Home Жаңалықтар САНДЫРАҚ! немесе «ШІРКІНДЕ ЕС БОЛСАЙШЫ СЕЗЕД ДЕГЕН…»

САНДЫРАҚ! немесе «ШІРКІНДЕ ЕС БОЛСАЙШЫ СЕЗЕД ДЕГЕН…»

169

Тақырыпты осылай қоймасқа амалым қалмады. Өйткені бүкіл бір ұлттың руханият киесіне айналған Абайдың жүрегіндегі бейнесін орнынан суық та сұғанақ сөздерімен суырып алып: «Абай деген де, Ибраһим деген адам да, ақын да болған жоқ! Айттым, бітті. Көнесіңдер осыған, оны менен басқа өңшең можантопайлар білмейсіңдер. Абай деп жүргендерің қолдан жасалған идеологиялық қуыршақ!» – деген арандата ұрандаушы адам туралы бұдан өзге орайлы байлам ойыма оралмады. Сандырақ демеске және келмейді. Өзінің не үшін, кімге не айтып отырғанын, оның келіп-кетер залал-зиянын парықтамайтын, көзіне не елестесе соны жүйесіз айта беретін, өзара байланысы жоқ, әлдебір елесті қуып, бейберекет сөйлеуді «сандырақ» десе керек. «Мен жасымнан көп көрдім, Мұсылманды, кәпірді. Абыралыдай көрмедім, Намаз білмес пақырды», деп Абай айтқандай, әдеби сын саласына елу жылдай араласып келе жатқан уақытымызда, дәл осы Зәуре Батаевадай парықсыз және дауасыз «сыншысымақты» көргенім жоқ. Сөзін бірден шарпысудан бастапты демеңіз. Шарпысу, оның ішінде әйел затымен салғыласу әдетімде жоқ еді, бірақ соған мәжбүр еткен мынадай бейпіл дақпырттар.

Міне, ол – З.Батаева, алты-жеті жылдан бері желқабыз желі арқылы «Абай жұмбағы: Қазақстанның белгісіз-ұлы ақыны»; «Загадка Абая»; «В поисках «Абая»: письма Адольфа Янушкевича, ещё одна советская подделка»; «Слова назидания» побуждали казахов презирать себя, своих предков, язык и культуру»; «Почему и зачем биографии великих казахов создают россияне?» деген дақпырт тақырыппен, өзгені емес, біз рухани тұлға ретінде бас иетін тура Абайдың өзін қорлап қана қоймай, сонымен қатар сол арқылы қазақты қорлап сөйлеуді тақыстық машыққа айналдырып алды. Ондай адамның да, ақынның да болмағанына ұлттық ар-ожданымыздың кепіліне балайтын Әлихан Бөкейхановты, Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты, Жүсіпбек Аймауытовты, Мұхтар Әуезовті жалған куәлікке тартып, олардың өзін – «плагиат», «фальсифакатор», «Сталиннің фавориті» деп жариялап, сондай бір бейпіл жаламен ешқандай именусіз дүние оқырманын арандатып келеді. Бұған да можантопайлықпен көндігіп қалып ек, оның бұл сандырақтарын әлемдік деңгейдегі жаңалық ретінде жарнамалаған, аты бізге беймағлұм Мерей Сүгірбаева деген блогерге берген кезекті «мардымсуында»:

«Біріншіден, «Ибрагим Құнанбай» деген адам ақын болмаған. «Абай өмір сүрген жоқ» және:

Екіншіден, біз қазір «Абай» деп танитын адамның ол кезде «Абай» деген лақап аты әлі болмаған.

«Слова назидания» побуждали казахов презирать себя, своих предков, язык и культуру» (Біз барлық дәйектерді желідегі тілдік мәтін бойынша береміз), яғный,Абайдың «Қара сөздері» («Ғақлия сөздері») қазақтардың өздеріне, ата-бабаларына, тілі мен мәдениетіне деген жеккөрінішін оятты» – деп дүние қауымынажар салған өрекпуін оқыған соң, дымымыз шықпай қалды.

