Home Қоғам МЕМЛЕКЕТТІ МАЙШЕЛПЕК КӨРЕТІНДЕР КӨП

МЕМЛЕКЕТТІ МАЙШЕЛПЕК КӨРЕТІНДЕР КӨП

41

                          «Ағыл-тегіл дүниеңде жетпейді,

                                                                     Әділдіктің өзі жетпей жатқан сон».

                                                                                                         Қ.Мырза Әлі

 

      Көбік сөзге  көл де, көңіл де толмайтыны сияқты, бүгінгі таңда іске асырылып жатқан бір қайнауы ішінде шикі шешімдер мен шалағай жобалар көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрады. Бір жақсысы – елді өйтіп-бүйтіп алдарқатып отырамыз; бір жаманы –  халық несібесі – бюджет қаржысын желге ұшырып, «бекер мал шашпаққа» жол беріп жатамыз. Солардың өмірде орынсыз, көңілге қонымсыз бірсыпарасын жіпке тізіп көрейік.

 

      Кез келген елдің жақсы қасиетіне назар аударғанда өз жұртыңның қасиетің де салғастырып отыратының болады.  Қазақ баласының қанында ежелден екі ерекше  қасиеті болған: бірі – қанағат; екіншісі – қайырымдылық. Бұл екі қасиет қан тамырларында оттегі тасып жүйіткіп жүретін эритроциттер сияқты адам өмірін күзетіп тұрады. Сол қызыл қан түйіршіктерінің саны артып кетсе – алаңдайтын түгі жоқ; азайып бара жатса ажал шақырады.  Дөңгеленген дүние нарық әлеміне алып кіргенде қанағат қашып, орнын бәсеке – бақастық басты. Ол өз кезегінде күншілдікті, іштарлықты, қатыгездікті қоздырып, адамдардың мінез-құлқын деградацияға ұшыратып, дәстүр дидарына дақ түсірді. Жөтелден басқанын бәрі бәсекеге айналып кетті. Ал қайырымдылық болса азды-көпті көрініс тауып жатады. Адамдарды былай қойғанда мемлекеттің өзі тым қарабайыр қайырымдылыққа қол ұрып жатады. Айталық, банкттерден үстін-үстіне несие алып, қарызға белшесінен батқан борышкерлерге жалпақшешей үкімет көзді жұмып қойып кешірім жасай салады. Атақты жырау Нұрпейіс Байғанин айтқандай: «Жалқаулар жатып ішер арамтамақ, Ондайлар болады ғой елге салмақ» демейді. Көрпеңе қарай көсіл деп ақыл айтып, қатаң ескертетін адам жоқ. Кешірімшіл үкіметке арқа сүйеген «ақ саусақ, қызыл тырнақ»  өңешін созған өлермендер банкттердің басыбайлы құлына айналған.  Несие алушылардың қолың қақпаған сон бәрі бекер: ашкөз банктер байып, адамдар кедейленіп барады. Борышкерлерге жиі-жиі жасалып жататын кешірімшілдіктен қанша қаржы желге ұшатынын кім есептеп жатыр дейсіз.

      Елде жұмысынан айрылғандар санатына жататын «айрықша» адамдар тобы пайда болды.  Не болса да, кім болса да құшақ жайып қайырымды, қамқор бола қалатын үкіметке не дерсіз.  Мүгедек, кесел, амалы жоқ болса бір сәрі,  аяқ-қолы балғадай, төрт құбыласы түгел адамның қолына қармақ ұстатудың орнына, балық етін қуырып  беріп қарқ етіп жатырмыз. Байғұс жұмысынан айрылып қалыпты деп, қолына айлық-жалақы ұстатамыз.  Соңғы мәліметтерге қарағанда жұмысынан айрылған 331 мың адам  мемлекет тарапынан көмек алып жатыр екен.  Осыдан кейін қайрымды Қазақстан тұрғындары қорықпаса да болады: асыраушы анамыз – үкімет өлтірмейді.  Банктерден алған несиелерін мақсатсыз жұмсап қарызға батқандарды кешіре салатын, жұмысынан айрылғандарға айлық беріп алақанға салып отыратын жалпақшешей – майшелпек мемлекетке айналып бара жатқан сияқтымыз.

     Кеңестік гельминтология ғылымының негізін салған  академик К.Скрябин: «Медицина адамды, ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деген екен. Айтса айтқандай-ақ,  ветеринария қызметінің маңызына мән бермей астан-кестенің  шығарып тастаған едік, енді біртіндеп бетбұрып жатқан жайымыз бар. Арнайы көліктермен қамтамасыз етіп, айлық-жалақыларын өсіріп, дәрі –дәрмек, вакцина т.б. қағажу көріп жатқан жоқ. Бірақ алағал қолдары береген болмай тұр. Жалақылары өскен сайын, жауапкершіліктері жоғалып барады.  Ертеде ауырған малды емдейтін қызметкерлерді «коновал» деп атаған. Қазір де сол атауынан онша алыс ұзап кете қойған жоқ. Жекенін қолындағы мал ауырса әлгі «коновалдар» ем-дом жасағандай болып, «өйтіндер, бүйтіндер, Алла шипасын берсін» деп қол ақысын алып тайып тұрады.  Өлген-жіткен малға жауап бермейді. Бүгінгі ветеринария қызметінің жай-күйі артық саусақ секілді өлімші халде.  Жұқпалы аурулар жайласа бармақ басты, көз қыстымен бәрін жасырып жабады. Бюджет бүйірін сорып жатқан, оған енді жемқорлықты қоссаңыз ветеринария  қызметіне жұмсалып жатқан қаржының обал-сауабын ойлап жатқан ешкім жоқ.

      «Таза Қазақстан»  экологиялық акциясының жарнамасы жер жарып тұр. Күндіз-түні телерадиодан түспейді. Тәп-тәуір бастаманың ту-талақайын шығаратын қашанғы әдетіміз.  Жол бойы мен көшелерді күл-қоқыстан тазартып жүрген бірен-саран адамдарды анда-санда көз шалады. Отырғызылған ағаш көшеттерінің саны басындағы шашыннан көп.  Апыр-ай, ә. Ескі тал теректер болмаса,  жапырағы жайқалып тұрған жас көшеттерді көрмейсің. Қағаз жүзінде бәрі қатып тұрған сияқты. Ақордаға қарай ағылатын ақпардың ағыны  қатты.  Айталық, республика аймақтарында 351 млн ағаш отырғызылды деген мәлімет  бар. Мұндай қарқынмен таяу жылдарда қазақ даласы қара орманға айналып, аяқ басып жүре алмай қалармыз, сірә. Бәрін көтеруге қауқары жететін ақ парақ бетіндегі ақпарға қарап Ақорданың көңілі тоқ, әкімдердің уайымы жоқ.

     Әкім демекші, жоғарыдағылардың жетектеуімен Жетісай ауданына ғайыптан тайып Серік Мамытов  деген біреу әкім болып тағайындалғанда халықтың пікірі қақ жарылған: бірі-жас келсе іске деп жарамсақтанды; екіншісі – аузынан ана сүті кеппеген бала не тындырады деп түңілді.  Екі пікірдің де жаны бар болып шықты.  Сол әкімшырақ шұғыл іске кірісіп кеткендей болған.  Асығыс басталған істің ақыры ұятпен  аяқталатынын кім білген.  Жетісай-Шардара тас жолының бойындағы Қызыл кітапқа енген жыңғыл ағаштарын түп-тамырымен қопарып,  елдің малы жайылатын тоқымдай жердің ту-талақайын шығарып, ағаш көшеттерін отырғызды.  Ниеті түзу демесеңіз, әкімнің бұл тірлігінен  түк шықпады. Қараусыз қалған көшеттер қурап тыңды.  Бірақ әкім  тыраштанып тоқтар емес.  Жылда әуреге түсіп жатқанымен көктеп-көгерген, жапырақ жайғаг тал-шыбықты көрмейсің.  Бәрінен бұрын жұмысшылардың маңдай тері, техникаға жанар-жағармайға, ағаш көшеттеріне қоршау қадаларына, сым –торға т.б. жұмсалған қаржынын топырақ астында көміліп қалғанын обал болды-ау деп отырған ешкім жоқ.

     Бір елдің ханы  халқының қаншалықты адал екенін білгісі келіп: «Елдің мәдени өсіп-өркендеуін көрсету үшін қаланың ортасына бір бассейін жасаймын. Сіздердің көмектеріңіз керек.  Ол үшін қаланың  әрбір тұрғыны бір шелек сүт әкеліп бассейінге құйса,  өз борышын орындаған саналады»,-деп жалпақ жұртқа жар салыпты.  Ханның үндеуін халық ұнатпаса да үнсіз қабылдап, амал нешік, түні бойы борышын орындауға кірісіпті. Хан таң ата төсегінен тұрып, бассейінге барып қараса бассейін іші сүтке емес, суға толып тұрғанын  көреді. Сөйтсе адамдардың бәрі бірдей «Осыншама халық арасынан мен ғана  сүт орнына су апарсам,  ештене де өзгере қоймас»,- деп ойлап, бассейінге құр су құйған екен. Бұл тәмсілдің ойға түйгеніміз: біз бірінші кезекте адамдардың бойындағы адалдықты өлшеп-пішіп алып, «ештене де өзгере қоймас» дейтін керітартпа кеселден құтылуымыз керек.  Әйтпесе ең жақсы деген жобалар да, ең сәтті бағдарламалар да, ең шынайы шешімдер де елді еңбекқорлыққа баулып,  жан-дүниесіне жарық шашпайды.

     Талай жылдардан бері іске асырылып келе жатқан «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы ас-суы мол «алтын астауға»  айналғалы қашан.  Қызметінен босап қалғандарды, тегін тамаққа тік қасық тоғышарларды тізімге тіркеп қойып, желге еңкейіп  шөп басың  сындырмаса да алақандарына ай-сайын ақша салып беріп отырады.  Мұрныңа  масылдықтың иісі келеді.

     Біздің айтайын дегеніміз, мемлекет қаржысын жемқорлардың үптеп кетіп жатқаны аздай-ақ, қорда барымызды қолды етіп,  шикі жобаларға төгіп-шашып, «бекер мал шашпаққа» жол беріп жатқанымыз қайбір оңған тірлік дерсіз.

 

                                                            Махамбет Сапармұратов,

                                                            білім беру ісінің құрметті қызметкері

                                                            Түркістан облысы

Алдыңғы жазбаҚауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті
Келесі жазбаГеосаясаттағы жаңа ойыншы: түркі әлемі оянып келеді