Home Басты жазба Қазақстан 2025 жылды қандай нәтижемен түйіндеп отыр?

Қазақстан 2025 жылды қандай нәтижемен түйіндеп отыр?

38

Әлем үшін де, Қазақстан үшін де бұл жыл қатер мен мүмкіндік қатар жүрген кезең болды десек, артық айтпағанымыз. Геосаяси шиеленіс, логистикалық соққылар, энергия нарығындағы тұрақсыздық — мұның бәрі жаһандық экономиканы титықтатты. Осындай жағдайда еліміз 2025 жылды қандай нәтижемен түйіндеп отыр? Талдап көрелік.

Әлбетте, жылды Қазақстан экономикасы 6 пайыздық өсіммен қорытындыланғалы отыр. Бұл — жай ғана статистика емес, аймақтағы көптеген елдер үшін қол жетпес көрсеткіш. Әсіресе әлемдік экономика баяулап, нарықтар сақтық режиміне көшкен тұста бұл өсімнің бағасы бөлек. Үкімет дерегіне сүйенсек, экономикалық серпін жыл бойы біртіндеп үдей түсті: қаңтарда – 3,8%, көктемге қарай – 6%, ал жаз соңында 6,5%-ға дейін жетті. Ең маңыздысы — өсім экономиканы әртараптандыру есебінен қамтамасыз етілді. Көлік пен қоймалау қызметтері бір жылда 21 пайыздан астам, құрылыс 15 пайызға жуық, өңдеу өнеркәсібі 6 пайыздан аса өсті. Бұл — Қазақстан экономикасы баяғыдай тек мұнайдың ырқында кетіп бара жатқан жоқ деген сөз. Сондай-ақ, биылғы жылдың ең үлкен әрі ең даулы экономикалық шешімі — жаңа Салық кодексінің қабылдануы болды. Құжатқа қол қойылды, енді ол 2026 жылдан бастап күшіне енеді. Бұл шешім қоғамда әрқилы пікір тудырды. Бірақ бір нәрсе анық: мемлекет бұрынғы инерциямен өмір сүре алмайтынын түсінді. Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов айтқандай, Қазақстандағы ҚҚС мөлшерлемесі әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Соған қарамастан, ол ЖІӨ-нің небәрі 4 пайызын ғана береді. Ал ұқсас елдерде бұл көрсеткіш 7 пайызға дейін жетеді. Яғни мәселе салықты «қысуда» емес, жүйені қайта құруда. Бұл реформа — Ұлттық қорға арқа сүйеп отыра бермей, өз-өзін асырайтын экономикаға көшу талпынысы. Биыл Қазақстан ел экономикасына үлкен соққы болатын бір қиындықпен бетпе-бет келді. Новороссийск портындағы теңіз инфрақұрылымына жасалған дрондық шабуыл КТК арқылы тасымалданатын мұнайға тікелей соққы болды. Ал бұл бағытпен еліміз экспорттайтын мұнайдың 80 пайызы өтетіні белгілі. Бұл оқиға мұнай тасымалы мәселесінің тек экономика емес, үлкен саясаттың бір бөлігі екенін көрсетті. 2022 жылдан бері айтылып келе жатқан «әртараптандыру» биыл қағаздағы жоспар емес, өмірлік қажеттілікке айналды.Қысқасы, бұл жағдай елімізге тасымалды әртараптандыру қажеттігін тағы бір мәрте көрсетті. Тағы бір ескере кететін жайт, 2025 жылы Қазақстанның ішкі тұрақтылығы сыртқы саясаттағы белсенділікпен тікелей ұштасып жатты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл алпауыт мемлекеттермен және стратегиялық серіктестермен қарым қатынасты жаңа деңгейге шығарды. Жыл бойы Қытай, Ресей, АҚШ, Еуропалық одақ елдері, Жапония, Парсы шығанағы. Скандинавия мемлекеттерімен өткен жоғары деңгейдегі келіссөздер нәтижесінде ондаған миллиард долларлық инвестициялық және сауда келісімдері жасалды. Энергетика, логистика, сирек металдар, жасыл экономика, цифрландыру мен көлік дәліздері — негізгі басым бағыттар болды. Ақиқатын айтар болсақ, бұл сапарлар құр дипломатиялық протокол үшін емес, экономикаға нақты ресурс тарту үшін жасалды. Қазақстан өзін тек шикізат жеткізуші емес, транзиттік, индустриялық және өңдеуші хаб ретінде көрсетуге тырысты. Тағы бір тілге тиек ете кетін мәселе, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 300 миллиард доллардан асты. Мемлекеттік резервтер 227 миллиард доллардан жоғарылады. Ал Халықаралық валюта қорының дерегіне сәйкес, Қазақстан адам басына шаққандағы ЖІӨ бойынша Ресейді басып озды.Бұл — соңғы жылдардағы экономикалық саясаттың біртіндеп нәтиже бере бастағанының белгісі. Рас, 2025 жыл Қазақстан үшін жеңіл жыл болған жоқ. Бірақ бұл жыл елді әлсіреткен жоқ, керісінше ес жиюға, жедел шешімдер қабылдауға итермеледі. Салық реформасы, мұнай тәуекелі, сыртқы саясаттағы белсенділік — бәрі бір мақсатқа қызмет етті: яғни экономиканы жаңа шындыққа бейімдеді деуге болады. Иә,өткен жылға өкпе жоқ. Себебі бұл жыл бізді тоқырауға емес, ойлануға үйретті.
Ал ойланған елдің ертеңі бар.

dodanews.kz

Алдыңғы жазба«Қарасаң көзің тояды»
Келесі жазбаҚазақ киносының «Қожасы» – Нұрлан Сегізбаев өмірден өтті