Асылық демеңіз, тура Абайдың «Тоғызыншы сөзінде» айтылғанындай:

«Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки, бөтен бір себептен бе? Еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі», – деген қорланған күйінді күйді басымыздан кешірдік.

Енді қайтейік, бүкіл ғұмыр-санаңды баураған, «ақыл сусыны», «жүрек жұбанышы» деп жүрген Абай «жексұрын сөздің» иесі, ал қазақтың рухани азаттығының кепілі деп жүрген Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов, Аймауытов, Әуезов – «плагиат», «фальсификатор», «Сталиннің фавориті» болып шықса.  «Сталиннің фавориті» болып шықса. Бүкіл өміріңнің мақсаты мағынасызданып, босқа өмір сүргендей, қорланып кетеді екенсің. Абайға қарата «жексұрын» (презирать) деген жексұрын сөзді қолдануына қарап:

«Жаны күйген біреу шығар, не  Абайдың «Жетінші сөзіндегі»: «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ… (…) түк білмей(ді): Біз де білеміз – деп надандығы(н)… білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілері(н) білмей, күре тамыры(н) адырайтып кете(ді)»,–дегеніндегі «тамырын адырайтқандардың» бірі шығар. Сабасына түсер, басылар, – деп өзімізше марғаулық та танытып жүрдік.

Бірақ бәрі де біз дәметкендей болмай шықты, білімі де пәс емес екен. Ол (М.Сүгірбаеваның ұсынған мәтіні бойынша берілді):

«Зауре Батаева свободно владеет, кроме казахского и русского, английским и другими европейскими языками. Преподавала казахский язык и литературу в Казахстане, а с 2000-х – казахский язык и культуру за рубежом, а частности – в университетах США на факультетах, специализирующихся на изучении центральноазиатских стран».

Өзінің мәліметіне қарағанда, осынау бір «ойы бұзылғандарға» әуес қастаншықпағыр жабысқақ (навязчивый) идеяны шет елдік шәкірттерге де жайып, насихаттап жүр екен. Демек, арандатса да саналы түрде, арнайы мақсатпен, не біреудің, не топтың итермелеуімен (өкінішке қарай, ондайлар қазір жиі кездесетінін бүгінгі өмірлік деректер растайды), не жеке басына қатысты ниглистік жеккөрінішпен арандатып отыр – деп толық сеніммен айтуға болады. Себебі Абайдың: «Наданның сүйенгені көп пен дүрмек» деп айтқанындай, жеке түйсік иесі мұқым бір ұлтты, соның ішінде өзінің әке-шешесі де сол ұлттың өкілі болып табылатын халықты қорлауға дәті бармас еді. Сонымен қатар жалықпай, қайталай туған еліне (Бірінші: егерде қазақты «елім» деп санаса, екінші осыдан кейін «елім» деп айтуға қақы бар ма, үшінші, ол «еркелікті» елі қабылдай ма?) қамшы үйіріп отыруына қарағанда, Абайға да, еліне деген кегі де текті кек сияқты.

Бұған не деп жауап берерсің? Оны осылай айтуға мәжбүр еткен қандай парықсыз талғам, қандай далбаса тәуекел, қандай бейшаралық жанығу еді десеңші. Бүгінгі қазақ қоғамындағы көргенсіздік пен тәрбиесіздіктің, жазасыз «бақастықтың» (Абай) сорақы сымпысы. Өйткені бұл – осының алдында Абайды, сол арқылы қазақты кемсіткен орыс-қазағы аралас дәндүрістердің табалы мазағында  көрсетілген арсыздық пен қорлаудың бәрінен де шегі асып кеткен жойдаусыздық.

