Home Басты жазба Қарыз күліп келеді, жылап кетеді!

Қарыз күліп келеді, жылап кетеді!

22

Қазақстан тағы да қарыз алып жатыр. Бұл жолы бір емес, екі халықаралық банктен. Мәжіліс 2026 жылғы 17 маусымда Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы қарыз келісімдерін ратификациялады. Жалпы көлемі – 154,7 миллиард жапон иенасы немесе 470 миллиард теңгеден астам қаржы. Қарыз 11 жылға беріледі, оның 5 жылы жеңілдік кезеңі.

Бір қарағанда, бұл жаңалықта ерекше ештеңе жоқ сияқты. Үкімет өкілдері мұны қалыпты халықаралық тәжірибе деп түсіндіреді. Мемлекеттік қарыздың деңгейі бақылауда екенін, халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстанның қаржылық жағдайын тұрақты деп бағалайтынын айтады. Дегенмен, «табиғи байлығы мол Қазақстан неге үнемі сырттан қарыз алуға мәжбүр?»  деген  сауал әр бір  қарапайым  адамның  көкейінде  тұрғаны  анық.

«Байлық жерде емес, оны басқара білген қолда» деген сөз бар. Шынында да, Қазақстан әлемдегі табиғи ресурстарға бай мемлекеттердің бірі. Мұнай, газ, уран, мыс, хром, қорғасын, мырыш, алтын, сирек кездесетін металдар – бәрі бар. Кейбір сарапшылар жер қойнауындағы байлықтардың әлеуетті құнын ондаған, тіпті жүздеген триллион доллармен бағалайды. Әрине, мұндай сандардың бәрі нақты дәлелденген қорлардың бағасы емес, бірақ Қазақстанның ресурс қоры орасан екені даусыз.

Десек те, « байлықтың үстінде отырған ел неге бюджет тапшылығын жабу үшін шетелдік банктерге жүгінеді?» деп ой  тураны хақ.

Мәселенің түп-төркіні жер астындағы байлық пен мемлекет қазынасындағы нақты ақшаның екі бөлек нәрсе екенінде жатыр. Мұнайдың немесе металдың жер астында жатуы – байлық. Бірақ ол байлықты өндіру, өңдеу, экспорттау және одан түсетін пайданы тиімді басқару – мүлде басқа мәселе. Қазақстан ондаған жылдар бойы шикізат сатудан миллиардтаған доллар тапты. Алайда сол табыстың едәуір бөлігі ағымдағы шығындарға жұмсалды. Бюджет жыл сайын өсіп келеді, әлеуметтік төлемдер көбейеді, мемлекеттік аппарат кеңейеді, түрлі бағдарламалар қаржыландырылады. Ал шығын кірістен асып кеткен кезде үкімет қарыз алуға көшеді.

Қазір Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы шамамен 160 миллиард доллардан асады деген деректер жиі айтылады. Рас, оның бәрі мемлекеттік қарыз емес. Оның ішінде ұлттық компаниялардың, банктердің және жеке сектордың міндеттемелері де бар. Мемлекеттік қарыздың өзі әлдеқайда төмен. Дегенмен «қарыз күліп келіп, жылап қайтады» деп жатамыз. Яғни, қандай  жағдайда аланғанымен,  ол ертең қайтарылуы тиіс.

Үкіметтің логикасы түсінікті. Егер төмен пайызбен ұзақ мерзімге қаржы берілсе, оны алып, экономиканы дамытуға пайдалану тиімді деп есептейді. Теория бойынша, алынған ақша жаңа жолдарға, энергетикаға, инфрақұрылымға немесе өндірістерге салынса, болашақта олар экономикалық өсім әкеліп, қарыз өзін-өзі ақтайды.

Бірақ басты мәселе қарыз алуда емес. Мәселе – оның қалай жұмсалатынында. Егер алынған миллиардтар нақты табыс әкелетін жобаларға кетсе, онда бұл инвестиция. Ал егер қаржы бюджеттегі тесіктерді жабуға, тиімсіз бағдарламаларға немесе нәтижесі көрінбейтін жобаларға жұмсалса, онда ол болашақ ұрпақтың мойнына артылған ауыр жүкке айналады.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері бірнеше буын өсіп шықты. Мұнай бағасы өте жоғары болған кезеңдерді де көрдік. Бірақ сол мол кірістің есебінен неге бүгінгі күні ел сыртқы қаржыға мұқтаж болып отыр деген сұрақ әлі күнге дейін жауапсыз қалып келеді. Егер табиғи ресурстардан түскен табыс экономиканы әртараптандыруға, өндірісті дамытуға және технологиялық серпіліске толық жұмсалғанда, бәлкім бүгінгі жағдай басқаша болар ма еді.

Қарыздың өзі қорқынышты нәрсе емес. Әлемдегі ең бай мемлекеттердің өзі қарыз алады. Бірақ олардың қарызы экономиканы күшейтуге жұмыс істейді. Ал Қазақстан үшін ең маңызды мәселе – алынған қаражаттың қайтарымы қандай болады? Халық дәл осы сұраққа нақты жауап күтеді.

Себебі бүгін алынған әрбір теңге ертең қайтарылуы керек. Ал оны қайтаратын қазіргі министрлер емес, келешек бюджеттер. Яғни бүгінгі шешімдердің салмағын ертеңгі ұрпақ көтереді. Сондықтан мәселе қарыз алу немесе алмауда емес. Мәселе – ұлттық байлықтың қайда кетіп жатқаны мен қарыздың қандай нәтиже беретінінде.

Қазақстанның қолында табиғи ресурс та бар, адами әлеует те бар. Бірақ байлықтың көп болуы автоматты түрде бай мемлекет болуды білдірмейді. Нағыз байлық – тиімді басқару, есеп берушілік және әрбір алынған қарыздың халыққа нақты пайда әкелуі. Халықты алаңдататын сұрақ та осы. Қысқасы, «Көрпеңе қарай көсілген» дұрыс-ау.

Азаматхан ӘМІРТАЙ,  «Байтақ» жасылдар  партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаАҚШ пен Иран мәмілесі: бейбітшілікке қадам ба, әлде уақытша үзіліс пе?