11 желтоқсанға қараған түні Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің соңғы, алтыншы туры аясында сегіз матч өтті, – деп хабарлайды Vesti.kz.
Е тобында италиялық «Наполи» бельгиялық «Генкті» 4:0 есебімен тас-талқан етті. Аркадиуш Милик хет-трик жасады. Ол 17 жастағы Мартен Вандевордттың қақпасына 3, 26 және 38-минутта гол соққан. Ал 74-минутта Дрис Мертенс матч нүктесін қойды. Чемпиондар лигасының қазіргі жеңімпазы «Ливерпуль» сырт алаңда австриялық «Зальцбургті» 2:0 есебімен жеңді. Англиялық клуб екінші таймда қатарынан екі гол соқты: 57-минутта Наби Кейте, 58-минутта Мохамед Салах көзге түсті. F тобында «Интер» өз алаңында «Барселонаның» аралас құрамына 1:2 есебімен жол берді. 23-минутта Карлос Перес қонақтарды алға шығарған, 44-минутта италиялық клуб Ромелу Лукакудың голымен жауап қатты. Кездесудің 87-минутында 17 жастағы Ансу Фати «Барселонаға» жеңіс сыйлады. Бұл топтың екінші матчы Дортмундта өтті, «Боруссия» чехиялық «Славияны» қабылдап, 2:1 есебімен жеңді. Неміс клубы сапынан Джейдон Санчо (10-минутта) мен Юлиан Брандт (61), қонақтардан Томаш Соучек (43) қанжығасын майлады. 77-минутта алаң иелері сапынан Юлиан Вайгль алаңнан қуылғанымен, «Боруссия» жеңісті уысынан жібермеді. F тобында франциялық «Лион» германиялық «РБ Лейпцигтен» 0:2 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын теңестіре алды. Бірінші таймда қонақтар екі рет пенальтиден гол соқты: 9-минутта Эмиль Форсберг көзге түссе, 33-минутта Тимо Вернер нүктеден дәл соққы жасады. Бірақ екінші таймда Уссем Ауар (50-минутта) мен Мемфис Депайдың (82) голдары алаң иелеріне жеңіс сыйлап, плэй-оффқа жолдама берді. Бұл топтан Еуропа лигасына «Бенфика» аттанды, португалиялық клуб өз алаңында «Зенитті» 3:0 есебімен тас-талқан етті. «Бенфикаға» жеңісті Франко Серви (47-минутта) мен Пиццидің (58, пенальтиден) голдары және Сердар Азмунның автоголы сыйлады. Матчтың 57-минутында Ресей чемпионы сапынан Дуглас Сантос алаңнан қуылған. Голландиялық «Аякс» Н тобында өз алаңында испаниялық «Валенсиядан» жеңілді – 0:1. Жалғыз голды 24-минутта Родриго соқты, ал 93-минутта қонақтар он ойыншымен қалды – Габриэль Паулиста алаңнан қуылған. Англиялық «Челси» өз алаңында франциялық «Лилльді» жеңді – 2:1. Лондондықтар сапынан 19-минутта Тэмми Абрахам мен 35-минутта Сезар Аспиликуэта көзге түсті. Ал 78-минутта Лоик Реми есеп айырмасын қысқартты.