Home Қоғам Байқоңыры бар елдің ғарыштағы бағы қандай?

Байқоңыры бар елдің ғарыштағы бағы қандай?

13

«Көрпеңе қарай көсіл» дейді қазақ. Бірақ кейде керісінше ойланатын кез болады. Егер қолыңда мүмкіндік тұрса, оны неге толық пайдаланбасқа? Қазақстанның қолындағы сондай мүмкіндік – Байқоңыр. Алайда біз осы артықшылықты елдің технологиялық серпілісіне айналдыра алдық па?

Үкіметтің KazSat-3R спутнигін жасауға (10,4 миллиард теңге)   қаржы бөлуі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бірі «тағы миллиардтар ауаға ұшты» деді. Екіншісі «спутниксіз қазіргі мемлекет өмір сүре алмайды» деп қарсы шықты. Екі пікірдің де жаны бар. Бірақ мәселенің түп-төркіні әлдеқайда терең.

Қазір спутник – сән емес, стратегиялық құрал. Онсыз байланыс та, интернет те, телехабар тарату да, банк жүйесі де, әуе қатынасы да толыққанды жұмыс істемейді. Жер қойнауын барлау, егіннің жай-күйін бақылау, су ресурстарын есептеу, табиғи апаттарды болжау, шекараны қадағалау – бәрі ғарыштан алынатын дерекке сүйенеді. Бүгінгі күні ақпаратқа ие болған мемлекет артықшылыққа ие. Ал ақпараттың едәуір бөлігі жерден емес, ғарыштан келеді.

Украинадағы соғыс мұны әлемге анық көрсетті. Майдан даласында тек танк пен зеңбірек емес, спутник те шешуші рөл атқарып жатыр. Барлау, әскери байланыс, навигация, дрондарды басқару – бәрі орбитадағы аппараттарға тәуелді. Сондықтан ғарыш бүгінде ғылымның ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің де өзегіне айналды.

Қазақстан мұны жақсы түсінеді. Бірақ түсіну бір басқа, жүзеге асыру бір басқа.

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан бірнеше спутник ұшырды. Алғашқы KazSat үлкен үмітпен көкке көтерілгенімен, техникалық ақауға ұшырап, байланыс үзілді. Бұл ел қазынасына қомақты шығын әкелді. Кейін KazSat-2 мен KazSat-3 іске қосылып, байланыс жүйесін тұрақтандырды. Сонымен қатар Жерді қашықтан зондтайтын KazEOSat аппараттары ауыл шаруашылығынан бастап экологияға дейінгі көптеген салада пайдаланылып келеді. Демек, Қазақстан ғарышқа бөтен емес. Бірақ ғарыштық держава деуге әлі ерте.

Әлеммен салыстырсақ, айырмашылық жер мен көктей. АҚШ-та мыңдаған спутник бар. Оның басым бөлігі Starlink жүйесіне тиесілі. Қытай жыл сайын жаңа аппараттарын орбитаға шығарып жатыр. Ресей, Үндістан, Жапония, Еуропа елдері ғарышты экономикасының маңызды бөлігіне айналдырды. Тіпті Әзербайжан мен Өзбекстан да өздерінің спутниктік бағдарламаларын кеңейтіп келеді. Ал Қазақстан әзірге санаулы аппаратқа ғана сүйенеді.

Бұл жерде саннан бұрын сапа маңызды. Бірақ сапаның өзі технологиялық тәуелсіздікпен өлшенеді.

Біз спутникті өзіміз жобалап, өзіміз шығарып жатырмыз ба? Өкінішке қарай, жоқ. Негізгі технология шетелден келеді. Біз көбіне тапсырыс берушіміз. Сондықтан әр жаңа спутникпен бірге жаңа инженерлер мектебі, жаңа өндіріс, жаңа технология қалыптасуы тиіс. Әйтпесе миллиардтар жұмсалғанымен, білім мен тәжірибе сыртта қала береді.

Ең үлкен парадокс – Қазақстанда Байқоңыр бар. Әлемдегі тұңғыш жасанды Жер серігі де, адамзаттың алғашқы ғарышкері де осы жерден ұшты. Байқоңыр – Қазақстанның маңдайына біткен тарихи мүмкіндік. Бірақ біз сол мүмкіндіктің толық жемісін көріп отырмыз ба?

Өкінішке қарай, жоқ.

Бізде ғарыш айлағы бар, бірақ толыққанды ғарыш индустриясы жоқ. Бізде зымыран ұшатын жер бар, бірақ әлемге технология сататын өндіріс жоқ. Бізде тарих бар, бірақ болашақты қалыптастыратын жүйе әлі әлсіз. Бұл – ойланатын мәселе.

Байқоңырды жалға беретін нысан ретінде ғана қарау – тар түсінік. Оның айналасында ғылыми қалашықтар, инженерлік орталықтар, ғарыш техникасын құрастыратын зауыттар, жасанды интеллект пен спутниктік технологияларды дамытатын стартаптар қалыптасуы керек. Сонда ғана Байқоңыр Қазақстан экономикасының жаңа драйверіне айналады.

«Байлық жерде емес, білімде» дейді халық даналығы. XXI ғасырда сол білімнің ең биік шыңы – ғарыш технологиялары. Мұнайдың да, металдың да дәуірі бір күні аяқталуы мүмкін. Бірақ ақпараттың, цифрлық технологияның және ғарыштың маңызы тек арта береді.

Сондықтан KazSat-3R-ге бөлінген қаржыға тек шығын деп қарау дұрыс емес. Бірақ мемлекеттен де нақты нәтиже сұралуы керек. Қазақстанға кезекті спутник емес, нақты ғарыш саясаты қажет. Өйткені ертең мемлекеттердің қуаты тек жерінің кеңдігімен емес, ғарыштағы мүмкіндігімен өлшенеді.

Егер біз Байқоңырдың қадірін бүгін түсінбесек, ертең оның мүмкіндігін өзгелер пайдаланады. Ал тарих бір мүмкіндікті екі рет бере бермейді.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, «Байтақ»  жасылдар партиясының төрағасы

Алдыңғы жазбаСоғыс Қазақстан мұнайының жолын бөгеп тұр
Келесі жазбаСайлау алдындағы үгіт басталады