Home Басты жазба АМАНАТ пен «Әділет»: бірігу ме, әлде жұтылу ма?

АМАНАТ пен «Әділет»: бірігу ме, әлде жұтылу ма?

22

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ, dodanews.kz

Соңғы күндері қоғамда билік  партиясы АМАНАТ пен жаңадан құрылған «Әділет» партиясының бірігуі туралы әңгіме күшейді. Жалпы  бұл қауесет қайдан  шықты? Жұрт неге елеңдеп  отыр?  

«Даудың  басы -Дайрабайдың  көк  сиыры»  демекші,  12 маусымда АМАНАТ партиясының съезі, ал 14 маусымда «Әділет» партиясының съезі өтеді. Көпшілік дәл осы екі жиында партиялардың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдануы мүмкін деп күтеді. Сондықтан қазір саяси кулуарларда айтылып жүрген сұрақтың салмағы артып тұр: Қазақстан жаңа саяси бірлестіктің дүниеге келгенін көре ме, әлде бұл қауесет сол күйі қауесет болып қала ма? Қалай болғанда да, маусымның ортасындағы осы екі съезд елдегі партиялық жүйенің келесі бағытын айқындап беруі ықтимал.

Бір қарағанда бәрі қисынды көрінеді. АМАНАТ – елдегі ең ірі партия. Ұйымдық тәжірибесі бар, өңірлердегі құрылымы қалыптасқан, кадрлық және әкімшілік ресурсы жеткілікті. Ал «Әділет» – жаңа бренд. Оның атауының өзі қазіргі саяси идеологияның басты ұранына айналған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасымен үндеседі.

Сондықтан екі партияның жақындасуы кездейсоқ құбылыс емес. Бұл әлдеқайда үлкен саяси процестің белгісі болуы мүмкін. Шын мәнінде, Қазақстанда соңғы бірнеше жыл бойы ескі саяси архитектураны бөлшектеу жүріп жатыр. Назарбаев кезеңінің институттары біртіндеп тарих қойнауына кетуде. Конституциялық реформалар жасалды. Бірқатар саяси өзгерістер жүзеге асты. Енді билікке жаңа саяси конструкция қажет болуы ықтимал.  Дәл осы тұста «Әділеттің» пайда болуы көптеген сарапшыға жаңа дәуірдің партиясын еске салды.

Ал АМАНАТ ше?                                                                                                              АМАНАТ қанша жерден ребрендинг жасаса да, оның саяси генетикасында бұрынғы «Нұр Отанның» ізі сақталып қалды. Қоғамның едәуір бөлігі үшін бұл партия әлі күнге дейін Тұңғыш Президент кезеңінің символдарының бірі. Сондықтан саяси технология тұрғысынан қарасақ, «Әділет» билік үшін жаңа бастаманың символы ретінде әлдеқайда тиімді көрінуі мүмкін. Осы жерде басты сұрақ туады. Егер екі партия бірігетін болса, онда бұл бірігу ме, әлде жұтылу ма? Себебі саяси тәжірибеде мұндай процестер көбіне тең серіктестердің одағы ретінде емес, бір брендтің екіншісін алмастыруы ретінде жүреді. Басқаша айтқанда, мәселе ұйымдық құрылымда емес. Мәселе символдарда. Егер АМАНАТ ресурсын сақтап, бірақ «Әділет» атауы алға шықса, онда билік қоғамға маңызды саяси сигнал береді: ескі Қазақстанның соңғы ірі саяси мұраларының бірі де жаңа кезеңнің талабына бейімделіп жатыр деген белгі береді. Бірақ дәл осы жерде тағы бір қауіп бар. Қазақстандағы партиялық жүйенің басты мәселесі ешқашан партия саны болған емес. Басты мәселе – саяси бәсекенің әлсіздігі. Бізде партиялар көп болуы мүмкін. Алайда олардың арасындағы айырмашылық қаншалықты айқын? Қайсысы нақты қандай әлеуметтік топтың мүддесін қорғайды? Қайсысы экономикалық саясатқа балама ұсынады? Қайсысы билік шешімдерін ашық сынай алады? Қайсысы қоғамдағы ауыр мәселелерді көтеруге дайын? Бұл сұрақтарға жауап беру қиын. Өйткені көптеген партиялар бір саяси орталықтың айналасында қозғалып жүргендей әсер қалдырады. Сондықтан АМАНАТ пен «Әділеттің» ықтимал бірігуі саяси алаңды кеңейтпейді. Керісінше, оны одан әрі орталықтандыруы мүмкін. Ал бұл ұзақ мерзімде саяси жүйенің дамуына пайдалы бола бермейді.

Қызығы, дәл осы кезеңде Азаматхан Әміртай басқаратын Байтақ партиясы «Әділетпен» коалиция құруға дайын екенін мәлімдеді. Бұл мәлімдеме көпшілік назарынан тыс қалғанымен, саяси мағынасы өте маңызды. Өйткені дамыған демократияларда партиялардың бірігуінен гөрі коалиция құру тәжірибесі кең тараған. Коалиция әр саяси күштің дербестігін сақтайды. Әртүрлі көзқарастардың өмір сүруіне мүмкіндік береді. Ал бірігу көбіне айырмашылықтарды жояды.

Саяси әртүрлілікті азайтады. Сондықтан Қазақстан үшін ең тиімді сценарий партияларды жаппай біріктіру емес, олардың өзара бәсекелесе отырып, қажет жерде коалициялық әріптестік орнатуы болуы мүмкін. Ең маңызды мәселе тағы да кадрларға тіреледі. Егер бір партияның басшылары екінші партияға өтсе, бір лауазымнан екінші лауазымға ауысса, саяси жүйе шынымен жаңара ма? Әлде біз сол адамдардың жаңа кабинеттерге көшкенін ғана көріп отырмыз ба? Қоғам дәл осы сұраққа жауап күтеді. Себебі халыққа жаңа атаулар емес, жаңа нәтижелер қажет.Жаңа логотип емес, жаңа саяси мәдениет қажет. Жаңа ұран емес, жаңа жауапкершілік қажет.                               Сондықтан АМАНАТ пен «Әділеттің» ықтимал бірігуі туралы әңгіменің негізгі мәні партияларда емес. Негізгі мәні – Қазақстан билігінің болашақтағы саяси моделінде.    12 және 14 маусымдағы съездер бұл сұрақтардың бәріне бірден жауап бермеуі мүмкін. Бірақ олар саяси бағыттың қай жаққа бұрылып бара жатқанын анық көрсететін межеге айналғалы тұр. Егер бұл процесс шынайы саяси жаңаруға алып келсе, қоғам оны қолдайды. Ал егер бәрі бұрынғы жүйені жаңа атаумен жалғастыруға ғана қызмет етсе, онда кезекті ребрендинг тарихта ұзақ сақталмайды. Саясатта атауды өзгерту оңай. Сенімді өзгерту әлдеқайда қиын.

 

Алдыңғы жазбаТаяу Шығыста тағы да от тұтанды