Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты соталды тергеу басталды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бас прокуратура таратқан мәліметке сәйкес, «тергеу оның түрлі басшылық қызмет атқарған кезеңдерінде лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру дерегі бойынша басталды».
«Барлық қылмыстық іс бойынша арнайы прокурорлардың басшылығымен жедел-тергеу топтары құрылды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Қайрат Қожамжаров – бұрынғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарған. Қаржы полициясының генерал-майоры. Әр жылдары Ақмола облысының әкімі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарған.