Home Басты жазба Пәкістанның парасаты: соғыс табалдырығынан қайтқан әлем

Пәкістанның парасаты: соғыс табалдырығынан қайтқан әлем

12

Таяу Шығыстағы алапат соғыс өрті әлемді алаңдатып тұрған шақта, күтпеген жерден үміт сәулесі жылт етті. Иран, АҚШ және Израиль арасындағы шиеленіс апокалиптикалық сценарийге ұласатындай көрінген еді. Алайда соңғы сәтте соғыс тоқтап, тараптар екі апталық уақытша бітімге келді. Бұл — кездейсоқ болған жағдай емес, күрделі дипломатиялық ойынның нәтижесі.

Көпшілік бұл келіссөздердің артында ірі державалар тұр деп ойлағанымен, шын мәнінде негізгі арағайындық миссияны атқарған ел — Пәкістан болды. Исламабад бұл жолы тек аймақтық ойыншы емес, жаһандық деңгейдегі дипломатиялық күш екенін дәлелдеді.

Соғыс өрті тұтанған сәтте жағдай ушығып бара жатқан еді. Дональд Трамп әкімшілігі Иранға қарсы қатаң әскери сценарийлерді қарастырып, инфрақұрылымды жоюға дейін баруға дайын тұрған. Мұндай жағдайда қақтығыстың кеңейіп, бүкіл аймақты шарпуы әбден мүмкін еді. Бірақ дәл осы тұста дипломатия алға шықты.

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс келіссөздерге араласып, жағдайды жұмсартуға тырысса, Қытай Халық Республикасы Иранмен байланыс орнату арқылы тепе-теңдік сақтауға күш салды. Дегенмен шешуші рөлді бәрібір Пәкістан атқарды.

Исламабадтың бұл қадамға баруының астарында тек гуманизм ғана емес, күрделі геосаяси есеп жатыр. Бір жағынан, Пәкістан — АҚШ-тың маңызды серіктесі, екінші жағынан Қытаймен де тығыз байланыс орнатқан ел. Осындай көпвекторлы саясат оған барлық тараппен тіл табысуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, Пәкістанның әскери әлеуеті де бұл процесте маңызды фактор болды. Ядролық қаруға ие, ірі әрі тәжірибелі армиясы бар мемлекет ретінде ол қажет болған жағдайда соғысқа тікелей араласуға қауқарлы еді. Оның Иран мен ортақ шекарасы бар екенін ескерсек, бұл қауіп тіпті шынайы болатын. Бірақ Исламабад соғыс жолын емес, келіссөз жолын таңдады.

Бұл таңдаудың тағы бір себебі — энергетикалық қауіпсіздік. Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай мен газ Пәкістан үшін аса маңызды. Аймақтағы тұрақсыздық бұл елдің экономикасына тікелей соққы болар еді. Сондықтан соғысты тоқтату — тек гуманитарлық емес, стратегиялық қажеттілік те болды.

Бұдан бөлек, Пәкістанның Сауд Арабиясы мен әскери әріптестігі де жағдайды күрделендірген еді. Одақтастық міндеттемелер Исламабадты соғысқа тартуы мүмкін болатын. Бірақ дәл осы қысым жағдайында Пәкістан дипломатиялық шеберлік танытып, қақтығысты ушықтырмай, керісінше бәсеңдетуге қол жеткізді.

Әлемдік саясатта мұндай жағдайлар сирек кездеседі: соғысқа толық дайын тұрған мемлекет бейбітшіліктің басты қорғаушысына айналады. Пәкістан дәл осындай парадоксалды рөлді атқарды.

Бүгінде жоспарланған АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің дәл Исламабадта өтуі — осының айқын дәлелі. Бұл тек географиялық таңдау емес, саяси сенімнің белгісі.

Әрине, бұл бітімнің болашағы бұлыңғыр. Аймақтағы шиеленіс әлі толық сейілген жоқ. Израиль тарапынан жасалған әскери әрекеттер мен сенімсіздік жағдайды қайта ушықтыруы мүмкін. Бірақ қалай болғанда да, дәл осы сәтте соғысты тоқтата алған күш — дипломатия.

Ал сол дипломатияның алдыңғы шебінде тұрған ел — Пәкістан.

Бұл оқиға бір шындықты тағы дәлелдеді: қазіргі әлемде тек қарудың күші емес, ақыл мен сабырдың күші де шешуші рөл атқара алады.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Dodanews.kz

Алдыңғы жазбаБилікке жақын, бірақ биліксіз: Тасмағамбетовтың бүгінгі орны
Келесі жазбаҚазақстанға қандай қару қажет?