Home Руханият КҮЛТЕГІН

КҮЛТЕГІН

9

 Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

 Роман

(жалғасы)

–  Әміршім, – деген осы кезде көзін ашқан табғаш сұлуы, – түс көріппін. Түсімде арыстандай ұл туыппын. Сол ұл, исі түрік елінің ұлы қағанына айналыпты.

– Аузыңа май, – деді қаған сұлу әйелінің маңдайынан иіскеп, –  болашақ дүниеге келер ұлымның  боркемік, ез болмай менен артық болып туғанын қалар едім. Түріктің ер мінезі, табғаштың айла-қулығы бір бойына дарыса, тегін ұл болмас.

Сосын, ауыр күрсінді.

– Не болды? Күрсінісіңізден жалын шығып тұр ғой.                                                  – Тақ мұрагерлері көп болғанымен, олардың таққа барар жолына бөгет болатындар да бар… – Қапағанның есіне Күлтегін түсті. –  Менен кейін түрік қағанатының тізгінін ұстауға тиіс ағам Құтылықтың қос ұлының бірі еді, бірақ өз ұлдарымның қамын ойлап, түріктің ескіден келе жатқан жарғысын бұзып, билік алмасудың жолын өзгерттім. Алда-жалда көзім тая қалса, үлкен ұлым Енел ерге қонсын деп, «кіші хан» деген шен ойлап тауып, тақ мұрагері еттім. Бірақ мен жоқ жерде, ел алдында атағы мен абыройы асып тұрған Құтылықтың қос бөрісі менің ұлдарыма жол бере қояр ма екен. Мені қинайтын осы.

– Онда мен көрген түс, түлкінің боғы десеңші, – табғаш қызы бұртия қалды.

– Өмірге келмеген, жоқ бала тұрмақ, өмірде бар баланың таққа барар жолы байланып тұр емес пе, әсіресе Күлтегіннің қаһары күшті. Бар пәле содан келеді-ау деп күдіктенемін…

Қапаған шынын айтты. Әр нәрсенің байыбына барып, әрекет ететін Бөгіден гөрі қызбалығы мол, батырлығы зор Күлтегін тақ жолындағы тайталаста Енел мен өзге ұлдарын мерт қылама деп  қорқа соқтайтыны рас-ты.

– Табғаш елінде, «тентек текені туа сала тарттырып тастаған ләзім» деген сөз бар, әміршім…

– Мұнымен не айтқың келеді?

Қапаған табғаш сұлуына аңтарыла қарады.

– Тентегі көп елдің тайталасы көп болады, – табғаш қызы ары қарай сөзін жалғайын ба, жоқ па дегендей қағанға қарады.

– Ол рас, – деді Қапаған.

– Олай болса, «көп асқанға, бір тосқан» демекші, басыңызға түскен қиындықты шешудің жолдары көп қой… – табғаш қызы сөзін жұтып қойды. Қапаған түсіндім дегендей басын изеді.

Киіз үйдің ішіндегі қараңғылық сейіліп, бозымықтана бастаған шақ. Қаған қойнында жатқан қызға зер сала қарады. Қарады да бойы тітіркеніп кеткендей болды. Уылжыған сұлулықты емес, уысына у жасырған әзәзілді, зұлымдық меймілдеген зәр толы көзді, тұла бойынан өшпенділік мелдектеп тұрған сұп-сұр жыланды көрді. Сол улы жылан оратылып қойнында жатыр. Бір қатердің тек Күлтегінге ғана емес, мұқым түрік еліне төніп тұрғанын аңдағандай болды. Қызды тамағынан бір мытып,тұншықтыра салғысы келді, бірақ…

****

Керегеде ілулі тұрған наркескенді Күлтегінге беріп жатып:                                   – Дәл осындай алмас қылышты ұстайтын бір тентек ішімде тулап жатқан сияқты, – деп еркелеп ерінің күректей алқанын қарнына басты.                                                                                                                                 – Қозғалғаны сезіле ме?                                                                                    – Иә, бір нәрсе жыбырлағандай болды, – бір қолымен Ақшарқаттың ішін сипаған Күлтегін, екінші қолымен жарын орай құшақтады.

