Home Жаңалықтар 1989 жылдың отты маусымы…

1989 жылдың отты маусымы…

30

Бұл  мақала 2009 жылы «Жас Алаш» газетінде  жарық  көрген. Сәл  қысқартып, қайта  ұсынуды  жөн  көрдік. Иісі  қазақтың  намысын  жанып,  рухын  көтерген бұл көтеріліс  жөнінде кейінгі  ұрпақ біле  жүргені  артық  болмас. Кешегі  көк  түріктің  ұрпағы,  алаш  баласы  оңай шағылар  жаңғақ  емес. Қаһарланса, қара  дауыл  тұрғызып, өр  өзенді  кері  ақтырар қуаты  барын,  кім болса да  естен шығармағаны  ләзім.

1989 жылдың отты маусымы…

 

Бұдан жиырма жыл бұрын, яғни 1989 жылы маусымның 16-19-ы күндері Жаңаөзен қаласында кешегі Кеңес үкіметінің шаңырағын шайқалтып кете жаздаған үлкен көтеріліс болды. Бұл көтеріліске бүгінгі күнге дейін лайықты тарихи баға беріле қойған жоқ. Біреулер «1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасы» десе, енді бірі «Жаңаөзен көтерілісі» деп атап жүр. Шындығында мұны оқиға емес, «халық көтерілісі» дегеніміз дұрыс. Оқиға деп әдетте күнделікті болып жатқан тосын жағдайларды атаймыз, мысалы, жол апаты, төбелес, өрт т.б.
Жаңаөзен көтерілісі Маңғыстау облысын түгелдей шарпыды. Жетібай, Құрық Шетпе, Бейнеу кенттерінде, Қаламқас, Қаражанбас кенорындарында, Форт-Шевченко, Ақтау қалаларында жаңаөзендіктерді қолдаған халық толқуы болып өтті. Бұл толқуға облыс көлемінде 80 мыңға жуық адамдар қатысты. Әскер, тікұшақ, танкілер пайдаланылды. Қан төгілді.
Халық неге көтерілді? Халықтың бұлайша ашынуына қандай жағдайлар әсер етті? Салдары қандай болды? Жаңаөзен көтерілісінің тарихи маңызы неде? Бұдан біздер қандай сабақ алуға тиістіміз? Міне, бұл жолы осы сұрақтар төңірегінде ой өрбітуді жөн деп санадық.


Біріншіден, империялық кеңес үкіметі қазақ халқының тілін, дінін, әдет-ғұрпын ұмыттырып, жерінен, рухынан айырып, орыс тілді мәңгүрт халық дайындағысы келді. Сондай тәсілдердің бірі жергілікті қазақ халқын азшылыққа айналдыру үшін жан-жақтан өзге ұлт өкілдерін әкеліп, шұрайлы жерлерге орналастырды. Ол үшін «тыңды игеру» деген желеумен Қазақстанның солтүстік облыстарына миллионнан аса өзге ұлт өкілдерін әкеліп қоныстандырды және сырттан келген басқа ұлттардың өкілдеріне барлық жағдайларын жасады. Тіпті, қазақтың жер-су аттарын ұмыттыру үшін оларды өзгертіп, елді мекендерге келімсектердің қатындарының, тіпті ертіп келген иттерінің аттарына дейін берді. Бұл күндердің күнінде «менің жерім» дейтіндей дәлел қалдырмау үшін керек болды. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдай уақыт болса да ол атаулардан әлі күнге дейін толықтай арыла алмай келеміз.
Маңғыстаудың қасиетті топырағында 60-шы жылдардың басында қара мұнай атқылай бастады. «Осы мұнайды игереміз» деген сылтаумен Маңғыстауға жан-жақтан өзге ұлт өкілдері жаппай келе бастады. Жергілікті қарапайым халық мұнай өнеркәсібіне көп тартыла қойған жоқ. Оларды көбінесе ауылдан, мал шаруашылығынан айырмауға тырысты. 1989 жылғы халық санағы бойынша Жаңаөзен қаласында 58 мың адам болды. Оның 32 мыңы қазақ, 16 мыңы кавказдықтар, 10 мыңы славян ұлт өкілдерінен құралды. Қалада барлық жылы-жұмсақты, майлы-сүбелі жерлер биліктегі шенеуніктерді алдап-арбап, сатып алған кавказдық ұлт өкілдерінің қолында болды. Өндіріс, халыққа қызмет көрсету, құқық қорғау орындарында кавказдық ұлт өкілдерінің саны басым болды. Олар сол кезде Жаңаөзенді «екінші Грозный» деп атады.
Жергілікті қазақтар екінші сорттағы халыққа айналды. Кез келген мәселені шешудің өзі кавказдықтардың (әсіресе, шешендердің) рұқсатымен жүзеге асып отырды. Кавказдықтар мен қазақ жастарының арасында жиі-жиі төбелестер болып тұрды. Адам өлімі болған кездер де көп болды. Бірақ, жергілікті билік бұл оқиғаларды жоғарғы жақтардан үнемі жасырумен келді. Жергілікті халықтың ашу-ызасы күннен күнге күшейе түсті.
1989 жылдың 16-шы маусым күні сағат кешкі 19.00. шамасында жастардың би кешінде қазақтар мен кавказдықтардың арасында төбелес болды, мұның арты талай жылдардан бері сыздауықтай сыздап тұрған жараның жарылуына әкеп соқты. Көтерілісті ешкім ұйымдастырған жоқ, стихиялы түрде жүрді. Бұл – ұлтаралық қақтығыс түрінде басталған, кеңестік қызыл империяның солақай саясатына қарсы жергілікті қазақтардың өз саяси-экономикалық, әлеуметтік құқықтарын талап етуі болатын. Олар жоғарыда отырған компартия басшыларына өз үндерін естірту үшін көшеге шықты.
Жаңаөзендегі толқуға 25-30 мыңдай халық қатысты. Бұл жағдай империялық кеңес үкіметінің төбе шашын тік тұрғызды. Мұндай көтерілісті дер кезінде басып жаншып тастау үшін мұздай қаруланып, арнайы дайындықтан өткен төрт мыңдай жазалаушы жасақ (спецназ) түсірілді. Ол аздай екі мыңға жуық ішкі әскер мен милицияны әкелді. Сол кезде Жаңаөзен қаласы соғыс орталығына айналғандай әсер берді. Көшелерде әскери техникалар, БТР-лар, танктер, әуеде әскери тікұшақтар күндіз-түні шыр айналып ұшып жүрды. Олар кез келген сәтте бомбалауға, атқылауға дайын болатын. Қақтығыс негізінен әскерлер мен жергілікті халық арасында өтті. Солдаттардың қару қолданып, халыққа оқ жаудыруы жергілікті адайларды ашындыра түсті. Арнайы жасақпен қақтығыс кезінде 21 қазаққа оқ тиіп, олардың үшеуі қаза тапты.
Еліміздің тәуелсіздік жолында құрбан болған азаматтар Нұрберген Тілеубергенов -36 жаста, Төлеп Жаңай -37 жаста, ал Оңдасын Отарәлиев бар болғаны 21 жаста болатын. Олар қызыл империя жендеттерінің атқан оғынан қаза тапты. Бір жігіт жарақат алып аяғынан айырылса, енді бірі көз жанарынан айрылды. Жүздеген адам ауруханаға түсті. Осыған ашынған жергілікті халық алған бағыттарынан қайтпады. Мәскеуден арнайы келген билік өкілдерінің көтерілісшілердің талаптарын орындаудан басқа амалдары қалмады. Олар 14 мыңнан астам кавказдық ұлт өкілдерін өздерінің елдеріне еріксіз көшіріп жіберуге мәжбүр болды, жүздеген «Икарус» автобустары кавказдықтарды тиеп Ақтау әуежайына аттанды. Олардың төбесінен тікұшақпен қорғап отырды. «Бауырларымызға көмек көрсетеміз» деген Маңғыстаудың барлық елді-мекендерінің жігіттері Жаңаөзенге аттанды. Бірақ, ол кезде Жаңаөзен қаласының іші- сырты бірдей қалың әскердің қоршауында еді. Қалаға бір де бір адам кіргізілген жоқ. Маңғыстаудың көптеген жерлерінде төтенше жағдай жарияланды. Құлсарыдан Жаңаөзенге көмекке келе жатқан жүздеген жігіттердің пойыздарын орта жолдан тоқтатып, кейін қайтарды.
Сол кездегі көтерілісшілердің қолынан жарақат алып, ауруханаға түскен арнайы жасақ әскері Андрей есімді жігіт өзінің жеке күнделігінде былайша жазыпты. «Мен спецназ өкілі болғандықтан түрлі қақтығыс, көтеріліс болып жатқан жерлерге бардым. Біздер, әскерилер келе жатқан қалың топтың үстінен асыра оқ атқанда, олар «әке, көкелеп» етпеттерінен жата қалушы еді. Ал мұнда (Жаңаөзенде) мүлдем басқаша болды. Біздер келе жатқан топ халықтың үстінен «тоқтаңдар» деп ескерту ретінде оқ жаудырдық. Олар бір сәт тұра қалды. Кенет араларынан бір жігіт шығып: «Қорықпаңдар, олардың оқтары резеңке» деп айқайлады, осы сәтте мыңдаған адам арнайы жасаққа лап қойды. Мен міне, ауруханада жатырмын. Өмірімде мұндай қайсар, өжет халықты көрген емеспін» деп жазыпты. (күнделік ауруханада қалып қойып, оны жергілікті адамдар тауып алған.) Міне, бұл халықтың әбден ашынғандығының көрінісі емес пе? Сол кездерде барлық мектептер солдаттардың казармасына айналды. Мәскеуден келген КГБ қызметкерлері бұл сәттің бәрін бейнетаспаға, суретке түсіріп алды. Көтеріліс 19 маусым күні аяқталды. (Бірақ, қала ішінде коменданттық сағат тәртібі бір ай бойы орнап тұрды). Осылайша бас аяғы үш күн ішінде Жаңаөзен қаласы кавказдықтардан босады. Бес жігіт әр түрлі сылтаулармен жала жабылып, сотталды. Бірақ, жаппай қудалау болған жоқ. Үкімет жергілікті халықтан сескенді.
Көтеріліс халықтың рухын көтерді. Ел кеңестік саясаттың кесірінен жойылуға аз ғана қалған рухани құндылықтарын қайтаруға мүмкіндік алды.

Жәнібек ҚОЖЫҚ,
Маңғыстау облысы
«Жас Алаш» газеті 2009 жыл

Алдыңғы жазбаАШЫНҒАННАН ШЫҒАДЫ АЩЫ ДАУСЫМ…
Келесі жазбаГүленнің «күні» бітуге жақын