Home Қоғам Өскен экономика, өсе алмаған табыс

Өскен экономика, өсе алмаған табыс

34

Қазақстан экономикасы 2025 жылды екіұдай күйде қорытындылады деуге толық негіз бар. Бір жағынан, соңғы он жылдан бергі ең жоғары өсімнің бірі тіркелді, екінші жағынан, сол өсімнің «дәмін» халық толық сезіне алды деу қиын. Сан бар, серпін бар, бірақ сұрақ та аз емес.

Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі шамамен 6–6,5 пайызға өсті. Бұл – Үкімет бірнеше жыл бойы қол жеткізе алмай келген көрсеткіш. Экономиканың драйвері бұрынғыша шикізат емес, нақты сектор бола бастағаны байқалады. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік пен логистика, ішкі сауда айтарлықтай өсім көрсетті. Әсіресе транзиттік әлеуеттің артуы – геосаяси ахуалдың өзінде Қазақстанның ұтқан тұстарының бірі. Теміржол, автокөлік, порт инфрақұрылымдары арқылы өтетін жүк көлемі күрт артты, бұл бюджетке де, қызмет көрсету секторына да дем берді.

Ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында да қозғалыс бар. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үй салу, инфрақұрылым тарту жалғасты. Инвестиция көлемі де азайған жоқ, керісінше ішкі инвестиция үлесі біртіндеп артып келеді. Бұл – экономиканың біртіндеп «өз аяғына тұруға» ұмтылып жатқанын көрсететін белгі.

Алайда осы оң көрсеткіштердің көлеңкесінде тұрған ең үлкен проблема – инфляция. 2025 жылы баға өсімі 10–11 пайыздың төңірегінде қалыптасты. Экономика өскен сайын халықтың табысы да қатар өссе бір сәрі, бірақ іс жүзінде жалақының өсу қарқыны инфляцияны толық жаба алмады. Күнделікті тұтынатын азық-түлік, коммуналдық қызмет, импортқа тәуелді тауарлар қымбаттады. Бұл ретте макроэкономикалық өсім қарапайым азаматтың қалтасында онша сезілмеді.

Ұтылған тұстардың бірі – экономиканың әлі де сыртқы факторларға тым тәуелді болуы. Мұнай бағасы, әлемдік нарықтағы құбылмалылық, геосаяси шиеленістер ұлттық валютаға қысым түсірді. Теңге тұрақсыздығы импорт бағасын қымбаттатып, инфляцияны одан әрі ушықтырды. Яғни біз өсімді негізінен өндіріп жатырмыз, бірақ оны қорғап қалу тетіктері әлсіз.

Соған қарамастан, 2025 жылды толық сәтсіз деуге болмайды. Бұл жыл Қазақстан экономикасы үшін «саннан сапаға өту» кезеңінің басталғанын көрсетті. Мемлекет экономиканы әртараптандыруды сөз жүзінде емес, нақты көрсеткіштер арқылы дәлелдеуге тырысты. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі артты, қызмет көрсету саласы кеңейді, логистика мен транзит жаңа маңызға ие болды.

Ал биылғы, яғни 2026 жылға қатысты болжамдар біршама салқынқанды. Үкімет пен халықаралық қаржы институттары экономикалық өсім 4,5–5 пайыз шамасында болады деп күтуде. Бұл – рекорд емес, бірақ тұрақты даму үшін жеткілікті деңгей. Негізгі үміт – инфляцияның баяулауы, ақша-несие саясатының қатаңдығы нәтижесін бере бастауы. Егер баға өсімі тежелсе, өткен жылғы экономикалық серпіннің нақты пайдасы халыққа сезіле бастауға тиіс.

Алдағы кезеңде басты мәселе – өсімнің өзін емес, оның сапасын сақтау. Экономика цифр жүзінде емес, тұрмыс деңгейінде өлшенуі керек. Үкімет үшін де, жалпы мемлекет үшін де негізгі сын енді осы болмақ.

Осы тұрғыда 10 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысы ерекше мәнге ие. Бұл жиында 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындысы ғана емес, алдағы кезеңдегі нақты басымдықтар, жауапкершілік пен талап деңгейі айқындалуы тиіс. Экономика өсті, енді сол өсімнің ел өміріне қалай әсер ететініне жауап беретін уақыт келді деуге  болады.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Dodanews.kz

Алдыңғы жазбаАстана мен Исламабад неге жақындасып жатыр?
Келесі жазбаӘскери дайындық пен қатқыл мәлімдемелер: АҚШ–Иран текетіресінің жаңа кезеңі