Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға жасаған сапары аясында Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысында сөз сөйледі. Жаһандық текетірестер күшейген тұста ұйымдастырылған бұл жиын халықаралық саясаттағы жаңа форматтың бастамасы ретінде ұсынылды. Қазақ «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дейді. Бүгінгі геосаясатта дәл осы қағида бұрынғыдан да өзекті.
Мемлекет басшысы саммит қатысушыларына ілтипат білдіріп, шараны ұйымдастырған АҚШ президенті Donald Trump-қа алғыс айтты. Оның айтуынша, бұл алаң – сөз жүзіндегі декларациялар емес, нақты іс-әрекетке негізделген құрылым. Кездесу Donald Trump Peace Institute қабырғасында өтті.
Тоқаев «Жасампаздық арқылы бейбітшілік» қағидатына тоқтала отырып, көпжақты күш-жігердің маңызын атап өтті. Бұл ұстаным Қазақстанның көпвекторлы саясатына сай келеді. Себебі халықаралық қатынастарда «Бірлік бар жерде – тірлік бар». Бүгінде сенім азайып, күдік көбейген кезеңде мемлекеттер арасындағы үйлесімді іс-қимыл ғана тұрақтылыққа жол ашады.
Қазақстан үшін бұл сапар тек протоколдық шара емес. Бұл – сыртқы саясаттағы прагматизмнің жалғасы. Соңғы жылдары энергетика, көлік-логистика, сирек металдар мен цифрлық қауіпсіздік бағытында Вашингтонмен байланыс нығайып келеді. Осындай жағдайда Астананың жаңа бейбітшілік бастамасына қосылуы – ұлттық мүддені кең ауқымда қорғаудың бір тәсілі.
Қазіргі әлемде ірі державалар арасындағы бәсеке күшейіп отыр. Мұндай жағдайда шағын және орта державалар үшін тепе-теңдік сақтау – басты міндет. «Жаһанда дау көп, бірақ дауылға қарсы тұру үшін желдің бағытын тану керек». Қазақстан дәл осы стратегияны ұстанып келеді: ешкімге қарсы емес, бірақ ұлттық мүддеден таймайтын саясат.
Вашингтондағы жиын нақты қандай нәтижемен аяқталатыны алдағы уақытта белгілі болмақ. Алайда бір нәрсе анық: Қазақстан өзін тек аймақтық емес, жаһандық диалогқа үлес қоса алатын мемлекет ретінде көрсетуді жалғастырып келеді.
Азаматхан ӘМІРТАЙ
«Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы
