– Тәңірім жарылқаса, атқамінер оғылан, болмаса өзіңдей отанасы дүниеге келер, – Күлтегін Ақшарқаттың күн сіңді шашынан иіскеп, ақ маңдайынан сүйді.

– Анада-санда жанымды шығара жаздап түйіп-түйіп қалатыны бар. Соған қарағанда, егеулі найза қолға алып, елі үшін еңіреп өтер  өзіңдей бір ер бала өсіп келе жатқан секілді… – деді Ақшарқат Күлтегінге еркелеп, басын иығына қойды.

– Тәңірім не берсе де ырзамын! – деді Күлтегін бір сәт тебіреніп кетіп. – Қан майданда қан кешіп жүріп, ажалмен талай бетпе-бет келдім. Сонда тұяқсыз, бұл жалғаннан өтіп кетемін бе деген шәлкес ойлар болды. Қазір өзімді жал-құйрығы бүтін пырақтай сезініп тұрмын…                                                                                                                  – Шашақты найза қолға ұстаған ұл да, тұлымшағы желбіреген қыз да болар. Тек тәңірім оң көзбен қарасын, оғыланым! – Ақшарқат Күлтегіннің керегеде ілулі тұрған сырма шапанын әперді.

– Табғаш елшілерімен келіссөздерің ұзаққа созыла ма?                                              – Білмедім. Екі ел арасында әзірге тыным бар ғой. Императордың жіберген сый-сияпатын қабылдап алып, оларға өз талаптарымызды айтпақпыз. Түс ауа Қапаған елшілерге қонақасы бермек. Кешікпей келерсің, – осын айтқан Күлтегін кермеде байлаулы тұрған атына бұрыла берді де,

– ұмытып барады екенмін. Неге екені қайдам, түнімен түсіме ана бір жолы түркешті шабуға бара жатқан кезде кезіккен арлан кіріп шықты. Осы маңды айналсоқтап ұлып жүр, – деді қабағы салыңқы тартып.                                                                                                                     – Бір арланның менің ішімде бұлқынып жатқанын сездіргісі келді ме екен, – деген Ақшарқат түсті жамандыққа жорымай. Иығын қопаң еткізіп бір көтерген Күлтегін атына секіріп мініп, жанындағы нөкерлерімен қыр астында отырған қағанның тұрағына бет алды. Ақшарқат киіз үйдің алдында бүлік-бүлік ете қалған ішін аялай сипап, олардың ту сыртынан қарап тұрып қалған.

«Бүкіл өмірің аттың жалында, қылыштың жүзінде ойнаумен өтіп бара жатыр-ау, батырым. Бел шешіп отыру деген сенде болмады-ау. Бар түрікке қормал болып ғұмыр кешу оңай дейсің бе? Соны  өзге емес, кіші әкең Қапаған қаған түйсіне алмады ғой. Жорықтан жеңіспен оралған сайын, қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатып, шетке тебе береді. Мұрагерлікке таласады дейме екен? Бірақ  Күлтегіннің ойлағаны тақтың қамы емес, елінің қамы ғой. Сол үшін отқа да, шоққа да түсіп жүр емес пе!»

Желе шоқытып бара жатқан күйеуінің артынан қарап тұрып, ой шүнетіне шөкті.

«Ана бір жылы.. алғаш кездескен кезде-ақ, жүрегім оның жай адам емес екенін сездіріп еді! Қанжар ала жүгірген тұтқынға өзгеден бұрын кездігімді қададым. Тіпті сол арпақ-тұрпақ сәтте, кездік лақтырған мен бе, әлде тәңірімнің қолы ма, білмедім. Дұрысы, Тәңірімнің әрекеті болар. Қас-қағым сәт. Сол қас-қағым сәтте кездескен адам, ғұмырымның қалған кезеңінде сүйгенім де, сүйенішім де болып өтерін сезіндім бе? Қайдам?»

Күлтегінмен алғаш кездескен шағын сағына еске алды.

