2019 жылдан бастап еліміздегі ең төменгі күнкөріс шегі 26, 440 теңгені құрады.
Статистика мамандарының есебінше, аталмыш қаржы бір адамға бір айға күн көріс себеті бойынша азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарын сатып алуға жетеді. Ал әлеуметтанушылардың есебінше, 26,440 теңгеге азық-түлік себетіне енетін азық-түліктерді сатып алу мүмкін емес. Себебі, биылғы жылы доллар өскелі азық-түлік бағасы елде әр апта сайын қымбаттап отырған.
«Аналитик» талдау орталығының сарапшысы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, 2018 жылы халық тұтынатын ең қажетті деген 32 түрлі өнім қатты қымбаттаған. Әсіресе еттің бағасы «ұшып» тұр. Бұл ретте маман 26,440 теңгемен халық аш құрсақ болып жүретінін ашып айтты.
«Күн көріс себеті ең төменгі күн көріс шегіне қарай есептелетіндіктен осы 26,440 теңгеге біз әр адамның күн көріс себетін енгізіп отырмыз. Осы соманың 60 пайызына халық азық-түлік сатып алады, қалғанына тұрмысқа қажетті күнделікті тұтынатын заттарын алады. Доллардың бағамы мың құбылғалы бері бір ғана Алматының өзінде халық ең көп тұтынатын өнімдердіңң бағасы апта сайын қымбаттады. Еттің, сүттің, кондитерлік өнімдердің бағасы, консерві өнімдері, сусындар, кір жуғыш заттар барлығы қымбат. Ал енді ойлаңыз, 26,440 теңгеге қарапайым халықтың толыққанды тамақтану жүйесін қалай қалыптастырамыз? Бір адам сапалы тамақтану үшін 50 мың теңге қажет. Халық қашанғы аш құрсақ болып жүреді? Егер біз салауатты өмір ұстанғымыз келсе, осы мәселені жүйелі шешетін уақыт жетті»,-дейді сарапшы Тоғжан Шаяхметова.
Маманның пайымдауынша, 2014-2015 жылдармен салыстырғанда 2018 жылы халық қаржысын азық-түліктен қатты үнемдей бастаған. Халық күнделікті тұтынуы тиіс ет, жұмыртқа көкөінс, сүт өнімдері тұтыну деңгейі төмендеп кеткен.
Сарапшының бұл сөзі дәлелді болуы үшін біз аталмыш деректерді арнайы сызбамен көрсеттік. Төмендегі сызбадан расымен де қарапайым халықтың күнделікті тұтынуы тиіс тағамдарының көлемі азайып кеткенін аңғаруға болады.
Осылайша экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова алға тартып отырғандай, қымбатшылық қысқан кезеңде бір адам сапалы азық-түлікпен ауқаттану үшін 50-60 мың теңге кетеді. Бұдан барып біз күн көріс себетін қайта қарау қажеттігін түсінеміз. Сондықтан тиісті орындар қарапайым халықтың жайына алаңдаса осы мәселені шешуге тырысқаны жөн.
Бұған қатысты «болашақта ең төменгі жалақы деңгейін 60-70 мың теңгенің көлеміне дейін өсіріп, күн көріс себетін қайта қарастырған жөн» дейтін мамандар да бар.
«Инфляция көлемі жыл сайын артып отыр. Осыған қарап өз басым, себетте көрсетілген 43 түрлі тағамды халық кең молынан қолданып отыр деп айта алмаймын. Қарапайым халық тек тапқанына азық-түлік алады, сосын коммуналдық қызмет төлейді, жолақысын төлейді болды. Ал енді ол адам демалып, қыдырып, ел-жұрт көрмей ме?! Тек қана жетпейтін тірлігін ойлап езіліп отыра бере ме? Меніңше, күн көріс себетін ең төменгі жалақымен емес, орташа жалақы мөлшерімен есептеген жөн. Сонда ғана қымбатшылық қысқан халықтың еңсесі тіктеледі деп ойлаймын. Ең төменгі жалақы мөлшері 60-70 мың теңгенің көлемінде болса, күн көріс себеті осыған қарап түзілсе адамдардың салауатты өмір сүруіне мүмкіндік ашылар еді. Англияда тұтыну себетіне шарап пен ақ қайнар, сұлулық салондарына бару, косметикалық құралдар сатып алу, көлік жалдау, таксимен жүру қызметтері де енген. Ал бізде нан, картоп, көкніс, ет, қант, сүт. Бізде осы өнімдер ғана күн көріс себетінің негізі болып табылады. Қазір халықарақ денсаулық сақтау ұйымының өзі тұтыну себетінің көлемін ұлғайту керектігін жиі айтады. Сондықтан осы жайттарға мән берілгені дұрыс»,- дейді экономика ғылымының докторы, Жұмаділда Баяхметов.
Біз маманның сөз дәлелді болуы үшін Англиядағы тұтыну себетіне енетін қызметтер түрін арнайы сызбамен көрсеттік. Сызбадан аталмыш елде күн көріс себетіне енетін қызмет түрлерін анық көруге болады.
Жалпы, мамандар алға тартып отырғандай бұл ретте Англиямен иық тіресе алмасақ та, көршілес ТМД елдерінен үлгі алуға да болады. Экономист-сарапшы Марал Төртенованың айтуынша, Украина, Беларус, Армения осы елдері қазірде салауатты тамақтану жүйесіне кірігіп келе жатқанын көрінеді.
«Біз салауатты өмір сүру, адам каптиалы туралы жиі айтамыз да, бірақ адам капиталын дамытуға қатысты бірінші мәселе азық-түлік сапасы екеніне аса мән бермейміз. Сондықтан болашақта экономикасы дамыған, адам капиталы артқан ел болуымыз үшін де осы мәселелерге мән бергеніміз абзал. Халықты аш құрсақ етуді доғару керек. Тіпті қайсыбір зерттеушілер арасында «әйелдер мен жасөсіпірім қыздар тамақты аз тұтынады, сондықтан олардың тамақтану мөлшері, грамы бұдан да аз болуы керек» дейтіндер бар. Ер адамдарға бөлек, әйел адамдарға бөлек, зейнеткерлерге бөлек, жасөспірімдерге бөлек, қыздарға бөлек, жігіттерге бөлек күн көріс себетін онсыз да есептеп жүрміз. Мысалы, бізде жігіттер күн көріс себеті бойынша есептегенде 35 мың теңгенің көлемінде қаржы жұмсайды делінген. Ал қыздар 27,349 теңге жұмсайды екен. Жасөспірімдердің тарифі осындай болса, ер адамдардікі 33 мың, әйелдердікі 26 мыңнан сәл асады. Зейнеткерлердікі де 26, 440 теңгенің шамасына жетеді. Сондықтан осы арада бір жүйелік керек. Күн көріс себетіне 43 түрлі тағам ену керек дейміз де, артынша олардың саны бар да сапасы жоқ болып шыға келеді. Бұл мәселеге мән беру керек. Шешімін табу керек. Халықты бұлай емексітуге болмайды. 26 мың теңгені бір айға жеткізу мүмкін емес. Сондықтан ең төменгі күн көріс шегін 50 мың теңгеге дейін өсіріп, күн көріс себетін де сол 50 теңгенің көлеміне қарай өзгерту қажет»,- деді Марал Төртенова.
Қазақстандағы күн көріс себетінің жас аралығына бөлініп есептелген түрін де біз арнайы сызбамен көрсеттік. Төмендегі сызбада әр жас аралығына қарай күн көріс себеті есептелген.