Home Руханият КҮЛТЕГІН

КҮЛТЕГІН

42

 

 роман

(жалғасы)

Күннің ыстығында демалып, күн қайта түнімен суыт жүріп отырған Тоныкөктің әскері неше күн, неше түннен кейін межелі жерге жақындаған. Жүрер жолды барлауға кеткен топтан шапқыншы келді. «Алдымыздан қалың шаң көрінді. Біздің келе жатқанымызды табғаштар біліп қалғанға ұқсайды. Жол тосып, айқаспақшы» деген.    – Шаша Сүңгі тым әккі қолбасшы болғанымен қысқа уақытта бізді тойтаратын әскер жиып, қарсы тұруы мүмкін емес. Табғаш әскері әр шаһарда шашылып орналасқан. Оның үстіне Қапағанның қырғызға жорық жасағалы жатқанынан хабардар болуы бек мүмкін. Сондықтан бейқам, қаперсіз. Демек, алдымыздан шыққан табғаш қолы емес, өзге. Кім болды екен? Бәлкім, басымалдар? Не де болса, қылышымызды жалаңаштап, найзамызды кезеп, алға жүруге тиіспіз! – деді Тоныкөк сақтық қамын жасап.

– Бұл қарсы келе жатқан табғаштар да, өзге көшпелілердің де әскері емес. Осыдан ай бұрын «жылқысы көп басымалдарды шауып, үйір-үйір жылқысын айдап кел» деп Рұғила батырдың   жүздігін мен жұмсағанмын. Келе жатқан солар болуы тиіс. Жорықта шығын көп болады. «Атсыз түрік, қанатсыз құспен тең» деген. Ат үстіндегі түрік жемтігіне шүйілген қырандай болмақ. Жылқының көптігі қарамызды көбейтеді. Жау сансыз әскер келе жатыр деп үркеді. Басымалдардың мойнына құрық тимей ауа жайылып, тағыланған жылқыларын алдымызға салып жауға тисек, сірескен табғаш қолын сетінетуге де сеп болмақ, – деді Күлтегін Тоныкөктің абыржыңқы көңілін басқысы келіп.

–  Мұның жөн екен, – деді Бөгі інісінің бұларға ескертпей жасаған тірлігіне сүйсініп. Тоныкөк жас та болса соғыстың аужайын жақсы меңгеріп қалған Күлтегінге ризалықпен қарап:

– Дұрыс айтасың. Көпті айламен жеңу ұрыстың бір тәсілі. Біз азбыз, бірақ бізде айла бар. Қандасымызды азат етуге деген жігер бар. Тәңір бізді қолдары хақ. – осыны айтқан ол атын тебініп алға оза берді.

Күлтегінің айтқаны келді. Қолдың алдынан көрінген қалың шаң, Рұғиланың жүздігі болып шықты. Алдарында басымалдардан тартып алынған үйір-үйір жылқы. Көп ұзамай есік пен төрдей қаракер мінген, бес қаруы сай батырдың өзі де жеткен. Қараған адам ығатындай өткір көзді, ірі денелі Рұғила өте жаужүрек, жырынды адам. Ордостағы азаттық соғысында біраз елді бастап Құтылыққа келіп қосылған. Содан бері ат үстінде. Екі қолымен бірдей қылыштаса беретіндіктен, беліне салпылдатып екі қылышты қатар байлап алатыны бар. Құтылықтың алдын көрегендіктен бе, Бөгі мен Күлтегінді баласындай іш тартып, ұрыс машықтарын үйретуден жалықпайтын еді. Күлтегіннің қылышкерлігі осы Рұғиладан дарыған.

– Басымалдардың біраз жылқысын айдап кеттік. – деді Рұғила амандық-саулықтан соң. – Қуа шыққандарды қағып тастадық. Мінсек те, азық етсек те жылқы артықтық етпес.

– Мұның жөн екен, батырым! – деді бас сардар Тоныкөк Рұғиланың айтқанын қоштап. – Бұл жорық қаншаға созылады, бір тәңірге аян. Соғысқа кірмей жатып, біраз олжаға кенеліп жатырмыз. Көк тәңірі қолдап, бұйыртса айымыз оңынан туар.

