Home Басты жазба Түркі мемлекеттері ұйымы әскери одаққа айнала ма?

Түркі мемлекеттері ұйымы әскери одаққа айнала ма?

19

 

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz

Түркістанда өткен бейресми саммитті көпшілік тағы бір дәстүрлі дипломатиялық жиын ретінде қабылдауы мүмкін. Әдемі суреттер, ортақ декларациялар, түркі бірлігі туралы пафосты сөздер. Бірақ биылғы кездесудің астарында әлдеқайда үлкен әңгіме жатыр. Бұл жолы Түркі мемлекеттері ұйымы өзінің кім екенін, қайда бара жатқанын және ертең қандай күшке айналатынын іштей таразылаған саммит өткізді деуге болатындай.

Рас, әлем өзгеріп жатыр.  Бұрын халықаралық ұйымдар тек экономика мен мәдени байланыс үшін құрылатын. Қазір олай емес. Енді әрбір ұйым — геосаяси тірек. Әр блок — ықпал аймағы. Әр одақ — қауіпсіздік мәселесі. Сондықтан Түркі мемлекеттері ұйымы туралы әңгімені енді тек «рухани бауырластық» деңгейінде түсіндіру аздық етеді.

Түркістан саммитінің дәл осы қалада өтуінің өзі символикалық қадам ғана емес, саяси белгі. Түркістан қазір жай тарихи қала емес. Қазақстан оны түркі әлемінің дипломатиялық орталығына айналдыруға тырысып жатыр. Астана соңғы жылдары өте сақ саясат жүргізіп келеді: бір жағынан Ресеймен стратегиялық байланысты үзбейді, екінші жағынан Қытаймен экономикалық қатынасты күшейтеді, үшінші жағынан Батыспен де араны ашпайды. Ал Түркі мемлекеттері ұйымы осы көпвекторлы саясаттың тағы бір тірегіне айналып отыр.

Бірақ бұл ұйымның ішкі табиғаты өзгеріп барады. Бұрын мәдени интеграция туралы көп айтылатын. Ортақ тарих, ортақ тіл, ортақ өркениет. Қазір күн тәртібінде мүлде басқа мәселелер тұр: логистика, жасанды интеллект, цифрлық егемендік, энергетикалық маршруттар, әскери өнеркәсіп, Каспий дәлізі, сирек металдар. Бұл — романтикалық кезеңнің аяқталғанын көрсетеді.

Саммиттің ресми тақырыбы жасанды интеллект пен цифрландыру болғанымен, негізгі әңгіме технология туралы емес еді. Негізгі мәселе — жаңа әлемдік тәртіпте кім кіммен жүреді деген сұрақ. Украинадағы соғыс Еуразиядағы барлық елдерді ойландырды. Ресейдің ықпалы әлсіреген сайын Орталық Азия жаңа тірек іздей бастады. Түркия осы сәтті өте дәл пайдаланып отыр.

Режеп Тайып Ердоған көп жылдан бері «түркі интеграциясын» идеологиялық жоба ретінде дамытып келді. Бірақ бүгінгі Түркия бұрынғыдай жалғыз драйвер емес. Соңғы екі жылда Әзербайжанның салмағы қатты өсті. Қарабақтағы жеңістен кейін Баку түркі әлеміндегі әскери-саяси беделін күшейтті. Қазір Анкара мен Баку бірге әрекет ететін тандемге айналды. Бұл Орталық Азияға да әсер етіп жатыр.

Дегенмен ұйым ішіндегі барлық мемлекеттердің мақсаты бірдей емес. Қазақстан мен Өзбекстан Түркі мемлекеттері ұйымын прагматикалық экономикалық алаң ретінде көргісі келеді. Олар ұйымның ашық антиресейлік немесе әскери блокқа айналғанын қаламайды. Түрікменстан тіпті одан да сақ. Ашхабадтың бейтарап саясатынан айнығысы жоқ. Бішкек әрі-сәрі  күйде. нақты  ұстаным жоқ. Сондықтан ұйым ішінде жасырын пікір қайшылықтары бар.

Сол қайшылықтардың бірі — Солтүстік Кипр мәселесі. Түркия Түрік Республикасын ұйымға барынша жақындатуға тырысады. Бірақ Орталық Азия елдері бұған сақ қарайды. Себебі бұл Еуроодақпен қарым-қатынасқа әсер етеді. Оның үстіне БҰҰ деңгейіндегі позициялар бар. Бұл жерде түркі ынтымағы мен ұлттық мүдде екі бөлек нәрсе екені анық көрінді.

Украина тақырыбы да өте сезімтал мәселеге айналып отыр. Киевтің ұйымға бақылаушы ретінде жақындауы туралы әңгімелер Мәскеуде алаңдаушылық тудыратыны анық. Әсіресе Қырым татарлары факторы, «деколонизация» дискурсы және Ресейдегі түркі халықтары туралы идеялар Кремль үшін өте ауыр геосаяси сигнал ретінде қабылданады. Сондықтан Түркі мемлекеттері ұйымының әр қадамын енді Мәскеу де, Бейжің де, Батыс та мұқият бақылап отыр.

Ең маңызды сұрақ — бұл ұйым болашақта әскери одаққа айнала ма?

Қазірдің өзінде бұл бағыттағы белгілер байқалады. Түркияның әскери өнеркәсібі түркі елдеріне белсенді кіріп жатыр. Bayraktar дрондары, қорғаныс келісімдері, әскери оқу-жаттығулар, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық күшейіп келеді. Әзербайжанның тәжірибесі көп елге әсер етті. Түркі әлемінде алғаш рет әскери технология мен ұлттық идеология қатар жүре бастады.

Бірақ ертең НАТО секілді толыққанды түркі әскери блогы пайда болады деу әлі ерте. Себебі ұйым мүшелерінің сыртқы саясаты әртүрлі. Бірі Ресейге тәуелді, бірі Қытайдан сақтанады, бірі Батыспен жұмыс істейді. Оның үстіне Орталық Азия елдері үлкен державалардың ашық текетіресіне кіргісі келмейді.

Соған қарамастан, Түркі мемлекеттері ұйымы алдағы он жылда «жұмсақ әскери координация» форматына өтуі әбден мүмкін. Яғни ресми әскери альянс емес, бірақ ортақ қорғаныс өндірісі, барлау ақпараттары алмасуы, киберқауіпсіздік, дрон технологиясы, шекара қауіпсіздігі сияқты бағыттарда нақты интеграция жүреді. Бұл қазірдің өзінде басталып кеткен процесс.

Түркістан саммитінің негізгі мағынасы да осында. Бұл ұйым енді өзін ән мен тарих деңгейіндегі құрылым ретінде емес, жаңа Еуразиядағы ықпал орталығы ретінде қарастыра бастады. Бірақ оның алдында өте ауыр таңдау тұр: түркі интеграциясы геосаяси күшке айнала ма, әлде үлкен державалардың ойынында құрал болып қала ма?

Қазір ұйым екі жолдың торабында тұр. Бірінші жол — мәдени-экономикалық платформа болып қалу. Екінші жол — біртіндеп саяси және қауіпсіздік блогына айналу. Түркістандағы кездесу көрсеткендей, ұйым екінші бағытқа баяу болса да қозғалып келеді.

Бірақ бұл жол өте қауіпті. Өйткені түркі бірлігі туралы романтика мен нақты саясат екі бөлек дүние. Геосаясатта мәңгі достық жоқ, мәңгі мүдде ғана бар. Түркі мемлекеттері ұйымының болашағын да ортақ тарих емес, дәл сол мүдделер анықтайды.

Алдыңғы жазбаТоқаев пен Мирзиёев Түркістандағы жаңа мешітті ашты