Home Басты жазба Ат ауысқанмен, зат ауыса ма?

Ат ауысқанмен, зат ауыса ма?

18

«Аманат» партиясының «Әділетке» қосылуы туралы хабар алғаш тарағанда көпшілік мұны кезекті партиялық реформа ретінде қабылдары хақ. Алайда мәселенің тереңіне үңілсек, бұл оқиға әлдеқайда ауқымды саяси құбылыстың белгісі болуы мүмкін. Өйткені әңгіме бір партияның жабылып, екіншісінің ашылуында емес. Әңгіме Қазақстанның соңғы отыз жылдық саяси тарихының жаңа бетке ауысуында.

Қазақ «заманға қарай амалыңды түзерсің» дейді. Бұл қағида саясатқа да қатысты. Қоғам өзгереді, саяси талап өзгереді, халықтың билікке деген көзқарасы өзгереді. Сол өзгерістерге бейімделе алмаған саяси институттардың өміршеңдігі де төмендейді. Сондықтан бүгінгі бірігуді ең алдымен билік жүйесінің жаңа қоғамдық ахуалға бейімделу әрекеті ретінде қарастыруға болады.                                                          Шын мәнінде, «Аманат» жай ғана партия емес еді. Ол тәуелсіз Қазақстанның тұтас бір саяси дәуірінің символына айналды. Оның алдындағы құрылымдары да, кейінгі атаулары да елдің Тұңғыш Президенті кезеңімен тығыз байланыста болды. Сол себепті көптеген сарапшылар бұл шешімді бұрынғы саяси мұрадан біржола алыстау әрекеті ретінде бағалап отыр.

Әрине, саясатта символдардың орны ерекше. Бірақ символдың өзі мазмұнның орнын алмастыра алмайды. Сондықтан бүгін қоғамды толғандырып отырған басты сұрақ – «Әділет» шынымен жаңа саяси сапа әкеле ме, әлде бұрынғы құрылымның жаңа атауы ғана ма? «Ат ауысқанмен, зат ауыспайды» деген тәмсіл  бар.  Себебі кез келген саяси ұйымның шынайы бағасы оның маңдайшасымен емес, ісімен өлшенеді. Егер жаңа партия жаңа идеялар ұсынып, жаңа буын саясаткерлерін тәрбиелеп, қоғаммен ашық диалог жүргізсе, онда бұл өзгерісті тарихи бетбұрыс деуге болады. Ал егер бұрынғы кадрлар, бұрынғы басқару тәсілі, бұрынғы саяси мәдениет сол күйінде қалса, онда халық бұл өзгерісті кезекті ребрендинг ретінде қабылдайды.                                                                                                                        Бүгінгі оқиға тағы бір маңызды үрдісті көрсетіп отыр. Ол – саяси күштердің іріленуі. Әлемдік тәжірибеде уақыт өте келе ұсақ партиялардың ықпалды орталықтардың айналасына топтасуы қалыпты құбылыс саналады. Өйткені саясатта жалғыз жүргеннен гөрі күш біріктіру әлдеқайда тиімді. Қазақтың «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген мақалы да осыны меңзейді. Сондықтан алдағы жылдары Қазақстандағы басқа партиялардың арасында да бірігу немесе саяси одақтар құру үрдісі байқалуы ғажап емес. Себебі қазіргі саясатта тек тіркелген партия болу жеткіліксіз. Сайлаушының сеніміне ие болу үшін салмақты ұйымға, мықты командаға және нақты бағдарламаға сүйену қажет екені  шығар күннің  көзіндей шындық!                                                                                                               Еліміздегі  саясат  сахнасындағы соңғы  жағдайларға  қарап отырып,  «Қазақстан біртіндеп АҚШ-тағыдай екі ірі партиялық жүйеге жақындап келе жатқан жоқ па?» деген ойда  туындайды.  Өйткені, соңғы оқиғаларға қарағанда мұндай болжамды мүлде негізсіз деуге болмайды. Шынында да, көптеген мемлекеттерде уақыт өте келе саяси күштер бірнеше ықпалды орталыққа шоғырланады. Бірақ мәселенің түйіні партиялардың санында емес. Кейбіреулер екі партия болса болды, демократия автоматты түрде күшейеді деп ойлайды. Шын мәнінде бәрі әлдеқайда күрделі. Бұл  жерде,  «Демократия – қалғандарының бәрін есептемегендегі ең жақсы жүйе» деген  Британ саясаткері Уинстон Черчилльдің әйгілі сөзін ескерген  дұрыс –ау. Сол сияқты саяси жүйенің де мінсіз формуласы жоқ. Бір елде екі партиялық модель тиімді жұмыс істейді. Екінші бір мемлекетте бірнеше ықпалды партияның бәсекесі жақсы нәтиже береді. Сондықтан Қазақстан үшін де негізгі мәселе екі партия немесе бес партия болуында емес. Негізгі мәселе – олардың халық алдындағы жауапкершілігі мен өзара бәсекесінің сапасында. Егер бір партия үстем болып, қалғандары тек статист рөлінде қалса, онда партия санының көптігі де, аздығы да үлкен маңызға ие болмайды. Ал егер бірнеше саяси күш ел болашағына қатысты нақты бағдарламалар ұсынып, қоғамның сеніміне ие болу үшін шынайы бәсекеге түссе, онда демократиялық дамудың мүмкіндігі артады. Сондықтан бүгінгі бірігуді тек партиялық жаңалық ретінде қабылдау қателік болар еді. Бұл – Қазақстанның саяси жүйесінің қай бағытта қозғалатынын көрсететін маңызды белгі. Бәлкім, біз шынымен жаңа саяси кезеңнің басында тұрған шығармыз. Бәлкім, бұл бұрынғы дәуірдің соңғы нүктесі шығар. Бәлкім, бұл болашақтағы ірі саяси қайта құрулардың алғашқы қадамы ғана шығар. Бірақ қандай өзгеріс болмасын, сайып  келгенде оған түпкілікті бағаны халық береді. Айтпақшы,  қазақта «көш жүре түзеледі» деген  жақсы сөз бар.  Қазақстанның саяси жүйесі де дәл сондай ұзақ жолдың үстінде келеді. Бір дәуір аяқталып, екіншісі басталып жатыр. Алайда тарих көрсеткендей, уақыт өте келе адамдар партиялардың атауын емес, олардың елге берген нәтижесін еске алатыны  белгілі. Сондықтан бүгінгі әңгіменің мәні «Аманаттың» кеткенінде емес. Басты мәселе – «Әділеттің» қандай партия болатынында.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, «Байтақ» жасылдар  партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаОрталық Азияны тарих емес, мүдде біріктіріп жатыр