… Ойда жоқта қыр астынан шыға келіп, жай оғындай атылған түріктерге алғашқы кезде табғаштар қарсылық көрсете алмады. Ордостың солтүстік батысында орналасқан біраз қаласы түріктердің ат тұяғының астында қалды. Тек Шаша Сүңгі қолбасшы өзі бас болып қорғаған Синчжоу бекінісі жолдарын бөгеді. Көк құрышқа малынған түрік әскері жартасқа соғылып, тауы шағылған толқындай күй кешті.

 

***

 

Әлгінде ішкен жүзім шарабының қызуы ма, әлде енді ғана тебіндеген бала мұртымен қытықтай ақ тамағынан сүйген жас ханзаданың ыстық деміне шарпылды ма, У-хың ханым жан дүниесі еріп, ақ төсекке құлай берген. Жібек көйлегі шешіліп жерде қалды. Ханымның қос анарынан кезек-кезек сүйген ханзада, тыржалаңаш күйіп-жанып жатқан аппақ денені умаждап үстіне шыға бергені сол еді, қара түнді қақ жарып, сарай сыртынан дүбірлете шапқан аттардың дыбысы естілді. Қақпа қағылып, айқай-ұйқай басталып кетті. Енді ғана балдан тәтті ләззатқа еніп, дауысы құмыға шыққан ханымның осы бір шырынды сәті айран-асыр болды. Жүгіре басқан күтушінің аяқ дыбысы естіліп, іле есік қағылды. Мауығып жатқан ханым, түн ішіндегі қарбаластың жай емес екенін түсінді. Сарай төңкерістерінен запы болып қалған жүрегі әлдебір жаманшылықты сезгендей атқақтай соққан. Содан болар, қойнындағы ханзаданы итеріп тастап, жерде жатқан көйлегін кие салып, есікке ұмтылды.

–Ханым, – деген есік алдындағы күтушісі басын жерге дейін иіп. – Айып етпеңіз, Шаша Сүңгі қолбасшыдан хабар келді. Түріктер Ордосқа басып кіріпті.                                                                                                                                                               Ханым «Ордос» дегенді естіген соң, өзіне тіккелей еш қауіп жоқ екенін аңғарып, күпті көңілі сәл де болса жайланды. Бірақ төсек қызығын ұрлаған жандарға ашуы келді.

– Түнгі тыныштығымды бұзатындай, бұл не қылған бассыздық!  Ертең де жеткізуге болатын еді ғой. Ордос қайда, біз қайда! Мемлекеттің қақпасы берік емес пе еді? Бір шоғыр жабайыдан үркіп, ұйқымды бұзатындай сендерге не көрінді?!

Әлгінде ғана бал қаймақ ләззатқа бөгіп, жүзі алаулап тұрған У-хың ханымның реңі кілт өзгеріп, жылан көздері шатынай қалды.

– Шапқыншылар ертең алдыма келсін. Мән-жайды сол кезде айтар.

Қолын сілтеп бұрыла берген еді, сарайдың есігіндегі күзетшілер жібермей тұрған қос шабарманның жанұшыра шыққан дауысы тоқтатты.

– Ханым, жағдай қиын. Түріктер қос қапталдан қусырып келеді. Оларды тоқтата алар емеспіз. Шаша Сүңгі қолбасшы шұғыл түрде Ордосқа қосымша әскер жіберуді сұрайды. Әйтпесе…

– Әйтпесе не? – У ханымның дауысы шаңқ етті.

– Түріктер тек қиратып қоймай, Ордостағы бүкіл қандастарын өздеріне қосып алмақшы.                                                                                                                       – Ха-ха-ха! – ханым ішек-сілесі қата күлді. – Сауыс-сауыс жүн шекпен киген түріктер кімге қажет? Әкетсін, бәрін әкетсін! Ешқандай әскер жібере алмаймын. Ат төбеліндей түріктерге әлі келмесе Шаша Сүңгі өзінен көрсін. Ордостағы жиырмадан асқан әр қалада мұздай қаруланған әскер тұр, соларды жинап, сар даланың жабайыларын кері қуып тастасын. Түріктер оның үйреніскен жауы ғой, алдасын-арбасын, торға түсірсін, тас-талқан етсін! Айтарым сол!

– Ханым, қала дейтін қала қалмады. Түріктер шетінен басып алды. Қиратты. Халқын айдап әкетті. Шаша Сүңгі азғантай әскермен Синчжоуды қорғап тұр. Қосымша күш болмаса ол қамал да күні ертең құлайды!                                                                        Шабармандар шыр-пыр болып ханымның алдына тізерлей отыра кеткен. У билеуші олардың қан қатқан, тер сасыған түрлеріне жирене бір қарап, басын кегжең еткізді.

– Түріктердің ойда жоқта тап бергені, бұл – бір емес! Оны менен гөрі Шаша Сүңгі қолбасшы жақсы біледі. Сақ отыру керек еді. Енді өз басымен жауап берсін!

Есіктегі күзетшілердің басшысына бұрылып:

– Болмайтын хабар айтып, ұйқымды бұғаны үшін мына екеуінің басын ал! Синчжоуға ертең басқа шапқыншы кетеді! – деді қатқыл үнмен.

– Ханым, біздің жазығымыз не? Біз айтқанды жеткіздік. Басымыздың амандығын бере гөр… – деп жалбарынған шабармандардың жан айқайына қарамаған ханым, есікті жапқан бойы, әлсіз жанған балауыз шамның жарығымен ақ төсекте жалаңаш-жалпы үрпиіп отырған ханзадаға қарай асықты. Сәлден соң шапқыншылардың айтқанын да, Ордоста жүріп жатқан қантөгісті де естен шығарған ол, жас ханзаданың аймалауына көміліп, бөлмені ыңырсыған дауысымен әлдиледі.                                                     Әлбетте, У-хыңның өз есебі өзінде еді. Әрине, бір түнде дабыл қағып, Ордосқа табғаштың әр аймақтан жиналған қарақұрым әскерін аттандыруға болатын еді, бірақ император ханым оны жасамады. Неге? Кезінде бұл билеп отырған Тан мемлекетін негізін қытайланып кеткен Ли Юань деген далалық қалаған. Тақ пен тәжге ие болған Ли Юань көшпелілердің әдет-ғұрпын сақтады. Уәзірлері, нөкерлері, ақылгөй-кеңесшілері бәрі далалықтар еді. Сарайдағы ойын-сауықтарда үнемі түріктердің әні айтылды. Ел ордасы Чаньанда он мыңнан астам түріктер тұрды. Жаугершілікте қолға түскен бір сұлу қыз сарай гареміне күң болып келмегенде, жағдай осылай жалғаса берер ме еді? Қыздың уылжыған сұлулығы әрі ілкімділігі императорға ұнады. Қатын етіп алды. Талайды өзіне жіпсіз байлап, дуалап тастайтын сұлулық дегенді қойсашы, бұл. Императордың ұлы да әкесінің жас қатынына ғашық болып қалды. Жаратқан иесі сәтін салайын десе тез екен, аяқ асты мемлекет тізгінін қолына ұстаған әкесі дүниеден өтісімен тақ игері атанған Гаоцзун, сұлу қызды әйел үстіне әйелдікке алды. У ару тек сұлу ғана емес еді. Иненің көзінен өтер айлалы, өте кекшіл, билікқұмар болып шықты. Императордың әйелі атанысымен, өз бақталастарын бірінен кейін бірін өлтірді. Әрине, өз қолымен емес. Жолын тапты. Тіпті Тан мемлекетін құрысқандардың да көзін жойды. Сарай маңында түріктер қалмады. Тек таза қытайлар ғана билік сатысымен өсуге мүмкіндік алды. Ал «кенеттен» күйеуі Гаоцзун өлісімен мұрагерлік заңы бойынша таққа отырған қос ұлын бірінен кейін бірін ретін тауып орнынан тайдырған У-хың, мемлекет тізгінінің жалғыз иесі болып өзі қалды. Тек иесі болып қойған жоқ. Осы жолда ұлын қолдағандармен, өзіне жақтас болғандардың да ретін тауып көзін құртып отырды. Өйткені алтыннан да қымбат, жаннан да тәтті билікті өзгемен бөліскісі жоқ-ты.Тек бір адамға ғана әлі келмеді. Ол Шаша Сүңгі еді. Шаша Сүңгі үлкен ұлы Чжун-цзунның тақта отыра беруін қолдап, бұған қарсы шыққандардың бірі. Бірақ қара судан қаймақ айырар қу қатын реті келгенде Шаша Сүңгінің де әлсіз жерін тапқан. Ол оның мансапқорлығы еді. Мемлекеттің бас сардарлығын ұсынды. Шен-шекпеннен кім қашсын. Кеше ғана ұлын қорғаштаған Шаша Сүңгі аяқ асты тайқып, У-хыңның айнымас серігіне айналып шыға келді. Қос ұлынан тақты тартып алған ханым, тілімен арбап, аңғал батырды   Ордосты далалықтардан қорғау үшін алысқа жіберді. Сарай маңында тұрса, бірде болмаса бірде, бұдан айнып, айдауда жүрген ұлы Чжун-цзунмен ымыраласып, билікті тартып алуы бек мүмкін еді. Әскер арасында Шаша Сүңгі өте беделді. Оның жасаған бір ишарасынан  бүкіл әскер ханымға қарсы тұрары хақ. У-хың содан ықты. Ал ондай адамды сарай маңында ұстау ең үлкен қауіп. Тіпті байқатпай көзін жойып жіберуге де тәуекел ете алмады. Сыры білініп қалса өзі де оңбайтынын сезді. Осының бәрін есепке тізген ол, Шаша Сүңгіні Ордосқа жіберген. Ал бүгін түнгі шапқыншылар алып келген хабар ханымды қуантып тастаған. Түбі өзіне қастандық жасауы мүмкін адамның түріктердің қолынан қаза тапқаны әлдеқайда жақсы. Бұның ары да таза, қолы да таза болмақ. Ордос ешқайда қашпайды, тіпті басып алғанның өзінде түріктердің ол жерде байыз тауып ұзақ отыр алмасы анық. Өйткені бүгін болмағанымен ертең қара жерді қайыстырар табғаштың қарақұрым қолы Ордосқа қайта басып кірері хақ.

