Home Басты жазба «Құлыным кетті  бел асып…»

«Құлыным кетті  бел асып…»

38

Қазақстан қоғамы соңғы жылдары бір ауыр құбылыспен бетпе-бет келіп отыр: бейбіт күнде әскери қызметте қаза табатын жастар саны азаймай тұр. Соңғы үш жылдың өзінде әскерде әртүрлі жағдайлармен көз жұмғандардың саны жүздеген адамға жеткені туралы ақпараттар жарияланды. Бұл — соғыссыз ел үшін өте алаңдатарлық көрсеткіш. Еліміздің  әр  түкпірінен  баласынан  айрылған  аналардың  сонау Екінші Дүниежүзілік  соғыс  жылдары айтатын

  «Құлыным кетті  бел  асып, 

Беліне  белбеу  жарасып. 

Жарасқанын  қайтейін, 

Қапыда  қалдым  адасып»  деген  зарлы  жоқтаулары естіле  бастады. Иә, кеше  ғана  аман-сау азаматтық  борышын өткеруге кеткен  баласының табытпен  оралғаны кімгеде  болса ауыр  тиері  хақ.                                                                                                                                                                                     Қоғам абыржулы, ата-аналар алаңдаулы, бірақ басты сұрақ сол қалпы тұр:
Неге біздің балаларымыз бейбіт күннің өзінде казармадан оралмай жатыр? Кінә кімнен — жүйеден бе, әлде тәрбиеден бе?

Әскерден қашатын 20 мың жас — кездейсоқ емес

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың  Фейсбук парақшасында  әскерден 20 мың бала жалтарып жүр деген жазбасы  бар. Рас,  болса,  ел үшін  ең  қауіпті,  алаңдатарлық  жағдай  осы  болуы тиіс. Жүз емес, мың да емес — жиырма мың.

Әскери логикамен айтсақ, бұл — тұтас бір дивизия, немесе 2 бригада, яки 16–17 батальонға тең жасақ. Қазақстан Қарулы Күштерінің жалпы саны 40 мыңнан сәл асатынын ескерсек, бұл — армияның жартысына жуық құрамға пара-пар.

Жастардың мұндай көлемде әскерден жалтаруы — жеке адамдардың шешімі емес, бұл  ақиқатын айтсақ, жүйелік дағдарыстың көрсеткіші.

 

Неліктен жастар әскерден қашады?

Жауапты бір ғана факторға телу дұрыс емес. Нақты бірнеше себеп бар:

Біріншіден,  Әскердегі тәртіп пен қауіпсіздікке сенім аз

Әлімжеттік, тұрмыс-тіршіліктің нашарлығы, психологиялық қысым, медициналық көмектің жеткіліксіздігі туралы оқиғалар жиі айтылады. Бұл ақпараттар жастардың санасында әскерді «қауіпті жер» ретінде қалыптастырады.

Екіншіден, Шақыру жүйесінің өзіне деген сенім төмен

Әлеуметтік желілерде «көшеден ұстап әкетті» деген видеолар, заңсыз шақыру әрекеттері туралы шағымдар үзбей тарайды. Бұл да сенімге нұқсан келтіреді.

Үшіншіден, Жастардың әлеуметтік басымдықтары өзгерді

Қазіргі түлектер үшін оқу, жұмыс, жеке даму, шетел мүмкіндіктері — басты құндылықтар. Бір жылдық әскер олардың өмірлік жоспарына сай келмейді.

Төртіншіден, Патриоттық түсініктің әлсіреуі

Тұтас қоғамда ұлттық идеологияның үні бәсеңдеп, патриоттық бағдарлама жеткілікті деңгейде жұмыс істемей тұрғаны байқалады.

Иә,  бұл жастардың әскерден  жалтаруының  негізгі факторлары.

Ата-ананың алаңдауы — орынды

Әскердегі өлім-жітімге қатысты әр жаңалық — бір отбасының қасіреті.
Мәселе тек статистикада емес. Ол — ата-ананың баласын «аман алып қалу» үшін әскерден барынша алыстатуға тырысуына әкеліп отыр. Қысқасы, жүйе қауіпсіздік пен жауапкершілік бере алмаса, ел азаматтары оны өздері айналып өтудің жолын іздейді. Бұл — табиғи реакция.

 

Не істеу керек? — жүйелі шешімдер

Мәселені шешу үшін косметикалық өзгерістер жеткіліксіз. Қоғамдық сенімді қалпына келтіру — басты мақсат болуы тиіс.

Бірінші, Әскердегі ашықтықты күшейту

Әрбір бөлімшенің жағдайы, тәртібі, оқиғалар статистикасы қоғамға ашық болуы керек. Бұл сенімді арттырады.

Екінші, Қауіпсіздік стандарттарын қатайту

Жаңа келген сарбаз үшін алғашқы айлар — ең қауіпті кезең. Сол уақытта медициналық, психологиялық, әлеуметтік бақылау күшейтілуі керек.

Үшінші,  Әкімшілік емес, түсіндіру тәсілін қолдану

Жастарды әскерге «әкетіп» емес, шақырып апару қажет. Сенім мен түсіндіру — ең тиімді құрал.

Төртінші, Заманауи әскери-патриоттық бағдарлама

Жастарды Отан қорғау — құр ұран емес, нақты мағыналы бағдарламаға айналуы тиіс:
• әскери мамандықтардың мәнін түсіндіру;
• технологиялық армия моделі;
• әскери қызметтің әлеуметтік мәртебесін арттыру;
• контрактілік қызметтің құндылығын көрсету.

 

Сөз соңында айтарымыз, 20 мың жас жігіттің әскерден қашуы — тәрбиеге немесе патриотизмге қатысты үстірт пікір айтатын жағдай емес. Бұл — армия мен азамат арасындағы сенім үзіліп қалғанының айқын дәлелі.

Егер бұл сенім қайта қалпына келмесе, Қазақстанның қорғанысы мықты болмайды.
Ал қорғанысы әлсіз ел — жаһандық тұрақсыздық күшейген заманда ең әлсіз нысанға айналады. Сондықтан бүгінгі басты міндет — жастарды кінәлау емес, жүйені түзету, әскерді қауіпсіз, заманауи, сенімді институтқа айналдыру. Отанды қорғау — парыз. Бірақ ол парыз баланың өмірі мен денсаулығы қауіпке салынбайтын жерден басталуы тиіс.

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

Dodanews.kz

Алдыңғы жазбаТоқаевтың дипломатиялық марафоны: Қазақстан қайда бара жатыр? 
Келесі жазбаСу тапшылығы дәуіріндегі жаңа ойын кімге  тиімді?