Кейде біз «Мәңгілік ел» деген ұғымды тәуелсіздік жылдарында ғана дүниеге келген идея деп қабылдаймыз. Шын мәнінде олай емес. Бұл – қазақ даласында кеше пайда болған ұран емес, түркі өркениетінің жүрегінен туған, мың жылдан астам уақыт бойы ұлт жадында сақталып келген ұлы мұрат. Оның алғашқы сәулесі сонау VII–VIII ғасырларда Орхон бойында жарқырады. Күлтегіннің тасқа қашалған жырлары, Білге қағанның даналығы, Тоныкөк абыздың өсиеті бүгінгі ұрпаққа да жол көрсетіп тұрғандай әсер қалдырады.
Тарихқа көз салсақ, Екінші Түрік қағанаты өздігінен пайда болған жоқ. Елінен айырылған, жерінен айырылған, бытырап кеткен түркі тайпаларының басын Құтылық қаған қайта қосты. Оның жанында елдің ақылгөйі Тоныкөк тұрды. Ал елдің қорғаны болған Күлтегін небәрі он алты жасынан бастап ат үстінен түспей, халқына қызмет етті. Олар үшін билік мақсат емес еді. Мақсат – елді сақтау болатын. Өйткені олар мемлекет құласа, халықтың да болашағы бұлыңғыр болатынын жақсы білді.
Орхон жазбаларын оқыған сайын бір нәрсеге таң қаласың. Онда жеке адамның бақыты емес, тұтас елдің тағдыры сөз болады. Білге қаған: «Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Қызыл қанымды төктім, қара терімді ағыздым. Түркі халқы үшін еңбек еттім» дейді. Осы бір сөйлемнің өзінде мемлекетшілдік деген ұғымның қандай биік деңгейде тұрғанын аңғару қиын емес. Бұл – жай ғана тарихи естелік емес. Бұл – ұлтқа қалдырылған аманат.
Тоныкөк жазбаларында да елдің ең үлкен байлығы – бірлік екені қайта-қайта айтылады. Халық бөлінсе – мемлекет әлсірейді, халық біріге білсе – мемлекет мәңгі жасайды деген ой әр жолдан сезіледі. Қазақтың «Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген мақалдарының түп-тамыры да сол көне дүниетаныммен астасып жатыр.
Күлтегін ескерткішінде айтылатын тағы бір маңызды ой – ел мен биліктің өзара сенімі. Ғасырлар бойы халық арасында «Бегі еліне, елі бегіне сенген жұрт қана өсіп-өркендейді» деген аталы сөздің сақталуы бекер емес. Өйткені мемлекет тек заңмен ғана емес, сеніммен де өмір сүреді. Сенім жоғалған жерде береке де жоғалады.
Осының бәрін оқыған сайын еріксіз ойланасың. Арада он үш ғасыр өтсе де, адамзаттың іздегені өзгермепті. Кеше Күлтегін елдің амандығын ойлады. Бүгін де әрбір мемлекет өзінің тұрақтылығын, тәуелсіздігін, қауіпсіздігін және өсіп-өркендеуін ойлайды. Демек, уақыт өзгергенімен, мемлекет құрудың негізгі қағидалары өзгерген жоқ.
Тарихтың ұзақ көшінде Түрік қағанаты құлады. Оның орнына басқа мемлекеттер келді. Бірақ «Мәңгілік ел» деген арман жоғалып кеткен жоқ. Ол халықтың рухымен бірге жасап отырды. Қазақ хандығы құрылғанда да сол арман өмір сүрді. Үш жүздің басын қосқан хандардың мұраты да елді сақтау болды. Абылай ханның арманы да тәуелсіз мемлекет еді. Алаш арыстары да осы идея үшін күресті. ХХ ғасырдың соңында Қазақстан тәуелсіздік алған кезде сол ғасырлар бойғы арман тағы да жаңаша тыныс алды.
Тәуелсіздік – тарихтың бізге берген ең үлкен сыйы. Бірақ тәуелсіздік өздігінен мәңгі болмайды. Оны күн сайын қорғап, нығайтып отыру керек. Бұл жерде Күлтегіннің сөзі тағы да еске түседі. Ол елді сақтау үшін күндіз отырмағанын, түнде ұйықтамағанын айтады. Бұл сөздің астарында бір ғана ой жатыр: мемлекет ешқашан дайын күйінде сақталмайды. Оған әр буын өз үлесін қосуға міндетті.