Жас ханзаданың құшағында қанша рақатқа батып жатсада, осы бір жағдайды ханым есінен шығармаған. Тіпті түріктердің Ордосты өртеп, Шаша Сүңгінің басын алғанына да мүдделі еді…

 

***

Қабырғасы биік һәм берік Синжоуды алу оңайға соқпады. Түрік әскері жауар күндей түнеріп келіп, қамалды айналдыра қазылған терең орға тіреліп, талай рет кері лықсыды. Қамалдағылар ордан атын ырғытып өткендердің төбелерінен қара май құйып, шолақ найза лақтырып, таспен ұрып, жебені қарша бораты. Лапылдап келген түрік әскері қамалға кірмек тұрмақ, жақындаудың амалын таппай қиналды. Соғыстың қыр-сырына қанық Тоныкөктің өзі не істерін білмей тыпырлап қалған. Бөгі мен Күлтегін қарсы келіп қолма-қол ұрысқа бейім болғанымен қорғанға тығылып, қарсылық танытып жатқан табғаштарға қарсы айла таппай дағдарды. Жазық даладағы майданда жан шыдатпайтын көшпелілердің әскері жартасқа соғылып ілгері-кері лықсыған толқындай күй кешті. Неше күн, неше түн өтті. Шілденің шіліңгірі жердің бетін күйдіріп жандыра бастады. Мұның өзі, айшылық жол жүріп, жол бойындағы ірілі-уақты қалаларды ұрыспен алып, қалжырай бастаған қалың қолға ауыр тиді. Аңқаны кептірер, ми қайнатқан ыстықтан, қамалды айналып, ағып жатқан өзен ғана жандарын сақтап тұр. Қылтанақсыз даладан қылаудай көлеңке таппаған қалың қол, өзенге тоғытылған малдай, жағасына үйелеп қалған. Сөйтіп жатқанда, табғаш арасындағы жансыздар Шаша Сүңгіге көмекке көп әскер келе жатқанын хабарланған-ды. Егер де көмекке келетін қол жеткенше қамалды алмаса, істің насырға шабатынын ескерген Тоныкөк қолбасы дереу әскер басыларын шақырып, кеңес құрды.

