Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына жасалған кезекті шабуыл – тек металл қондырғылардың бүлінуі ғана емес. Бұл – Қазақстан мұнайының тағдыры тар дәлізге тіреліп тұрғанының тағы бір нақты дәлелі.
Экипажсыз катерлерден жасалған соққы салдарынан танкерлер аялдайтын екінші қондыру құрылғысы айтарлықтай зақымданды. Терминалдағы барлық операция тоқтатылды, танкерлер қауіпсіз аймаққа шығарылды. Алайда, адам шығыны жоқ. Бірақ мұнай нарығындағы әрбір минут – ақша. Әсіресе, экспортының 80 пайызы бір бағытқа байланған ел үшін бұл – тынысын тарылтатын жағдай.
КҚК – Қазақстан экономикасының күретамыры. Теңіз, Қашаған, Қарашығанақтан шығатын қара алтынның негізгі бөлігі дәл осы құбыр арқылы Новороссийск терминалына жетіп, одан әрі әлем нарығына тарайды. Тек 2024 жылы бұл арна арқылы 63 млн тоннадан аса мұнай жөнелтілген. Қазақстан үшін бұл сандар – бюджет кірісінің елеулі бөлігі.
Еске сала кететін болсақ, мұндай шабуылдар бұрындарыда бірнеше мәрте болған. Сондай соққының бірінен кейін Ресей тарапы, Ресей порттарына кіретін шетелдік танкерлерге енді тек ФСБ рұқсатымен кіру туралы талап енгізген -ді. Бір қарағанда бұл – қауіпсіздік шарасы. Бірақ іс жүзінде – Қазақстан мұнайының аяғына салынған қосымша тұсау еді.
Себебі КҚК-дағы мұнайдың басым бөлігі – Қазақстаннан. Теңіздегі американдық Chevron мен ExxonMobil үлестері де осы арнамен тасымалданады. Сарапшылардың бір бөлігі Ресейдің бұл әрекетін Еуроодақтың жаңа санкцияларына жауабы десе, енді бірі – геосаяси қысымның белгісі деп бағалаған – тұғын.
Дегенмен, Қазақстан соңғы жылдары Ресейден тәуелділікті азайту бағытында ашық қадамдар жасап келеді: «Орта дәлізді» дамыту, Каспий арқылы балама маршруттарды кеңейту, Қытай бағытын арттыру… Ал Мәскеудің кез келген тосын ережесі – дәл осы әрекеттерге көрсетілген ишара секілді.
Шындығы керек, Ресей–Украина соғысы басталғалы КҚК инфрақұрылымына шабуылдар жиілеп барады. Былтыр әкімшілік ғимарат зақымданса, енді теңіздегі қондыру құрылғысы істен шықты. Құбырдың өзінде де соғыс салдарынан ақаулар көбейгені жиі айтылады.
Бұл – Қазақстан үшін бір ғана шындықты айқындайды: бір бағытқа байланған экспорт — ұлттық қауіпсіздіктің әлсіз тұсы.
Альтернатива бар ма? Бар. Бірақ айқара ашық емес…
Атасу–Алашанькоу: Шығысқа жол, бірақ бізге емес, өзгеге жұмыс істеп тұр.
Бұл құбыр жылына 20 млн тоннаға дейін өткізуге қабілетті. Бірақ, бір өкінішті жағдай, бұл құбырдың мүмкіндігін Қазақстан дұрыс пайдаланбай отыр. Құбырдан 10 млн тонна Ресей мұнайы айдалады. Қазақстанның үлесі – небәрі 1–2 млн тонна ғана. Өте аз. Мұнай құбыры тұр, сұраныс бар, «шығыс нарығы – болашақ» дейміз, бірақ өз мүмкіндігімізді өзіміз шектеп келеміз. Бұл бағытты нақты ұлттық мүдде тұрғысынан қайта қарау – уақыт талабы.
Транскаспий бағыты — «Орта дәліз»: болашақ осы ма?
Ақтаудан танкерлер Бакуге жетеді, ары қарай Баку–Тбилиси–Жейхан құбырымен Жерорта теңізіне шығады. Қазіргі көлем — 1,5 млн тонна ғана. Бұл тым аз. Бірақ мүмкіндігі зор. Қазақстан Үкіметі бұл бағытты 20 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Еуропалық қаржы институттары «Орта дәлізді» дамытуға 10 млрд еуро бөлуге дайын. Түркия да инвестиция құюға ниетті. Егер бұл жоба толық іске асса, Қазақстан мұнайы алғаш рет Ресей инфрақұрылымына тәуелсіз ірі маршрутқа шығады. Бұл — геоэкономикалық тұрғыдан тарихи қадам.
Иран бағыты: ықтимал, бірақ күрделі
Қазақстан жыл сайын Иранға шамамен 4–5 млн тонна мұнай жеткізіп, оның орнына парсы мұнайын басқа бағытта сату схемасын пайдаланып келеді (swap). Бұл бағыт орташадан жоғарғы деңгейдегі қауіп пен санкциялық шектеулерге байланысты толық балама бола алмайды. Бірақ «қосымша жол» ретінде маңызы бар.
Қазақ мұнайы қайда бұрылуы керек?
Бүгінгі жағдай – кездейсоқ оқиғалардың тізбегі емес. Бұл – Қазақстанның энергетикалық геосаясатының әлсіз жерлерін ашып берген айна.
Бір бағытқа тәуелділік
→ кез келген әскери қауіпке
→ кез келген саяси шешімге
→ кез келген транзиттік ережеге осал етеді.
Қазақстанның алдағы таңдауы айқын:
✔ Атасу–Алашанькоу бағытын ұлттық мүддеге сай қайта ұйымдастыру
✔ Транскаспий дәлізін стратегиялық деңгейде дамыту
✔ Балама бағыттарды ұлғайтып, мұнай экспортын әртараптандыру
✔ КҚК-ға тәуелділікті біртіндеп төмендету
Мұнай – тек экономика емес, үлкен саясат
Қазақстан мұнайы тек шойын құбырларда емес, геосаяси шахмат тақтасында да қозғалып жатыр. Әрбір соққы, әрбір жаңа талап, әрбір шектеу — елдің экономикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Қазір еліміздің алдына жаңа сұрақ тұр: «Қара алтынды» қай жолмен жеткіземіз?» Бұл тек экономиканың емес, мемлекеттің болашақ бағытын айқындайтын стратегиялық шешім болмақ.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
Dodanews.kz

































