«Байтақ» партиясы Алматыда өткен конференциясында ақын, жазушы, қоғам қайраткері, «Невада–Семей» антиядролық қозғалысының көшбасшысы Олжас Сүлейменовті Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ресми түрде ұсынды. Бұл бастама — тек бір тұлғаға жасалған құрмет емес. Бұл — Қазақстанның әлем алдында ядролық қарусыздану жолындағы тарихи миссиясын қайта еске салған оқиға. Шыны керек, бұл — символдық әрі тарихи маңызы зор бастама.
Сүлейменов өмір бойы — әдебиет, ғылым, мәдениет бағытында кең жұмыс жасап қана қоймай, адамзат қауіпсіздігі, жердің, табиғаттың қорғалуы, бейбітшілік жолындағы батыл қадамдармен есте қалды. «Невада-Семей» қозғалысы — нақты нәтижеге жеткізген үлкен қоғамдық қозғалыс: Семей полигоны жабылды, ядролық сынаққа тәуелсіздік Қазақстан үшін ғана емес — әлемдік қауіпсіздік үшін маңызды шешім болды. Оның ісі — ұлтқа ғана емес, адамзатқа бағытталған: үлкен зиянды тоқтатып, ядролық қауіп-қатерді азайтуға үлес қосты. Осы тұрғыдан алғанда, Нобель сыйлығына ұсынылуы — тарихи әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған символдық қадам.Нақтылап айтар болсақ, 1989 жылы Семей полигонындағы ядролық сынақтарға қарсы алғаш болып үн қатқан, халықты топтастырып, әлемдік қозғалысқа айналған «Невада–Семей» бастамасын ұйымдық деңгейге көтерген — Олжас Сүлейменов еді. Оның сабырлы, бірақ табанды үндеуі ақырында полигонның жабылуына алып келді. Сол арқылы Қазақстан ХХ ғасырдағы ең ауыр экологиялық және гуманитарлық апаттардың бірін тоқтатқан ел ретінде тарихқа енді. Бүгінгі ұсыныстың мәні де осында: Олжас — жай ақын емес, күрескер; жай қоғам қайраткері емес, әлемдік қауіпсіздік мәселесін адамзаттың ортақ міндетіне айналдырған тұлға. Нобель сыйлығы берілсе де, берілмесе де, бір нәрсе айқын: қазақ даласында басталған бейбітшілік үнін жаһанға жеткізген Олжас Сүлейменовтің еңбегі әлдеқашан адамзаттық деңгейде бағалануға лайық. Ол — біздің елдің ғана емес, бүкіл әлемнің тыныштығына қызмет еткен тұлға екені ақиқат!
Азаматхан ӘМІРТАЙ
«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы

































