Home Басты жазба Сегіз партия, бір дода: халық кімге сенеді?

Сегіз партия, бір дода: халық кімге сенеді?

35

Алдағы Құрылтай  сайлауына  не бәрі  екі жарым ай  ғана қалды. Шілденің басында бүгінгі парламент  тарайды.  Ары  қарай  кезектен  тыс  Құрылтай додасы  басталмақ. Қазірдің  өзінде сайлау  бәсекесі басталып кетті  десек қателеспейміз. Сырт көзге бәрі баяғыдай көрінгенімен, саяси сахнаның ар жағында жаңа қозғалыс жүріп жатқаны хақ. Кеше ғана санаулы партиямен шектелген саяси кеңістікке жаңа ойыншылар шыға бастады. Ол – Әділет партиясы.  Сонымен  бүгінгі  күні  елімізде ресми  тіркелген  сегіз партия бар деп  сенімде  түрде айта аламыз.

Бір қарағанда бұл – көппартиялылықтың белгісі. Бірақ саясатта мәселе партия санының көптігінде емес, олардың қоғамдық салмағында. Қазақта «Көп қорқытады, терең батырады» деген сөз бар. Алайда кейде он партияның арасынан біреуі ғана ықпал етіп, қалғаны саяси статист рөлінде қалып қояды. Сондықтан бүгінгі басты сұрақ – сегіз партияның қайсысы алдағы саяси додада алға шығады? Қай партия халықтың сеніміне ие болады? Қай партия Құрылтайда немесе болашақтағы ірі саяси науқандарда көбірек орын алуы мүмкін?                                                                                 Бұл сұрақтардың жауабы әзірге ешкімнің қолында жоқ. Бірақ бүгінгі саяси ахуалға қарап белгілі бір болжам жасауға болады. Әңгіменің  әлқисасы,  бәрібір Аманаттан басталады. Аманат әлі де биліктің негізгі саяси тірегі болып отыр. Оның елдің әр ауданында бөлімшесі бар. Ұйымдық құрылымы қалыптасқан. Сайлау өткізудің тәжірибесі жеткілікті. Кадрлық резерві де, ақпараттық мүмкіндігі де басқа партияларға қарағанда әлдеқайда мықты. Былайша айтқанда 1 миллионға  тарта  мүшесі  бар.  Әлеуеті  мығым,  қуатты. Сондықтан жақын уақытта оның бірінші орыннан айырылып қалуы екіталай. Дегенмен  кез келген саяси жүйеде жаңа сұраныс пайда болады. Қоғам өзгереді. Жастар өзгереді. Орта тап қалыптасады. Кәсіпкерлердің де, белсенді азаматтардың да талабы күшейеді.                                         Міне, дәл осы тұста Әділет партиясының пайда болуы кездейсоқтық емес сияқты көрінеді.  Мәселен, партия атауының өзі көп нәрсені аңғартады. Соңғы бірнеше жылда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан» идеясын мемлекеттік саясаттың негізгі ұранына айналдырды. Әділетті қоғам, әділетті экономика, әділетті мүмкіндік туралы көп айтылды. Сондықтан қоғамда «Әділет» партиясы осы идеяның саяси жалғасы ма деген сұрақтың туындауы заңды. Әрине, мұны дәлелденген факт ретінде айтуға болмайды. Бірақ саясатта кейде ресми мәлімдемеден гөрі саяси логика маңыздырақ.     Ал саяси логика не дейді?                                                                           Ол бүгінгі Қазақстанға бір ғана ірі партия емес, бірнеше ықпалды жүйелік партия қажет екенін көрсетеді. Өйткені қоғам әртүрлі. Біреуді кәсіпкерлік мәселесі толғандырады. Біреуді ауылдың жағдайы алаңдатады. Біреуді экология қызықтырады. Біреуді әлеуметтік әділетсіздік мазалайды. Осындай жағдайда әртүрлі электоралдық топтарды қамтитын бірнеше партияның болуы билік үшін де, саяси жүйе үшін де тиімді. Сондықтан Әділет партиясының негізгі мақсаты Аманатты ығыстыру емес, жаңа саяси аудиторияны өзіне тарту болуы мүмкін. Меніңше, алдағы  Құрылтай  сайлауында Аманат пен Әділет арасында ашық текетірес болмайды. Бірақ сайлаушының сенімі үшін бәсеке міндетті түрде болады. Аманат тұрақтылықтың символы ретінде көрінсе, Әділет жаңару мен реформаның бейнесіне айналуға тырысуы ықтимал.Осы  тұста ескере кететін  бір жайт,  алдағы  Құрылтайда 145 орын  болатын  болса, оның  кем дегенде  120 –ын   «Аманат»  пен «Әділет» иемденері  хақ.                                                                                                                Ал қалған партиялардың жағдайы қандай?                                                                     