Қырғызстан саясатында тағы бір күрделі кезең басталғандай. Бұл жолы елдің басты назарына айналған тұлға — Қамшыбек Ташиев. Кеше ғана елдің қауіпсіздік жүйесін басқарған, биліктің ең ықпалды фигураларының бірі саналған саясаткерге бүгін «билікті күштеп басып алу» және «қызметтік өкілетін асыра пайдалану» сияқты ауыр айыптардың тағылуы — жай құқықтық оқиға ғана емес, терең саяси процестің көрінісі.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Ташиевке елден шығуға тыйым салынған, ал оның адвокаты Икрамидин Айтқұлов тағылған айыптарды толық жоққа шығарып отыр. Бұл — істің құқықтық жағынан әлі де айқындалмағанын көрсетеді. Бірақ мәселенің саяси астары бұдан да күрделірек. Себебі бұл оқиға жеке бір тұлғаның ісінен әлдеқайда кең ауқымды қамтиды.
Соңғы айларда Қырғызстандағы билік құрылымында көзге көрінбейтін, бірақ айқын сезілетін қайта топтасу процесі жүріп жатқандай әсер қалдырады. Оның бастауында «75-тің хаты» деп аталған үндеу тұр. Елдің бұрынғы премьер-министрлері, депутаттары мен қоғам белсенділері қол қойған бұл құжатта мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу ұсынылған еді. Алайда кейін кейбір қол қоюшылар оның мазмұнымен толық таныс болмағанын мәлімдеуі жағдайдың қаншалықты күрделі әрі ұйымдасу деңгейінің күмәнді екенін аңғартты.
Осы хаттан кейін оқиғалар тізбегі шапшаң өрбіді. Садыр Жапаров Қамшыбек Ташиевті қызметінен босатты. Артынша парламент спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлы отставкаға кетіп, мандатынан бас тартты. Бірқатар депутаттардың өкілеттігінен айырылуы, шенеуніктердің ұсталуы — мұның бәрі бір ғана хаттың салдары емес, жүйелі саяси қайта құрылымның белгісі іспетті.
Бұл жерде ең маңызды сұрақ — Ташиевке тағылған айыптар шынымен құқықтық негізге сүйене ме, әлде бұл саяси тепе-теңдікті қайта қалыптастырудың құралы ма? Қырғызстан саясаты үшін мұндай жағдайлар жаңалық емес. Ел тәуелсіздік алғаннан бері бірнеше рет билік ауысуы, төңкерістер мен саяси дағдарыстар орын алғаны белгілі. Сондықтан кез келген резонансты іс тек заң аясында емес, саяси контекстте де бағаланады.
Ташиевтің өзі жариялаған мәлімдемесінде кінәсіз екенін айтып, әділ сотқа сенетінін жеткізді. Оның «ешқандай әрекетке бармауға» шақыруы — қоғамдағы ықтимал шиеленісті алдын алуға бағытталған қадам. Бұл да оның саяси тәжірибесі мен жағдайдың қаншалықты нәзік екенін түсінетінін көрсетеді.
Саясаттанушы Эмилбек Жороев айтқандай, қазіргі билік бұл мәселені шешудің жолын іздеп жатқан секілді. Яғни, құқықтық нормаларды сақтай отырып, саяси тәуекелдерді де ескеруге мәжбүр. Бұл — кез келген билік үшін күрделі баланс. Бір жағынан заң үстемдігін көрсету қажет, екінші жағынан ішкі тұрақтылықты сақтау маңызды.
Оқиғаның тағы бір қыры — Ташиевтің айналасындағы тұлғаларға қатысты қозғалған істер. Оның жақындары мен саяси серіктеріне қарсы сыбайлас жемқорлық, заңсыз әрекеттер бойынша айыптардың тағылуы — бұл тек жеке істер ме, әлде ықпал аймағын әлсіретуге бағытталған жүйелі қадам ба деген сұрақ туындайды. Мұндай жағдайларда «саяси тазалау» мен «құқықтық жауапкершіліктің» ара-жігін ажырату оңай емес.
Сонымен қатар Конституциялық соттың келесі президент сайлауын 2027 жылға белгілеуі де саяси күн тәртібін айқындап берді. Бұл шешім қазіргі билікке уақыт береді. Демек, бүгінгі процестер ертеңгі саяси конфигурацияны қалыптастыруға бағытталған болуы ықтимал.
Қырғызстан — Орталық Азиядағы ең саяси белсенді, қоғамы сергек елдердің бірі. Мұнда әрбір ірі іс қоғам назарында болады, әрбір шешім қоғамдық пікір сүзгісінен өтеді. Сондықтан Ташиевке қатысты іс тек сот залында ғана шешілмейді, ол қоғамдық санада, саяси элита арасында, халықаралық деңгейде де бағаланады.
Қазір басты мәселе — бұл істің қалай аяқталатынында емес, оның қалай жүргізілетінде. Егер тергеу ашық, әділ әрі заң шеңберінде өтсе, бұл Қырғызстандағы құқықтық жүйенің нығаюына ықпал етуі мүмкін. Ал керісінше жағдайда, бұл оқиға саяси сенім дағдарысын тереңдетуі ықтимал.
Қалай болғанда да, Қамшыбек Ташиевке қатысты іс — Қырғызстанның бүгінгі саяси кезеңінің айнасы. Бұл тек бір саясаткердің тағдыры емес, бұл — билік пен қоғам арасындағы сенім, заң мен саясаттың арақатынасы, тұрақтылық пен өзгеріс арасындағы күрестің көрінісі.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
Dodanews.kz

