Бірі – «кері шегінейік. Қағанның әскері келген соң бірлесіп бір амал табайық» десе, бәз бірі – «бұл қалаға тіреліп тұрған ештеңе жоқ. Айналып өтіп өзге қалаларды шауып, тонап кері қайтайық. Соның өзі бізге үлкен олжа болмақ» десті. Бөгі мен Күлтегін «қандай жағдай болмасын Синчжоуды алу керек» деген кесімді пікірден қайтпады. Әскербасылары нақты шешімге келе алмай жатқан шақта, Рұғила батырдың адамдары қамалға өтіп кетуге тырысқан екі сарбазды ұстап алып келді. Қолға түскендер, келе жатқан қол шекара маңын мекендеген көшпелілерден құралған жалдамалы әскер екенін айтқан. Қытайлардың өзі «жанкештілер» деп атаған бұл жасақ, ат үстіндегі соғысқа шорқақ табғаштардай емес, ат құлағында ойнап өскен, ат үсті ұрысқа өте бейім, әбден шыңдалғандар. Табғаш билігі шекара маңында өздеріне тәуелді болып отырған көшпелілердің бәрін соғыс диірменіне тартып, пұлын аямай беріп, жалдамалы әскер ұстайтыны бар. Пұлын алған жалдамалылар көк сүңгісін жалаңдатып, садақтарын аңырата тартып, қылыштарын жарқылдатып қан майданда қарсыласынан үстем шығуға тырасатын. Өйткені әр бір жеңістері үшін көл-көсір тарту-таралғы, сый алады. Содан болар бұл жасақ өлген-тірілгеніне қарамай алға ұмтылушы еді. Табғаш билігі бұған дейін, ат ойнатып келген көшпелілерге осы жалдамалы далалықтардан құралған әскерді қарсы қойып, тойтарыс беріп келген. Ал мұндай жырындылармен тайталасу Тоныкөктің қолына да оңайға соқпасы белгілі. Қолға түскен тұтқындардың айтуынша, келе жатқан әскердің ұзын саны он мыңнан асып жығылмақ. Бұлар қамал ішіндегі Шаша Сүңгінің жиырма мыңның үстіндегі жасағына қосылса, алдырмас күшке айналары хақ. Ал көк түріктердің жол бойы соғысып, қажып келген жиырма мыңға жетер-жетпес қолы табғаштарға қарсы тұра ала ма? Жан-жағы терең орлы, биік қабырғалы қамал тағы тұр… Қиын жағдайда қалғандарын Тоныкөк те, Бөгі мен Күлтегін де сезді, бірақ бәрібір қайрат қылу керек. Соғыс шатырында үшеуі оңаша қалған кезде, ұзақ ойланған Тоныкөк:                                                                                                                       – Мен аз ғана аламан ертіп, келе жатқандардың алдынан шығайын. Қалай десек те, бұлар көшпелілердің ұрпақтары. Кешегі күндей  күркіреген Бумын мен Естеміс қаған өліп, түрік жұрты елдігін жоғалтқан тұста, амалсыз табғаштардың бодандығын қабылдап, шөре-шөре күн кешіп жатқан түріктер емес пе! Мен де табғашқа қараған түркілердің ішінде туып өстім. Табғаш орталығы Чанъаньда ер жетім. Ақсүйектер оқитын Гоцзыцзян мектебінде дәріс алдым. Ел басқаруды, соғыс амалдарын сол жерде үйрендім, бірақ қаным түрік. Алған білімімді, жинаған тәжірибемді көк түріктің еркін, бостан ел атануына арнадым. Ал мына келе жатқан әскердің де қаны да, тегі де – түрік. Алдынан шығайын. Ата-бабаларының қилы тағдырын естеріне салайын. Табғаштың тәтті сөзіне, даладағы боран мен дауылға қамсау бола алмайтын бөзіне алданып, өз қандастарына қарсы қару көтермеуін, өзге жұрттың айтағына еріп қан төкпеуін өтінейін. Өзгенің дегенімен емес, өз еркімен еркін жүруді арман еткен кешегі даланың оғыландары емес пе! Сөзге тоқтар! – деген-ді.

Тоныкөк айтқан кепке екеуі де бас шұлғыды. Себебі жауды жеңу тек қылыштың жүзімен, көк сүңгінің ұшымен келе бермейтінін, соғыста түрлі айла-тәсілдерді қолдану керектігін түсініп қалған қос бөрі көпті көрген абыздың айтқанына қарсы келмеді. Тоныкөк жанына санаулы ғана сарбаз алып, келе жатқан әскердің алдын тосу үшін жедел жүріп кеткен.

 

***

 

Қамалды жан-жағынан қымтай қоршағанымен көк түріктер шабуылды сиреткен. Бұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, күшті сарқып алмау, өйткені келе жатқан қалың қол Тоныкөктің тілін алып, жаулығын қоя ма, әлде Тоныкөктің басын алып, бұлардың ту сыртынан тап бере ме? Белгісіз. Екіншіден, боздақтарды аранға айдап салғаннан еш пайда жоғы, шейіт болған әр түріктің орны қайтып толмайтыны тағы бар. Үшіншіден, қамалды жайына қалдырып, сол маңда көшіп-қонып жүрген түрік біткенді табғаштың езгісінен азат етіп, Өтүкенге көшіріп алса, соның өзі бұлардың тақиясына тар келмес еді. Бекіністі қоршап тұрған көк түріктердің қолына қолбасшылық етіп қалған Бөгі осылай жосыған. Бекініске мақсатсыз шаба беруден еш пайда жоғын Күлтегін де сезінген. Тоныкөк аттанып кеткелі неше күн өтті. Ол жақтан әзірге тырс еткен хабар жоқ. Күлтегін бірнеше мәрте соңына төрт-бес мың жасақ ертіп, Тоныкөктің артынан аттанбаққа жұлқынғанымен Бөгі бөгет бола берді. Қызбалыққа салынған Күлтегінге:

– Әкем Құтылық қағанға, ағам Қапаған қағанға ақылгөй болу, Апа-тархан деген шен алып, әскерінің Бас қолбасшысы болу, жай адамның тірлігі емес. Ондай болу, тек Тоныкөктің қолынан келді. Жауды жеңуге жол сілтеген, тығырыққа тірелгенде одан шығудың ебін таба білген, қиюы қашқан дүниені қиыстырған, бір бойына ақыл да, айла да қатар біткен, алысты болжайтын, сөйлегенде жұртты өзіне ұйыта алатын шешендігі тағы бар дана Тоныкөк, бұл жолы  да күрмеулі дүниенің күрмеуін шеше алары хақ. Сабыр ет. Күтейік! – деген-ді.

Бөгінің осы сөзі Күлтегінді тоқтатты. Арада күн өтпей хабар келді. «Жанкештілер» жасағы көк түріктер жағынан өтетін болыпты. Жай оғындай сарт еткен бұл хабар қамалды қоршап тұрған түрік әскерінің көңілін көтеріп тастаған-ды. «Солай болмаса Тоныкөк – Тоныкөк болар ма еді?» – деген Бөгі қуанышын жасыр алмай. Бұл жайт Күлтегінге «қамал құлады» деген хабардан да әсерлі естілген. Өйткені Шаша Сүңгі тағатсыздана күтіп отырған таңдаулы армияның көк түріктер жағына өтіп кетуі, қамалдың құлауымен тең еді. Бұл хабар табғаштарға да жетсе керек-ті. Бекіністе айқай-шу, ретсіз қозғалыс пайда болғаны көрініп тұрды. Көп ұзамай жанкешті жасақтың қолбасшысы Ашин Суйцзыны ерткен Тоныкөк жорық шатырына келген.                                                                                                                        – «Ер айналып, елін тапты» деген осы. «Күшке күш қосылса – құп, елге ел қосылса – құт» – иегін қуалай өскен бурыл тартқан қалың сақалын тарамдап қойып, Тоныкөк желпіне сөйледі. – Кешегі Бумын мен Естеміс бабамыздан қалған ер түріктің жұрнағы табғаштар үшін қан төгіп, жан бергеннен гөрі бөрілі байрақтың астына жиналғанды жөн көрді. Еркіндікті қалады. Бабадан – атаға, атадан – балаға қалған сайын даланың қожасы болуға ант берді. Елге – ел, қолға – қол қосылды. Бұл – ел мен жер үшін, түрік баласының бостандықта өмір сүруі үшін күресіміздің дұрыс екендігін білдіреді.