Ақ жол бұрыннан келе жатқан тәжірибелі партия. Оның өз электораты бар. Алайда соңғы жылдары қоғам назарын өзіне аудартатын жаңа саяси күн тәртібін ұсына алған жоқ деген пікірлер жиі айтылады. Ауыл партиясының мүмкіндігі де аз емес. Қазақстанның тағдыры әлі де ауылмен тығыз байланысты. Су мәселесі. Жайылым мәселесі. Ауыл шаруашылығы. Азық-түлік қауіпсіздігі. Мұның бәрі ертең емес, бүгінгі күннің мәселесі. Егер Ауыл партиясы осы тақырыптарды нақты ұсыныстармен көтерсе, оның саяси салмағы арта түсуі мүмкін. Республика партиясы да ерекше құбылыс деуге  болады. Оның артында жас кәсіпкерлер мен жаңа буын менеджерлер тұр. Олар саясатқа жаңа мәдениет алып келуге ұмтылады. Бірақ саясат бизнес емес. Компанияны басқару мен қоғамды соңынан ерту – екі бөлек өнер. Сондықтан Республика үшін басты сынақ әлі алда.                                                                Ал Байтақ партиясының жағдайы сәл күрделірек. Бұл жерде мәселе экология тақырыбының әлсіздігінде емес. Керісінше. Алдағы онжылдықтарда су тапшылығы, климаттың өзгеруі, өндірістік ластану, экологиялық қауіпсіздік мәселелері Қазақстан үшін аса маңызды болмақ. Десек  те,  саясатта дұрыс мәселені көтеру жеткіліксіз. Сол мәселені халықтың күнделікті тұрмысымен байланыстыра білу керек. Байтақтың басты қиындығы да осында сияқты. Бүгін партия десе көпшіліктің ойына ең алдымен оның төрағасы Азаматхан Әміртай келеді. Ел аралап жүрген де сол. Кездесу өткізіп жүрген де сол. Пікір айтып жүрген де сол. Ақпараттық кеңістікте көрініп жүрген де көбіне сол. Ал партияның басқа белсенділері көпшілікке онша таныс емес. Ақиқатын  айтар  болсақ, саяси ұйым бір адамның төңірегінде ғана көрінбеуі керек. Партия дегеніміз – ондаған спикер, жүздеген белсенді, мыңдаған жақтастың ортақ бейнесі. Қазір Байтақтың басты мәселесі экологияның маңызсыздығында емес, партиялық команданың қоғам алдында жеткілікті деңгейде көрінбеуінде жатыр. Тағы бір маңызды жайт бар. Кейде Байтақ өзін тек экологиялық партия ретінде ғана көрсететіндей әсер қалдырады. Ал халықты тек ауа мен су мәселесі ғана толғандырмайды. Халықты қымбатшылық толғандырады. Жұмыссыздық толғандырады. Тұрғын үй мәселесі толғандырады. Білім мен денсаулық сақтау толғандырады. Әлеуметтік әділетсіздік толғандырады. Саяси партия қоғамдағы барлық маңызды мәселеге үн қосып отыруы керек. Су тасқыны болса да. Өндірістегі апат болса да. Әлеуметтік дау шықса да. Халықтың мұңы көтерілсе де. Партия өз ұстанымын білдіруі қажет. Өйткені саясаттағы ең қауіпті нәрсе – үнсіздік. Үнсіз партияны халық байқамайды. Байқалмаған партияға дауыс та берілмейді. Қазақ «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді. Саясатта да солай. Халық күн сайын көріп жүрген, пікірін естіп жүрген, мәселесін көтеріп жүрген партияға көбірек сенеді. Егер Байтақ экологияны экономикамен, әлеуметтік саясатпен, халықтың тұрмысымен байланыстыра алса, оның болашағы бар деуге  болар еді. Өйткені таза ауа мен таза су мәселесі түптің түбінде адамның өмір сапасына келіп тіреледі. Ал өмір сапасы – кез келген сайлаушыны толғандыратын басты мәселе.                                                             Ал  енді  еліміздегі  саясат сахнасында кімнің  асығы алшысынан  түсіп  тұр  дегенге келетін  болсақ, мынадай  болжам келтіруге  болар  еді.                               Аманат – әлі де негізгі фаворит. Әділет – саяси маусымның басты жаңалығы. Ақ жол мен Ауыл – тәжірибелі ойыншылар. Республика – тосын нәтиже көрсетуі мүмкін күш. Байтақ болса, өзінің саяси әлеуетін толық ашып үлгермеген партия. Аты  аталмаған  өзге  партиялардыңда  алдағы  сайлауда бағы  жанады  деу артықтау секілді. Дегенмен  бірлі жарлы  орын  тиіп  қалар. Жоққа  шығара алмаймыз.  Бірақ саясат қызық дүние. Кеше мүмкін емес көрінген нәрсе ертең ақиқатқа айналуы мүмкін. Сондықтан бүгінгі басты интрига қай партияның қанша орын алатынында емес. Басты интрига – Қазақстандағы көппартиялы жүйе шын мәнінде қалыптасып жатыр ма, әлде біз әлі де сол ескі сүрлеумен келе жатырмыз ба деген сұрақта. Қазақтың «Бәйге аттың бабында емес, шабысында сыналады» деген сөзі бар. Партияның да шын күші бағдарламасында емес, халықтың сенімінде көрінеді. Рас, сайлауға дейін уәде көп айтылады. Әдемі сөз де көп болады. Бірақ мәреге халықтың сенімін алған партия ғана бұрын жетеді. Бұл  жерде Батыраштар  «жолымды  кесті»  деген  әңгіме айтылмайды. Өйткені кез келген биліктің де, кез келген партияның да ең үлкен капиталы – сенім. Халықтың  сенімі.  Ал сенімсіз саясат – тамыры жоқ ағаш секілді. Дауыл соққанда-ақ құлап түседі. Мұны  ұмытпаған  жөн.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz

Алдыңғы жазбаЭкс-министр Мұхамедиұлына қатысты 1,3 миллиард теңгенің активі мемлекетке қайтарылды