Басы ашық бір нәрсе, ол — Орталық Азия туралы көп жыл бойы «ортақ тарихы бар, бірақ ортақ саясаты жоқ аймақ» деген пікір айтылып келді. Бұл сөздің жаны бар еді. Бес мемлекет бір-біріне тамыры бір тарих һәм география жағынан жақын болғанымен, саяси және экономикалық тұрғыдан көбіне әрқайсысы өз бағытымен жүрді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аймақ елдерін жақындастырғаннан гөрі алыстатқан мәселелер көп болды. Шекара дауы, су бөлісі, энергетика, көлік қатынасы – мұның бәрі кейде мемлекетаралық сенімсіздіктің көзіне айналды. Тіпті кейбір сарапшылар Орталық Азияны бір аймақ ретінде емес, көршілес орналасқан бес бөлек мемлекет ретінде сипаттайтын. Бірақ соңғы жылдары жағдай өзгере бастады.
Бұрын Орталық Азия туралы сөз болғанда ең алдымен қақтығыстар еске түсетін. Қазір күн тәртібіне сауда, транзит, инвестиция және өңірлік қауіпсіздік шығып отыр. Бұл жай ғана дипломатиялық риторика емес. Соңғы бес жылда Орталық Азия елдерінің өзара сауда көлемі екі есеге жуық өсіп, 12 миллиард доллардан асты. Бір кездері көршілер арасындағы байланыс шекарадағы даумен өлшенсе, бүгінде ол сауда айналымымен, жаңа теміржолдармен және көлік дәліздерімен өлшеніп жатыр. Аймақтағы ең маңызды өзгерістердің бірі Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара мәселесінің шешім табуы болды. Кезінде қарулы қақтығысқа дейін барған даулы аймақтар бойынша келісімге қол жеткізілуі бүкіл өңір үшін маңызды белгі болды. Бұл мемлекеттердің соғыс емес, келіссөз жолын таңдауға дайын екенін көрсетті. Алайда Орталық Азияны жақындастырып отырған фактор тек сауда емес. Оны өмірдің өзі мәжбүрлеп отыр. Мысалы, аймақтағы негізгі су ресурстары бірнеше елдің аумағы арқылы өтеді. Сырдария мен Әмудария бір мемлекеттің ғана өзені емес. Бір елде басталған су екінші елдің егістігін суарады, үшінші елдің экономикасына әсер етеді. Климаттың өзгеруі мен су тапшылығы күшейген сайын бұл мәселе бұрынғыдан да өзекті бола түседі. Сондықтан бүгінгі Орталық Азия үшін су мәселесі – қауіпсіздік мәселесі. Егер мемлекеттер су ресурстарын бөлісе алмаса, онда ешқандай интеграция туралы сөз қозғау қиын. Ал егер ортақ ережелер мен өзара түсіністік қалыптаса алса, бұл өңірлік ынтымақтастықтың ең берік іргетасына айналуы мүмкін. Шын мәнінде, Орталық Азия елдері бір-бірін таңдаған жоқ. Оларға ортақ география берілді. Ортақ өзендер берілді. Ортақ нарық пен ортақ қауіптер берілді. Сондықтан олар қаласа да, қаламаса да тағдырлас мемлекеттер болып қала береді. Бүгінде әлемнің ірі державалары да бұл аймаққа ерекше назар аудара бастады. Қытай, Еуропалық одақ, Түркия, Ресей, АҚШ – барлығы Орталық Азиямен байланысын күшейтуге мүдделі. Бірақ бұл жерде маңызды бір сұрақ бар: аймақ елдері өзара ықпалдастықты күшейте ме, әлде тағы да сыртқы ойыншылардың бәсекесі жүретін алаңға айнала ма?
Меніңше, соңғы жылдардағы өзгерістер бірінші жолдың басым екенін көрсетеді. Орталық Азияны енді ортақ тарих туралы әңгімелер емес, нақты мүдделер біріктіріп жатыр. Сауда үшін тұрақтылық керек. Транзит үшін сенім керек. Инвестиция үшін болжамды саясат керек. Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін өзара түсіністік керек. Яғни көршілердің бір-бірімен тіл табысуынан ұтатын нәрсе көбейіп келеді. Ал бұл кез келген интеграцияның ең сенімді негізі. Бәлкім, Орталық Азияның бүгінгі ең үлкен жаңалығы да осы шығар. Біз алғаш рет өткеніміздің ортақтығын ғана емес, болашағымыздың да ортақ екенін түсіне бастадық.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы

































