Home Басты жазба Жеңіс жоқ соғыс: Таяу Шығыста кім бірінші шаршайды?

Жеңіс жоқ соғыс: Таяу Шығыста кім бірінші шаршайды?

19

Бұл соғыс бір айда өзінің шынайы табиғатын ашып үлгерді: ол блицкриг емес, ол — жүйкені, ресурсты және уақытты жейтін ұзақ тартыс. Басында АҚШ пен Израиль бәрін тез шешкісі келді: соққы беріп, элитаны жойып, жүйені құлатып, “жаңа шындық” орнату. Бірақ тарих тағы да қайталанды — соғыс жоспарланғандай емес, қарсылас қалай қаласа, солай жүреді. Ал Иран дәл соны жасады: құлаған жоқ, шегінген жоқ, керісінше соғыстың логикасын өзгертті.

Қазір бұл қақтығыс үш бағыттың арасында тұр, және қай жолға түсетіні тек майдандағы емес, саяси ерік-жігерге байланысты. Бірінші жол — эскалация. Оның белгілері қазірдің өзінде көрініп тұр: Парсы шығанағындағы қысым, Ормуз бұғазы арқылы әлемдік нарықты тұншықтыру, аймақтағы базаларға соққы. Егер АҚШ шынымен де құрлық операциясына барса, бұл соғыс сапалық жаңа деңгейге өтеді. Бірақ мұндай қадам — жеңіске апаратын қысқа жол емес, керісінше ұзақ батпақтың басы. Өйткені Иран — Ирак та, Ауғанстан да емес. Оның географиясы, халқы, идеологиялық мобилизациясы — бәрі ұзақ қарсыласуға бейім. Бұл жағдайда соғыс енді операция емес, тағдырға айналады.

Екінші ықтимал жол — келісім. Бірақ бұл классикалық “бейбітшілік келісімі” болмайды. Мұнда ешкім жеңген жоқ, ешкім жеңілген жоқ. Сондықтан келісім — тек үзіліс. АҚШ үшін бұл — тым қымбат соғысты тоқтату мүмкіндігі, Иран үшін — аман қалуды “жеңіс” ретінде сату. Бірақ мәселе мынада: тараптардың талаптары бір-біріне мүлде қарама-қайшы. Бірі қысым арқылы берілу күтеді, екіншісі қысым арқылы тең келіссөзге жетуді қалайды. Осындай жағдайда келісім — логикалық емес, бірақ саяси тұрғыдан жалғыз мүмкін нұсқаға айналуы мүмкін. Үлкен саясатта ең әлсіз шешім кейде ең шынайы шешім болады.

Ал үшінші сценарий — ең қауіптісі, бірақ ең шынайысы: созылмалы соғыс, яғни “екінші Вьетнам”. Бұл жерде майдан сызығы ғана емес, уақыттың өзі қару. Иран дәл осы модельді таңдап отыр: тікелей жеңу емес, қарсыласты шаршату. Мұнай нарығы арқылы қысым, прокси күштер арқылы тұрақсыздық, нүктелік соққылар арқылы жүйкені тоздыру. Бұл соғыста жеңіс — қарсыластың өз еркімен “жетеді” деуі. Ал АҚШ үшін ең үлкен қауіп — әскери жеңіліс емес, саяси қажу. Қоғам шаршайды, экономика қысым көреді, одақтастар күмәндана бастайды. Дәл осылай кезінде үлкен державалар соғыста емес, соғыстың ішінде жеңілген.

Бүгінгі шындық қарапайым, бірақ ыңғайсыз: бұл соғыс тез аяқталмайды. Эскалация — қауіпті, келісім — әлсіз, ал ұзақ соғыс — ең ықтимал. Сондықтан басты сұрақ “кім жеңеді?” емес. Нақты сұрақ — “кім бірінші тоқтайды?”

Өйткені қазіргі кезеңде жеңіс деген ұғымның өзі өзгерген: біреу үшін жеңіс — қарсыласын құлату, ал екіншісі үшін — өзі құламау.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Dodanews.kz

Алдыңғы жазбаТарих – уақыт өткен сайын жаңа пікір тұғызады!