Бүгінгі Қазақстан да дәл сондай тарихи кезеңді бастан өткеріп келеді. Әлем бұрынғыдай емес. Геосаяси ахуал күрделі. Экономика, технология, климат, азық-түлік қауіпсіздігі, су мәселесі – мұның бәрі мемлекеттердің болашағына тікелей әсер ететін факторлар. Осындай жағдайда «Мәңгілік ел» ұғымы бұрынғыдан да маңызды бола түседі.
Мәңгілік ел дегеніміз – зәулім ғимараттар емес. Ол – әділ заң. Ол – білімді ұрпақ. Ол – еңбекқор халық. Ол – таза табиғат. Ол – ұлттық бірлік. Ол – өз жеріне ие болатын азамат. Ол – ғылымы мен технологиясы дамыған мемлекет. Ол – тілін, мәдениетін, тарихын құрметтейтін қоғам.
Қазақ «Туған жерге туыңды тік» дейді. Бұл жай ғана нақыл емес. Елдің болашағын өз қолымен жасауға шақырған сөз. Өйткені мемлекетті мемлекет ететін – оның азаматтары. Егер әркім өз ісіне жауапкершілікпен қараса, ел де күшейеді. Егер әркім тек өз пайдасын ғана ойласа, мемлекет әлсірейді.
Бүгінгі ұрпақтың қолында бұрынғы бабалардың арманы бар. Бірақ сол арманды жүзеге асырудың жолы өзгерді. Бұрын найзамен қорғалған ел бүгін біліммен, ғылыммен, инновациямен, өндіріспен, технологиямен қорғалады. Бұрын ат үстінде өткен шайқастар енді экономика мен интеллект майданына ауысты. Кімнің ғылымы мықты болса, кімнің білімі сапалы болса, кімнің экономикасы қуатты болса – ертеңгі әлемнің көшін сол бастайды.
Күлтегін тасқа қашалған сөзінде: «Жоғарыда Көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған» дейді. Бұл – адамның табиғатпен үйлесімде өмір сүруі туралы көне дүниетаным. Бүгін біз климаттың өзгеруі, су тапшылығы, жердің тозуы, орманның азаюы туралы айтып жүрміз. Сонда бабалардың дүниетанымы қазіргі заманның ең өзекті мәселелерімен үндесіп жатқанын байқаймыз. Мәңгілік ел боламын деген халық табиғатын да мәңгі сақтауы тиіс.
Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Бұл – экология туралы бүгін ғана айтылған пікір емес, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік ұстанымы. Сондықтан елдің мәңгілігі жердің мәңгілігінен басталады. Жері тозған елдің ертеңі де әлсірейді.
Біз көбіне тарихты өткеннің әңгімесі деп қабылдаймыз. Ал шын мәнінде тарих – болашаққа арналған кітап. Күлтегіннің тас жазуларын оқыған сайын бүгінгі күннің мәселелерін көргендей боласың. Елдің бірлігі, әділдік, білім, еңбек, табиғатты аялау, мемлекетті сақтау – мұның бәрі мың үш жүз жыл бұрын да маңызды болған, бүгін де маңызын жоғалтқан жоқ.
Сондықтан «Мәңгілік ел» – жай ғана әдемі сөз емес. Ол – жауапкершілік. Ол – әр ұрпақтың өз мойнына алатын аманаты. Егер біз бабалардың аманатына адал болсақ, мемлекетіміз де нығая береді. Егер өткеннен сабақ алып, болашаққа сеніммен қарасақ, Күлтегін армандаған қуатты елдің жолын жалғастыра аламыз.
Тарихтың ұлы сабағы біреу ғана: мемлекет кездейсоқ өмір сүрмейді. Оны ұлттың санасы, бірлігі, еңбегі мен ерік-жігері ұстап тұрады. Күлтегіннің қылышы бүгін жоқ шығар, бірақ оның сөзі бар. Ал сөздің ғұмыры кейде қылыштан да ұзақ болады.
Сондықтан бүгінгі Қазақстан үшін «Мәңгілік ел» – өткеннің естелігі емес, болашақтың бағдары. Ол – ұлттың тарихи жады мен заманауи дамуын тоғыстыратын ұлы идея. Сол идеяға адал болу – бабалар алдындағы парыз, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы
