Шындығын айтайын, алғашында «Қазақ әдебиетіне» осы жарияланым туралы бір ауыз пікір білдіруді өтінгенде, қыстығып отырып:

«… Айтуға – дауысың шықпайтын, жазуға – сөз таппайтын, оқуға – жүзің шыдамайтын бұл сандыраққа қарсы уәж айтқан жапондық ғалым Томохико Уяма мен абайтанушы Сұлтан Ыбырайдың мұны оқып шығуға қалай төзімдерінің жеткеніне таңғалдым. Тіпті қазақ тарихын білмейтін қазаққа қазақ тарихын білетін Томохико Уяманың «қарсы уәж білдіріп, жоғарыдағы «әлемдік сенсация жасаған» жалагөйге жөн көрсетіп: «өзің қазақ бола тұра қазақ тарихына, оның рухани мұрасына осыншама жеккөрінішпен қарап, жоққа шығаруға құлшынуыңыздың себебі не?» – деген сыңайда таңданысты сұрағымен, оның:

«ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Абайдың және қазақтың басқа да көптеген сауатты тұлғаларының өзінің сүйікті халқының кемшілігін жазып, оны жоюға ұмтылуы, ол кезде сыни тұрғыдан ойлайтын сауатты салауатты зиялы қауымның болғанын көрсетеді. Ал араб әліпбиіндегі бастапқы дереккөздерді оқи алмайтын, Абайдың ислам философиясын түсінбейтін «филологтың», ол (Абай) империялық үгіт-насихат үшін жасалған – деп қиялдауы, оған көптеген ақылдылардың қол соғуы – қазіргі қазақ қоғамының бір бөлігінің әл-дәрменінің (Мен: «денінің» деп  аударылуы керек деп есептеймін – Т.Ж.) дұрыс емес екендігін көрсетеді. Бұл өте өкінішті», –  деп алаңдай айтқан әділ сөзі еске түседі.

Иә, «өте өкінішті». «Өкінішті» ғана емес, ұлттық трагедияның басы. Сонымен қатар бұл қазіргі қазақ қоғамының ішіндегі дімкәстікті білдірсе керек. Оны зерделі зерттеуші дұрыс аңғарып отыр.

Бұл аздай, өзінің сол сандырағына түсіндірме жазып, «демократия» дегенді ауызға алғанына жағамды ұстадым. Демократия, сөз бостандығы, пікір еркіндігі – «ар ұялар іс қылмас ақылы зеректің» еншісі. Ар-ождан – шындық кепілі. Қазақ үшін Абайды жоққа шығару: өзіңнің туған балаңның – әкесін және ұлтын анықтап бере алмай, ақыры оның өзін жоққа шығарып тынумен бірдей.

Осы сандырақ жөнінде маған хабарласпаған адам жоқ. Сонда таңғалғаным: бірі – бұл сандыраққа мемлекеттік заң орындары араласып, қатаң жазаға тартып, азаматтықтан айыруды талап етеді (Егер, шетелдің азаматтығын алып үлгерсе қайтеміз?). Екіншісі, абайтанушыларды кіналап, авторды қатал әшкерелеу керектігін айтады. Үшіншілері… үшіншілері қостайды! Иә, қостайды! Міне, біздің қазіргі «сауатты», «бәсекеге қабілетті» қазақ қоғамындағы «сөз еркіндігінің» сұрқы», – деп жауап беріппін.

Бұл сөздерді қазір де қайталауға бармын.

Осындай күйінді күйде жүріп, ақыры тағы да сол Абайдың: «Біреу олай, біреуі былай қарап, Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ», – деген сөзін қаперге алып, желқабыз желілерде: бұған осы абайтанушымын деп жүргендер неге жауап бермейді, әлде, олардың бәрі де дүмбілездер болғаны, демек, мұнда шындық бар – деген желеу сөздер тарай бастағандықтан да, елу беттік шарпудың және соған түсініктеме ретінде берілген «тұжырымдаманың»  талмауытты тұстарына ғана уәж білдіруге тәуекел еттім.

1.АБАЙ ӨМІРДЕ БОЛҒАН АДАМ!

Сонымен, осыншама парықсыз байбалам мен жалаға төзіп, тіршілігі «ішін ашып көрсең, шошитындай» азаппен өтсе де, алпыс жыл өмір сүрген нақты адамды – Абайды жоққа шығарып, айдай әлемді аталауға қарсы қыжылсыз қалай жауап беруге болады? Ал мен өз жеке басым, осы байбаламдағы біраз мәселеге тек қана құжаттар мен деректерге негізделген «Абай: «соқтықпалы, соқпақсыз өткен өмір» (Қараңыз: Жұртбай Т. «… Ол боламын демеңдер». Астана, 2021, Алаш Орда, 405-574-беттер) атты еңбегім арқылы байыпты жауап бердім деп жүргенмін. Оным бекершілік екен.

Шарықтап-шалықтап, баяндалған жазбаның иесі З.Батаева өзінің шектен асқан байбаламына қысылып-қымтырылып жатпастан, сандырақ пен дақпыртқа негізделген «ғылыми пайымдауларын» бірден:

«Біз осы күні «Абай» деп атайтын адам кім болған? Біз Абайға тиесілі деп сенетін шығармалардың барлығын осы адам жазды ма?»,  – деп мәселені өкпе тұстан өңменіңе түйрей қоюдан бастайды.

Сөйтсек, бұл «проблеманы» оның есіне салып, «ойын оятқан»:

«2017 жылы Абайдың «Қара сөздерін» бір топ кеңес насихатшылары 1930 жылдары жазып шығуы ықтимал екені жайлы пікірін білдіріп, «Абай» деген адамның шынымен болғанына шүбә келтірген» бір блогер екен.

Демек, оған дейін, Томохико Уяма орынды күдіктенгеніндей:

«Ол бірқатар мұрағат құжаттарында кездесетін «Волостной управитель» Ибрагим Құнанбаевтың барын шынымен де білмеген сияқты» .

Ал білмеген адамның ойына не келіп, көз алдына не елестемейді. Біз, тілге тиек ретінде, З.Батаеваның жарияланымындағы: тек Абай (Ибраһим) деген пенденің өмір сүргеніне күдіктеніп, ондай адамның болмағанын өзеурей дәлелдеп, «шындықтың бетін бояғысы» келген тұстарды ғана іріктеп алдық. Сондағы сыңар езулеген солақай сандырақтары мынадай (сандырақтың мазмұны жүйесіз, көлемі тым ұзақ болғандықтан да қысқартылып, мазмұндалып берілді).

Ол: «Біз Абай туралы не білеміз?» – деп бастайды сандырағын. Сұрақтың ығына қарағанда: Абай туралы мен ештеңе білмеймін – деп алдын ала мойындап отырған сияқты. Сөйтіп, іштей мойындап алады да, ойтөте құрғақ көпіршітпеге көшеді. Сондағы сылтауы:

Бірінші «сандырақ»: Мысалы, «Ибраһим» (Ибрагим) деген кісі есімі қазақта жоқ және болуы да мүмкін емес – екен. Себебі:

«Ресми өмірбаянына сүйенсек, Абайдың толық аты Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Алайда, 19-ғасырдағы нағыз көшпенді қазақтың аты «Ибраһим» емес, «Ыбырай» болуы керек еді, өйткені сол кездегі қазақтар қолданған дыбыс жүйесі бойынша «Ибраһим» деп атау мүмкін емес… Оған қоса, егер оның есімі шын адамның есімі болса, оған осыншама символикалық мағына берілмес еді. Біріншіден, Ибраһим – Құранның 14-сүресінде өз халқын қараңғылықтан жарыққа бастайтын пайғамбардың есімі болса, «Абай» («сақ» немесе «зейінді») деген лақап есімі тағы бір символикалық мағына қосады… Қазақстанның ең атақты ақынының аты-жөніне шектен тыс символикалық мағына берілуі, осы есімдердің ақынның нағыз есімі болмауы ықтимал екендігін меңзейді»-мыс.

Иә, шындық емес, шындық «мыс». Әйтпесе, XX ғасырдың басындағы қазақ және Ресей империясының тарихын зерттеуші сонау жапандағы жапон ғалымы Томохико Уяма біліп, оның бұл бұлтағына:

«Ибрагим (Ибраһим) есімі қазақ фонетикасына сәйкес келмейді деп болжай отырып, Батаева бұл нақты адамның аты емес деп болжайды, бірақ сол кездегі қазақ тілі «тазартылмаған» еді, көптеген сөздер мен атаулар басқа мұсылман түркі тілдеріндегідей жазылды»,–  деп ескерту жасамас еді.

