстырудың өзі маңызды мүмкіндік.
ШОС-тың көлемі де аз емес. Қазір ұйымға он мемлекет мүше, ал оған кіретін елдер әлем халқының шамамен 43 пайызына және жаһандық экономиканың шамамен 23 пайызына ие. Демек, Орталық Азия мемлекеттері әлем халқының және экономикалық әлеуеттің осындай алып бөлігімен бір алаңда жұмыс істеп отыр.
Бірақ осы жерде асыра мақтанудың қажеті жоқ. ШОС – Еуропалық одақ сияқты ортақ бюджеті, ортақ нарығы немесе міндетті түрде орындалатын экономикалық шешімдері бар ұйым емес. Оның басты қағидасы – консенсус. Сондықтан Бішкекте 28 құжаттың қабылдануы автоматты түрде ертең ондаған зауыт, жаңа теміржолдар салына бастайды деген сөз емес.
Сарапшылардың ШОС-қа қатысты пікірлері де осы екіұдай жағдайды көрсетеді. Бір жағынан, ұйым Еуразиядағы жаңа инфрақұрылымдық және саяси байланыстардың маңызды алаңына айналды деген пікір бар. Екінші жағынан, оған мүше мемлекеттердің мүдделері әртүрлі болғандықтан, барлық мәселе бойынша ортақ ұстаным қалыптастыру оңай емес.
Мұны Үндістан мен Пәкістанның, Қытай мен Үндістанның қарым-қатынасынан да көруге болады. Ресей мен Батыс арасындағы текетірес те ұйым ішіндегі пікірлерге әсер етпей қоймайды. Сондықтан ШОС-ты НАТО-ның немесе басқа бір әскери блоктың баламасы ретінде қарау дұрыс емес. Оның күші – әртүрлі мемлекеттердің бір-бірімен сөйлесе алуында.
Қазақта «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. ШОС-тың ең үлкен құндылығы да осында болуы мүмкін. Үлкен державалар бір-бірімен келіспеген жағдайда да, бір үстел басында отырып сөйлесудің өзі маңызды.
Бірақ енді Орталық Азия үшін келесі қадам маңызды. Біз ШОС-тан не аламыз деген сұрақпен ғана шектелмеуіміз керек. «ШОС-қа өзіміз не ұсынамыз?» деген сұрақты да қоюымыз қажет.
Орталық Азия Қытай мен Еуропаны, Ресей мен Оңтүстік Азияны жалғайтын транзиттік көпір ғана емес. Аймақтың табиғи ресурстары, уран, сирек металдар, энергетикалық әлеуеті, ауыл шаруашылығы, адами капиталы және жылдам дамып келе жатқан цифрлық нарығы бар. Бұған қоса, соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің өзара қарым-қатынасы да жанданып келеді.
Сондықтан ШОС Орталық Азияға сырттан келетін мүмкіндік қана емес, аймақтың өзін көрсетуге арналған алаңға айналуы керек.
Ең маңыздысы – Орталық Азия елдері ШОС ішінде бір-бірімен бәсекелесіп қана қоймай, ортақ мүдделерін бірге қорғауды үйренуі тиіс. Өйткені Қазақстанның транзиттік мүмкіндігі Өзбекстанның нарығымен, Қырғызстанның Қытайға шығатын жолдарымен, Тәжікстанның қауіпсіздік мәселесімен тығыз байланысты. Бірінің жолы ашылса, екіншісінің де мүмкіндігі көбейеді.
Бішкек саммитінің басты сабағы, меніңше, осында. ШОС Орталық Азияға дайын бақыт әкелмейді. Ол – мүмкіндік беретін алаң. Ал сол мүмкіндікті нақты инвестицияға, жаңа жолға, жаңа өндіріс орнына, технологияға және жұмыс орнына айналдыру – әр мемлекеттің өзіне байланысты.
«Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді халық. Бірақ қазіргі заманда жай ғана бір жерде отыру жеткіліксіз. Бірге келісу, бірге жоспарлау, ең бастысы – келісілген істі соңына дейін жеткізу керек.
Бішкектегі саммит Орталық Азияның халықаралық саясаттағы салмағы өсіп келе жатқанын көрсетті. Ендігі мәселе – осы салмақты нақты экономикалық және технологиялық артықшылыққа айналдыра алу. Егер аймақ елдері өзара байланысын күшейтіп, ШОС мүмкіндіктерін ұлттық мүдделерімен ұштастыра алса, ұйым Орталық Азия үшін жай ғана үлкен державалар жиналатын дипломатиялық клуб емес, нақты дамуға қызмет ететін құралға айналуы мүмкін.
Ал оның кілті, түптеп келгенде, ШОС-тың өзінде емес. Кілт – Орталық Азия мемлекеттерінің өз қолында.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы

