Тоныкөктің жүзіне нұр жүгірді. Көк түріктің оты сөнбейтіндігін, іргелі ел болудың негізі енді қаланып жатқаны туралы есе сөйледі. Жорық шатырында алқа қотан отырып, ас ішіп болған соң  Шаша Сүңгі қолбасшыға елші жіберіп, соғыспай берілуін сұрамақ болды. Рұғила батыр бастаған бірнеше жасақ келісімге кетті.

… Айлакер Шаша Сүңгі Қапағанның әскері Ордосқа кірген бойда, Орталыққа да, сыртта жатқан жалдамалылардың басшысы Ашин Суйцзынға да шапқыншы жіберген. Орталықтан көмек болмайтынын білген соң, бар үміті «жанкештілерде» еді, бірақ қанына тартпай туғырлардың  жалт беріп түріктердің жағына шығып кетуі, Шаша Сүңгіге соққы үстіне соққы болып тиді. Бойы бір тұтам қолтоқпақтай ғана болып, танауы таңқиып кеткен ол, не істерін білмей есеңгіреп отырып қалған. Онсыз да қысық көзі жұмылып, қара сұр жүзі түтігіп, алдына келген кімді де болса түтіп жеуге бар.     «Сарыкідір болсаң да, желігі  басылмаған ылыққан қаншық, қолыма бір түсерсің, көделі жеріңе қызған темір басып, жан дауысыңды шығарып бір шыжғырармын-ау».

Есіне, алдымен, У-хың билеушіні алды. Жанындағы нөкерлерінің көзінше ханымды айызы қанғанша  сыбады.                                                                                                                         «Қара басыңның, нәпсіңнің қамын ойлап кеткен сен, мына түріңмен елді ұшпаққа шығармассың. Сенің сондай екеніңді әу баста сезіп едім. Басыңды сол кезде қағып тастауым керек еді. Амал қанша, тәтті сөзіңе, ыстық құшағыңа арбалып қалдым. Енді осы жерден тірі кетсем, сол қателігімді түзермін! Ал сен жабайылардың төбеті Ашин Суйцзын бұл сатқындығыңды мен ғана емес, мұқым табғаш ұмытпайтын болады. Құтырынған қақбас, басыңды бәрібір ит-құсқа жем етермін түбі».

Қан түкіріп, оқыра тиген сиырдай тызақтап, бір орнында отыра алмаған Шаша Сүңгі, қанша берік болса да қамалдың түбі құлайтынын, өзі тұтқынға түсіп, қорлықпен өлетінін сезді. Шақшадай басы шарадай болып, мына тас бұғаудан қалай да құтылудың жолын қарастырды. Көк түріктер жіберген елшілердің астамси сөйлеп, «тез берілуін» тепсіне айтқандары үшін қорғанға кіргізіп бастарын шауып тастауға да болар еді. Бірақ жағдайды асқындырып аларын білген ол, баяғы түлкі бұлаңға салып, айлакерлігіне басты, елшілерге нақты жауап бермей:

«Ертең таң қылаң бергенде шешімімді айтармын» деп екіұшты тіл қатты. Шаша Сүңгінің жауабына күдіктене қалған Тоныкөк:

– Бұл залымның бір ойлағаны бар. Қарабасынның амандығын ойлап, түн жамылып зытып отырмақ. Бұдан айырылып қалсақ, артынша әскер жиып келіп, талай түріктің басына әңгіртаяқ ойнатары сөзсіз. Сондықтан, Күлтегін бек, өз жасағыңды алып, қамал қақпаларын аңдығайсың. Не қақпа, не болмаса жасырын жер асты жолдары арқылы бұл сұм сытылап кетуі әбден мүмкін, – деп Күлтегінге сеніп арта сөйледі.

