Бүгін Қара теңізде қазақстандық мұнайды тиеу үшін бағыт алған грек танкері Maran Homer кемесіне шабуыл жасалды. Оқиға туралы Грекияның бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, кеме Ресейдің аумақтық суларынан тыс жерде тұрған кезде белгісіз нысанның соққысына ұшыраған. Танкер Новороссийск қаласындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалына кіруге рұқсат күтіп тұрған.
Танкер қазақстандық мұнайды тиеуі тиіс болған
Хабарламада айтылғандай, танкер Новороссийскідегі Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалынан қазақстандық мұнайды қабылдауы керек болған.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ, экипаж қауіпсіз. Кеме палубасы мен кейбір жабдықтарына аздаған зақым келген. Сонымен қатар танкер бос болғандықтан, қоршаған ортаға ешқандай зиян келмеген.
Кейін кеме Новороссийск портынан шығып кеткені хабарланды.
Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мұнай экспортының негізгі бағыты
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Қазақстан мұнайын экспорттаудың ең маңызды бағыттарының бірі саналады.
Бұл құбыр жүйесі арқылы Қазақстандағы мұнай Ресей аумағы арқылы Қара теңіздегі Новороссийск маңындағы теңіз терминалына жеткізіледі. Сол жерден мұнай халықаралық нарыққа жөнелтіледі.
Сарапшылардың мәліметінше, дәл осы бағыт арқылы Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80 пайызы тасымалданады.
Грекия министрі теңіз қауіпсіздігі мәселесін көтерді
Оқиғаға байланысты Грекияның теңіз істері және арал саясаты жөніндегі министрі Василис Кикилиас пікір білдірді.
Оның айтуынша, танкер Chevron компаниясы тарапынан жалға алынған және Салоники портынан шыққан. Шабуыл болған кезде кеме ешқандай жүк тасымалдамаған.
Министр бұл шабуыл Ресей мұнайына қатысты санкциялардан уақытша босату жөніндегі соңғы шешімдермен байланысты болуы мүмкін екенін айтты.
Сондай-ақ Афины билігі теңіздегі қауіпсіздік мәселесін Еуропалық одақ деңгейінде көтеруді жоспарлап отыр.
«Жаһандық теңіз қатынасы болмаса, халықаралық сауда да болмайды», – деді Кикилиас.
Бұған дейін де танкерлерге шабуыл жасалған
Айта кетейік, жыл басында Қазақстан мұнайын тасымалдауға қатысы бар танкерлерге шабуыл жасалған.
Мәселен, 13 қаңтарда дрондар «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес ұйымы жалдаған Matilda танкеріне шабуыл жасаған. Сол кезде жарылыс болғанымен, өрт шықпаған.
Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұл шабуылдардың түсініксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық кемелер ешқандай «көлеңкелі флотқа» жатпайды.
Қазақстан СІМ алаңдаушылық білдірді
Оқиғаға байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де алаңдаушылық білдірді.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан ешқандай қарулы қақтығыстың тарапы емес және әлемдік әрі еуропалық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге маңызды үлес қосып келеді. Сонымен қатар еліміз энергия ресурстарын жеткізуді халықаралық нормаларға толық сәйкес жүргізіп отыр.
Шабуылдар салдарынан мұнай экспорты уақытша қысқарған
Жалпы алғанда, Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына жасалған шабуылдардың салдарынан Қазақстан шамамен 3,8 миллион тонна мұнайды уақытша экспорттай алмады.
Министр Ерлан Ақкенженов бұл көрсеткіш тікелей қаржылық шығын емес екенін түсіндірді. Яғни бұл – белгіленген мерзімде сыртқа шығарылмай, сатылмай қалған мұнай көлемі.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
dodanews.kz

