Шындығында да, оқуға сауаты жетпейтін нәрсеге «мен білемін» деп,  Абай айтқандай, «… күре тамырын адырайтып» несі бар. Жала жабу үшін де мысқылдай болса да саңлау керек қой. Өйткені З.Батаеваның қадыми әліпбиден хабарсыз екенін сол Томохико Уяма:

«Батаеваның зерттеуіндегі ең жағымсыз тұс оның араб графикасы үлгісіндегі қазақшаны оқи алмайтыны (ол араб қарпіндегі жазуды транскрипциялап бергені үшін басқа адамға алғыс білдіреді)», – деп бетіне басып отыр.

Бұған: ресми өмірбаяндық кестедегі «шет тілі» деген тұсқа «араб тілі» деп жазылған, қадыми араб, жадиди араб, шағатай, ортақ және төте араб графикасымен жазылған қолжазбалармен жұмыс істеген адам ретінде кепілдік бере айтар Ибраһим-Ыбырай туралы бірінші дәлеліміз:

ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылына дейін, яғный, Байтұрсыновтың әліпбиі қабылданғанша, қадымшада «ы» әрпі жоқ болғандықтан да, керісінше, Ибраһимды – Ыбырай деп жазу мүмкін емес еді. Демек, бұл сөз «білместің» сөзі. Дәлел де қажет етпейді.

Ибраһим-Ыбырай туралы екінші дәлеліміз:А.Янушкевичтің өзі «даланың Цицероны мен Демосфені», шариғат пен орыс және қазақ заңдарын жатқа біледі» (Янушкевич А. Күнделіктер мен хаттар. – А.: Жалын, 1979. 272-б.) деп тамсана куәлік еткен, аға сұлтан Құнанбайдың ислами ойлау жүйесі өте жоғары, Шариғат, Тариқат, Мағрифат, Ақиқат сатыларын жіктеп талдайтындай дәрежедегі таным иесі болған.

Ибраһим-Ыбырай туралы үшінші дәлеліміз: Сондықтан да баласына «өз халқын қараңғылықтан жарыққа бастайтын Ибраһим пайғамбардың есімін» берген. Егер, оны білмесе, онда балалары мен немерелеріне: Нұрмұхаммед, Шаһ-карим, Оспан, Смағұл, Ғабдул-хакім, Жебірәйіл, Ізкайіл, Мекайыл, Исырайыл, Халиолла, Әбубәкір – деген пайғамбар аттарын қалай қойған? 1845-1853 жылдар арасындағы Омбы генерал-губернаторының кеңсесі толтырған Аға сұлтан Құнанбайдың анкеталарында Абайдың аты «Ибраһим» деп тұрып анық жазылған.

Ибраһим-Ыбырай туралы төртінші, соңғы дәлеліміз, Абайдың 1909 жылғы шыққан жинағына жазған «Өмірбаянында» Кәкітай мен Тұрағүл Құнанбаевтар:

«Абай Құнанбайұғлы. Атақты қазақ ақыны. Шыңғыс қазағы. Кітапша шын аты – Ибраһим. Бірақ қазақ әдеті бойынша шешесінің еркелетіп қойған Абай атын халық атап кеткендіктен де (бұл арадағы сөз өшіп кеткендіктен де толық танылмады, ұзына сорабына қарап: «Ибраһимді біз де» деп жорамалдауға болады –?) Абай дейміз», – деп жазған.