Онсыз да бекініске басып кіріп, Шаша Сүңгінің басын кеспекке көк семсерін қайрап отырған Күлтегін Тоныкөктің айтқанын қалтқысыз орындайтынын жеткізді. Қаланың сыртқа шығар алты қақпасының екеуін әдейі елеусіз қалдырып, алыстан шолған Күлтегіннің жасағы түн жарымынан аса, шағын бір қолдың артқы қақпадан шығып, бөкен желіспен ұзап бара жатқанын байқады.                                                               – Ешкім құтылмасын! Бірін қалдырмай қырыңдар! – Күлтегіннің дауысы түн тыныштығын бұзып күнше күркіреді. Іле басымалдардан тартып алынған тұрқы биік, ұзын сирақ, ұшқыр аттарға мінген қол қашқандардың артынан лап қойды. Аты жүйрік шыққандарды садақпен атып, қуып жеткендерді найзаға шаншып, кылышпен қидалуға көшті. Өзінің сәтсіздікке ұшырағанын сезген Шаша Сүңгі алысқа ұзай алмайтынын білді. Ат құлағында ойнап өскен көшпелілердей емес, атпен жүруге шорқақ еді. Далақтай шауып біразға барғанымен үстіне киеген ауыр сауыты тынысын тарылтып, дулығасы көзін жауып мазасы кетті. Атының басын тартты.                                                                                                                  «Не өлім, не… Өліп кетсем, амал жоқ. Тірідей тұтқынға түссем, У ханым Қапағанмен келіссөз жүргізіп құтқарып қалар. Тан елі үшін сіңірген еңбегім көп емес пе? Осы елдің отымен кірдім, күлімен шықтым. Қасық қанымды аямадым. У ханым бәрін ескерер».

Осы бір жымысқы ой басында жылт еткен Шаша Сүңгі қылышын жалаңдата кері шапты. Мұны қорғап келе жатқан сарбаздар да амалсыз ат басын бұрды. Түнгі айқас ұзаққа созылмады. Айдың жарығымен сауыт-сайманы ерекше жарқыраған сарбазды «Шаша Сүңгі сен боларсың-ау» деп ұмтылған Күлтегін ағып келген бойда ұшы құрыштан соғылған емен найзасын жаудың қолтығына бар күшпен қадап, көтере лақтырды. Қалақтай ғана болған Шаша Сүңгінің жан дауысы шықты. Ат қарқынын тежеп, айналып келіп жерде қан құсып, тыпырлап жатқан табғаш қолбасшысын қылышпен бір тартып, басын ұшырып жіберді. Ат үсті соғысқа әбден шыңдалған түріктер азғантай табғаш қолын демде жайпап тастады. Ертеңінде қамал берілді. Біраз уақыт жолын бөгеп, ілгері бастырмаған қаланы түріктер бар байлығын тонап, өртеп жіберді. Ордостағы бас қала құлаған соң, ұсақ-түйек өзге елді мекендер ұрыссыз қақпаларын ашты. Тоныкөк пен қос бөрі Бөгі мен Күлтегін басқарған қол мол байлыққа ие болды.

Құтылық көтерілісі кезінде бірге еріп кете алмай Ордоста табғаштарға кіріптар болып егзісінде жүрген түрік жұртын азат етті. Бұл кезде Қапаған қаған басқарған екінші қол табғаштардың өзге өңірдегі шаһарларын күл-талқан етіп, Тоныкөктің әскерімен қосылуға жақын қалған еді.

(жалғасы  бар)

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

Алдыңғы жазбаЦифрландыру және жасанды интеллект жылы
Келесі жазбаГренландия: Трамптың ермегі ме, әлде үлкен ойыны ма?