Home Жаңалықтар «Әкеңді білмеген ештеңе емес, қаптаған халықтың ішінен ұлтыңды білмеген не деген сұмдық»

«Әкеңді білмеген ештеңе емес, қаптаған халықтың ішінен ұлтыңды білмеген не деген сұмдық»

55

Байырғы Целиноград, қазіргі Астана қаласында тұратын қазақ халқының саны 79 пайызға жетті. Егемендік алған жылдары бұл шаһарда 9-ақ пайыз қазақ тұрушы еді. Облыс бойынша небәрі 14 пайыз болатын. Қуану керек қой. Бірақ, мен мұңайып отырмын. Қазақтардың көбеюі-орыстың бағы, қазақтың-сорына айналғандай. Неге? Жә, басынан бастап, қысқаша баяндап өтейін.
Қызыл империя Кеңес Одағының үстемдік құрып тұрған кезі. Қара шаңырақ КазГу-дің соңғы курсында оқимын. Мен қатарлы студенттердің барлығы әсем қала, думан қала Алматыда қалып жұмыс істеуге ниетті. Бірақ, әсіресе қазақтардың қоныстануы тым қиын әрі күрделі болатын. Саясат солай. Не керек, нұры пейіште шалқысын «Ара» журналының бас редакторы Қалтай Мұхамеджанов ағамыз мені қызметке алуға ризашылығын білдірді. Содан төбем көкке екі елі жетпей құстай ұшып деканатқа келдім. Сонда білдім Целиноград қаласына қазақ тілді жас мамандар сұратып жатқанын. Бірден алғашқы ойымнан ауытқып келісімімді бердім. Жанашыр курстастарым: «Сенің есің дұрыс па? Жұрт Алматыда қалуға қолы жетпей жатса, сен мүмкіндігің бар бола сонау ит байласа тұрғысыз жер, қалың орыстың ортасы Целингорадта не әкеңнің құны қалды» деп кейістік білдіріп жатты. Мен болсам: «Көресіңдер ертең Целиноград астана болады, бәрің сонда келесіңдер» деп сандырақтай салдым. Бәрі ду күлді. Әрине, менің қияли қиялым күлдіртпей қайтсін.
Содан салп ұрып Целиноградқа да жеттім-ау. Қызығы мен қиындығы мол журналистік қызметім басталып кетті. Курстастарым айтса айтқандай қалың орыстың ортасы. Автобуқа мінсең айналдырған екі қазақ отырады. Қазақша сөйлесең құрыдың дей бер. Орыстың жаман-жәутік кемпірлеріне дейін «Неге біз түсінбейтін тілде сөйлейсің, нацист, неблагодарный, ничтожество, т.б. сөздерді қарша боратып өре түрегелетін. Сізге өтірік маған шын дереу автобусты тоқтатып түсіріп тастайтын кездері де болатын. Ішіміз ызаға булығып, намыстан жарылып өліп кете жаздайтынмын.
Сұхбат, пікір алуға қазақша сөйлейтін адам табу қияметтің қиыны болатын. Бірақ, сол ат төбеліндей 9 пайыз қазақ (оның 7 пайызы қазақшадан мақұрым десе де болады) тіліміздің тұғырын аласартпауға тырысатынбыз. Бір-бірімізбен кездесе қалсақ міндетті түрде қазақша сөйлесеміз. Сол кезде жан-жақтан келген жастар қатары сусақпен санарлықтай ғана едік. Қызылорадан-Нұрболат, Шымкенттен-Бауыржан, Алтынбай, Өскеменнен-Гаухар, Тараздан-Ғабит, Жезқазғаннан-Дарын, Саят бәрімізбірге жүреміз. Бәрі қазақи тәрбиемен сусындаған азаматтар. Қатты күйзелгеніміз соншалық «Шіркін, Целиноградта қазақтар көбейіп, ана тілімізде еркін сөйлейтін күн қашан туады екен?» деп армандайтынбыз. Арманға шексіз берілетінбіз. Иншалла, тәңірім берді тілеуімізді.
Әттең, қазақтардың қатары көбейген сайын орысша сөйлеу тіпті құтырынып кетті. Желді күнгі өрттей өршіп барады. Баяғы біз қазақша сөйлесек жынданатын орыстардың нервісі қалпына келді. Қояншығы ұстамай емін-еркін миығынан күліп отыратын жағдайға жетті. Рахат. Қазақтар өздерімен-өздері айтқызбай-ақ, орысша сөйлесіп жатса қандай ғанибет. Бүгін автобусқа мінсем, бұрынғыдай екі қазақ отырмайды, орынымыз ауысқандай бір-екі орысты көзің шаласың. Бірақ, барша қазақ орыс тілінде сөйлесіп, тіл қатып тұрады ғой.
Бүгінгі 79 пайыз қазақтың 33 пайызының балалары орыс мектебінде оқиды. Ал, бұл сор ма, бақ па? Айтыңдаршы?
«Әкеңді білмеген ештеңе емес, қаптаған халықтың ішінен ұлтыңды білмеген не деген сұмдық!» деп қалай дәл тауып айттың Қадыр аға!

 

Бейбіт Оспанның  Фейсбуктағы  парақшасынан

Алдыңғы жазбаАлысқа қатынайтын қазақ жүргізуші АҚШ-тағы табысы туралы айтып берді – Бір үзік
Келесі жазбаЖас шахматшы Бибісара Асаубаева Қазақстанға оралады – Ел жаңалықтары