Екеуі де Абайдың қолында өсіп, тәрбиесін алып, қолжазбасын жинап, реттеп, ол деректерді Ә.Бөкейхановқа тапсырған, өзара араластығы мол адамдар. Кәкітай дүниеден озғанда Ә.Бөкейханов азанама жазған. Онда:

«1904-інші жылы Абай марқұмның өлеңдерін кітап қылып басыңдар деп балаларына хат жаздым. 1905-інші жылдың апрель айында Кәкітай Абайдың жазба кітабін (қолжазбасын –  Т.Ж.) алып, Омбыдағы маған келді.… Кәкітай біздің үйде бірер жұма жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-майрам болдық. Анық таныстық», – деп, өмірбаяндық деректі кім бергені  анық көрсетілген.

Өзге-өзге, Ә.Бөкейхановтың мәліметіне З.Батаева құлақ асар деп ойлаймыз.

Екінші «сандырақ»:  «Жаңа жәдидтік «қозғалыс Орта Азияның ірі қалаларында 19-ғасырдың аяғына таман пайда болса да, қазақ даласында жаңа әдіске негізделген мектептер тек 1900 жылдан кейін ғана ашыла бастаған еді. Бұхарада білім алып, Түркістан мен Сібірге көп саясат (?) жасаған Жүсіп Көпейұлының жазбаларынан осы қозғалыстың ықпалы анық байқалады», – деп, Абайды бұл бағыттан мүлдем мақұрым адам ретінде көрсетеді.

Сөйтіп, Мәшһүр Жүсіпті мысалға келтіру арқылы, өзіне-өзі қарсы шығады. Себебі жәдидтік қозғалыс қазақ даласына ХІХ ғасырдың ортасында қанат жая бастаған. Абай оқыған Семейдегі Ахмет Риза медресесі – тура осы жәдидтік бағытты ұстаған медресе. Онда сол қозғалыстың исі ислам әлемі мойындаған ғұламасы, осы бағыттың негізін қалаушылардың бірі Шаһабуддин (Шагабуддин) Маржанидің алғашқы шәкірті, Абайдың ұстазы Камалидден (Камаридден) хазірет дәріс берген. Мұны сол медреседе  Абаймен қатарлас оқыған дүниеге мәлім тарихшы, атақты «Тауарих-и хамса-и шарқи» кітабінің авторы Құрбанғали Халиди де атап өтеді.

Кейіннен Абдолла дамолла бастатқан (Қ.Халиди), Құнанбайдың Абайды үш айдан соң Ахмет Риза медресесіне алып кеткеніне риза болмаған «Ғабдүлжаппар деген татар имамы» (М.Әуезов) қостаған қадымшылардың қысымымен Камалидден хазірет Баянауылға кетуге мәжбүр болған. Ондағы оқытқан алғашқы шәкірті Мәшһүр-Жүсіп. Бұл туралы баяндалған дерек Мәшһүр-Жүсіптің өзінің өмірбаяндық қолжазбасында бар (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Құнанбай туралы. Шығармалары//-Павлодар, -2006, 9 том. -Б241-242.).

Абай Каюм Насыридің «Жаңа татар грамматикасын» оқып, балаларына, соның ішінде Тұрағұлға:

«Әкем жаңа ілімді сондай аңсап күтіп, сол оқу келгенде ғылымды игеру жеңілге түседі»– деп отырған».

Абай Гаспаралының «Тәржіман» газетін жаздырып алып, тұрақты оқып тұрған. Бұған, Семей уезінің бастығы К.С.Навроцкийдің ресми мәліметі (мәтіні кейіндеу келтіріледі), З.Батаева жазушылығын мойындамайтын ғалым Мұхтар Әуезовтің зерттеуі мен барлық естелік айтушылардың куәлігі толық дәлел.

Демек, З.Батаеваның алғашқы бұл үш бопсасы да дәйексіз шаптыққан сөз ғана боп шығады. Десек те, мұндай бұлтартпас уәждерге З.Батаеваның мойынсына қоюы мүмкін емес. Иә, мүмкін емес. Өйткені…

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

(Жалғасы бар)

Алдыңғы жазбаӘзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы: «Саясаты жалтақ, экономикасы кедей, әскері әлсіз» Орталық Азия одағы құрсылса…
Келесі жазба11 адамнан құралған ҰҚТ жетекшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды