Талғат ТЕМЕНОВ, режиссер:
– Қазақ киносы мен әдебиетінің арасында байланыс жоқ. Кезіндегі киноларымыз әдебиеттен алыс емес еді. Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тері», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы», М.Әуезовтің «Көксерегі» мен «Қараш-қарашы» талай ұрпақты тәрбиеледі. Әдебиет арқылы үздік фильм түсіру бүгінде ұмыт қалған. Осыны қайта қолға алатын кез жетті. Жоқтан өзгені құрап, әлсіз кино жасағанан гөрі, қолда бар жауһарларымызды пайдаланайық. Әдебиетке, жазушы-ақындарға, олардың жазғандарына жақындайық. Бүгінгі қазақ киносының пұшпағын илеп жүрген режиссерлердің арасында қазақ тілінде оқитындардың саны 10 саусақтан аспасы анық. Барлығы дерлік қазақ әдебиетінен ада немесе аударма арқылы оқығандар. Ұлттың әдебиет өкілдерінің поэзиясы мен прозасын оқымақ түгілі, атын естімеген режиссер әдебиетшілермен қалай жұмыс істей алсын? «Қазақфильмнен» С.Көбеевтің «Қалыңмалын» оқыған үш режиссер тапсаңыз қуаныңыз. Әдебиеттегі ірі шығармалардан жасалған киноларымыздың саны әрі ұзаса он шақты ғана. Бір ғана М. Әуезовтің «Қараш-Қараш», «Абай», «Көксерек», «Қаралы сұлу» шығармалары ғана экранға кино ретінде ұсынылды. Оралхан Бөкейдің әлемі бір бөлек, кез келген шығармасы киноға сұранып тұр. Сайын Мұратбековтің шығармалары да қысқа да нұсқа, кино түсіруге ыңғайлы. Қазақ әдебиеті әлі мұрты бұзылмаған айсберг десе болады. Қазақ киносы әдебиеттен алшақтап, өз алдына бояусыз, сүреңсіз өмір сүріп келе жатыр. Бүгінгі қазақ әдебиеті мен қазақ киносы бастары түйіспейтін теміржол рельсін көз алдыңызға әкеледі. Кеңестік кезеңде О.Сүлейменов бас болып бірнеше жазушылардың шығармаларына фильмдер түсірілген болатын. Бірақ ол кезде фильм түсіретін режиссерлердің сапасы жақсы болмады, бармақ басты, көз қыстымен талай дүние шалағай шықты.