Қазақстанда Менделеев кестесі элементтерінің жүзден астамы бар дегенді жиі айтып мақтанып жатамыз. Сол байлықтың ішінде бүгінгі әлем таласып отырған сирек және стратегиялық металдар да жетерлік. Бірақ мәселе – олардың барында емес, оларды кім және қалай игеріп жатқанында емес пе! Біз ондаған жыл бойы мұнай мен металға сүйенген экономикамен өмір сүріп келеміз. Шикізатты қазып аламыз, сыртқа сатамыз, болды. Ал одан әрі не болады – ол басқа елдердің шаруасы. Қосылған құн, технология, өндіріс – бәрі шетелде қалып қояды. «Байлық – қолдың кірі» дейді қазақ. Бірақ сол «кірді» жуып, пайдаға асыра алмасақ, оның не керегі бар?
Қазір дүниежүзілік ойын өзгерді. Кеше мұнай кімнің қолында болса, билік соның қолында еді. Бүгін сол рөлді сирек жер металдары алды десек қателеспейміз. Сирек металдар «жаңа заман мұнайы» деген тәмсіл жиі айтылады. Рас, бұл салада Қытай айқын үстемдікке ие – әлемдегі өңдеудің 70-80 пайызын бақылап отыр. Бұл жай статистика емес, бұл – технологиялық тәуелсіздік пен геосаяси ықпалдың көрсеткіші. Ал біз ше? Біз сол деңгейге жете аламыз ба, әлде тағы да шикізат шетке ағатын ел болып қала береміз бе? Мәселе осында болып тұр. Қазақстанда сирек және стратегиялық металдардың қоры жеткілікті. Мәселен, олардың ішінде:
– литий – электр көліктерінің «жүрегі», аккумулятор өндірісінің негізі;
– кобальт – жоғары қуатты батареялар мен авиациялық қорытпалар үшін қажет;
– бериллий – ғарыш және ядролық технологияда қолданылады;
– тантал мен ниобий – электроника мен әскери техникада таптырмас элементтер;
– сирек жер элементтері (неодим, лантан, церий) – жел генераторлары, радарлар, зымыран жүйелері мен заманауи электрониканың негізі. Яғни бұл жай ғана металл емес. Бұл – қорғаныс, ғарыш, цифрлық экономика, жасыл энергетика деген сөз. Яғни, кім осы ресурстарды бақылайды – сол болашақта өзгелерге өз әмірін жүргізе алады деген сөз. Қазіргі күні, АҚШ, Еуропа одағы және басқа да ойыншылар бізге қызығушылық танытып отыр. Бір қарағанда, бұл – үлкен мүмкіндік. Бірақ тарихқа қарасақ, бұл жерде сақ болмасақ, сол мүмкіндіктің өзі қауіпке айналуы мүмкін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын еске түсірейік. Мұнай-газ саласында шетелдік инвесторлармен ірі келісімдер жасалды. Иә, олар қаржы әкелді, өндірісті жолға қойды. Бірақ келісімшарттардың көпшілігінде ұлттық мүдде толық қорғалмады. Табыс тең бөлінбеді, бақылау толық бізде болмады. Соның салдарын әлі күнге дейін көріп отырмыз. Сол қателікті енді қайталау – кешірілмейтін қателік болар еді. Бүгінгі келісімдерде бір нәрсе анық болуы керек:
Қазақстан өз байлығының жай иесі емес, толыққанды қожайыны болуы тиіс. Егер біз тағы да тек лицензия беріп, шикізатты сыртқа шығаруға жол ашсақ – ертең тағы да сол баяғы сценарий қайталанады. Ал егер шарттарды дұрыс қойсақ:
– өңдеу зауыттары ел ішінде салынса;
– технология трансфері нақты талап етілсе;
– кадр даярлау мен ғылымға инвестиция міндеттелсе;
– стратегиялық бақылау мемлекетте қалса – онда ғана бұл сала елге жұмыс істейді «Өз үйің – өлең төсегің» дейді. Бірақ сол үйдің кілтін басқаға ұстатып қойсақ, оның жайлылығы да, пайдасы да бізге бұйырмайды. Сирек металдар – бұл жай экономикалық ресурс емес. Бұл – XXI ғасырдың билігі. Егер осы салада ұлттық мүдде бірінші орынға қойылса –
Қазақстан тек ресурс иесі емес, технологиялық державаға айналуы мүмкін. Қысқасы, мен елімнің сол деңгейге көтерілгенін көргім келеді.
Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы

