«Жүрегіме шоқ түскендей болып еді. Жырақта жүргенде күлтеленіп барып, сөніп қала ма деп едім. Жоқ, шоқ жалынға айналып, бүкіл жан дүниемді өртеді емес пе! Бөгі екеуі шығарып салып тұрып:

«Аспан құлап төбемнен түспесе, жер жарылып шыңырауға құламасам, ат тұяғы кертілер шалғайда болсаң да, тебенгімді терге көміп, артыңнан іздеп бір барармын. Тек,Тәңірім айымды оңынан, жұлдызымды солымнан тудыра көрсін, ару қыз!» – деп еді.

Сол сөз жүрегімде тербеліп қалып қойыпты. Аламандарын қасына ертіп, ақ боз атын ойнатып бір күні артымнан келер деп елеңдеумен аунап айлар, жылжып жылдар өтті.Сағынышым сары уайымға айналды. Жорықта жүрген жан ғой, жазым болып кетті ме екен дегенде пендәуи ойлар болды. Жанымды өртеп, жүрегімнің төрінен орын алған батырдың амандығын тілеп, Көгмен тауының мәңгілік мұз қатқан Тәңір шыңына барып, неше күн, неше түн нәр тартпай отырып, амандығын тіледім. Айналадағы батыр-бағландар тұрып, шалғайдағы қырғыздан адам келді.

«Арсыланбек қызын әйелдікке берсін» деп қағаны сұрапты. Түркеш қағаны шабармен жіберіпті «Арсыланбек қызын берсін» деген. Қарлұқтар да үшпу сәлем жолдапты. Түс бермедім. Жүрегімнің қалауы басқа дедім. Иә, жүрекке әмір жүрмейді деген сол. Шауып аламын деп қоқаңдаған қырғызға «әкем ауру,бір жақты болсын» деп жақаураттым.Табғаштың айтақтаумен түркеш, қырғыз, байырқарлар түрік ордасын шапқалы сөз байласқанын естіп, «батырым қапы қалмасын» деп кісі жібердім.Қырғызға барар жолда асу бермес Көгменнің шың-құздарын көктей өту үшін, «тау тағысы» атанған Шорабек аңшыны жолбасшы бол деп аттандырдым. Қырық келіншекті ошақты қоғамдай отырғызып, «ерінің түтінін түтеткен осылардай болайын» деп от анаға табындым. Алғау көңілімді немен алдамадым?

«Келемін!» – деген батырым артымнан келмеді. Келмейтіндей де бар еді. Елін ел етемін деп жүрген баһадүрдің, сауытын шешіп, қамқа тон жамылып, қызды ауылдың сыртынан жүрер күні жоқ — ты. Оны жан жүрегіммен сезіндім.Тек тілектес, тілсіз періште болып, алыстан амандығын тілеп жүріп жаттым.

«Түркештер түріктерге қарсы қозғалыпты. Жол тосып, қақпанға түсірмек екен» дегенді естіп, байыз тауып отыра алмадым. «Жүрегіме сәуле түсірген, ұлы сағынышыма айналған батырым, қапы қалмасын» деп, құралайды көзге атқан өңкей мергендерді жиып алып аттандым. Алтын тауды айналып, Қара Ертісті құлдилап, қарды омбылап неше күн, неше түн суыт жүрдік. Үлгердім. Орман алаңқайында айқасып жатқан топтың үстінен түстік. Батырым сонда екен. Қапылыста қоршауда қалыпты. Атойлап тидік.

«Тағы бір ажалдан құтқардың. Мұны немен өтеймін?» деген сөзіне, «Жарық дүниедегі серігің, жүрегіңе жылу берер көрігің болғым келеді. Қабылдайсың ба?» дегенді айтқым келді. Батпадым, бірақ жүректегі сөзімді батырым көзімнен оқыды. Жүрегінің төрінен орын берді. Сол жорық екеумізді табыстырды емес пе!»                                   Ақшарқат көз шанағына тұна қалған жасты сүрті.

«Ол да бір дәурен екен ғой. Айымды оңынан көргізген тәңіріме разымын!»

Есіне Күлтегіннің түсіне кірген арлан қасқыр түсті.

«Жақсылықтың нышаны болса еді?..»

Көңілі қолаңтақсып, жүрегі бір сұмдықты сезгендей дүрсілдеп жөнелген.Түс болып, ерінің жанына жеткенше асықты.

(жалғасы бар)

 

Алдыңғы жазбаАлтын Орда неге күйреді?