Home Руханият КҮЛТЕГІН

КҮЛТЕГІН

51

Сейсен ӘМІРБЕКҰЫ

КҮЛТЕГІН

(роман)

Әкем ӘМІРБЕК пен

шешем СӘЛИМАНЫҢ рухына бағыштадым.

(автор)

 

«Түрік жұртының қамы үшін күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым, қара терімді төктім, қызыл қанымды ағыздым. Тізеліні бүктірдім, бастыны идірдім. Жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым.Тату елге жақсылық қылдым».

                                                                                                  КҮЛТЕГІН

  Жанталаc

(бірінші бөлім)

Жаз шыға терістіктен түскейге қарай көк құрышқа малынған көк түріктің көп қолы лап қойды. Ұлы шапқын. Тағдырдың тәлейіне көніп жырақта қалып қойған жұртты азат ету жорығы. Бір қияға көтеріліп, төменге көз тіккен Қапаған қаған толқулы. Өтүкеннің қойын-қоншысынан ақтарыла төгіліп, сары жазыққа құйылып жатқан қолдың шет-шегі жоқ. Алтын таудың басына үйірілген қара бұлттай түнеріп, Көгменнің бұж-бұж найза тастарындай сірескен қалың жасақ, жолында кездескенін таптап кетердей қаһарлы. Кез келген жұрттың шаңын қағып алатындай айбарлы. Былтырғы күзден бергі қапысыз дайындықтың көрінісі. «Қырғызға қарсы жорық жасаймын» деп жалпақ жұртқа жар салғанымен, Қапағанның ойы басқа еді. Әлбетте, соңғы кезде басыбайлы болудан бас тартып, бүлік шығарып жүрген қырғызды жуасытып қайту көңілінің бір түкпірінде бар, бірақ бұл жолғы мақсат – көк сүңгіні өзге жұрттың кеудесіне тіреу-тұғын. Ол – табағаш елі. Ордосты жайлап, табғаштың боданында отырған сансыз түрікті азат ету. Соңынан ерер жұрт болса, Өтүкенге көшіріп алу. Қапаған қағанның түпкілікті шешімі осы. Ал «қырғыз жорығы» дегені, ел ішіндегі тыңшы-сыбыршыларды алдаусырату еді. «Қапаған қаған қырғызды шабуға даярланып жатыр екен» деген сыпсың сөз табағаш жұртына да жетері хақ. «Жабайылар бір-бірін кеміріп, кеміктеп жата берсін» деп миығынан күліп, тәттісін тістеп, жұмсақ жібегіне оранып қамсыз отырған кезде, бір бүйірден шыға келіп, қидалап тастамақ. Бейқам отырған елді тосынан шауып, ойран ету Қапағанның соғыс кезіндегі ең ұтымды тәсілі. Осыны көңілге түйген қаған, былтырғы күзден бері әскер жасақтап, ұсталарға тоқтаусыз қару-жарақ соқтырды. Мүлтіксіз дайындық жасады. Табағаш аз жұрт емес. Көк түрікті жүз орап алады.                                                          Әсілі, әбден кемеліне келіп, күші асып-тасыған Тан империясын көрші отырған тайпалармен салыстыруға келмейді. Оғыз, байырқар, қарлұк, түркеш, теле, қидан, басымал, татап елдері барлығы жиылып табғаштай бола алмайтыны белгілі. Тіпті Көгмен (Саян) тауын жаз жайлау қылып, Байкөлді қыстау еткен, Енесайды ен жайлаған сансыз қырғыз да күш-қуаты жағынан табағаштармен тең келе алмайды. Демек, Қапаған үшін Тан империясына қарсы шығу, жалаң сойылмен арыстанға шабумен тең болатын, бірақ тәуекел етті.                                                                         «Қағанды ел едік, қағаным қайда? Елді жұрт едік, елдігім қайда? Өр ұлдарым құл болды, хор қыздарымыз күң болды. Елді ел ететін, өзгемен тең ететін көк бөрінің ұрпағы қалмаған ба?» деп Ордоста жатып, зар айтқан жұрттың үнін Қапаған да естіген. Сол жұртты бостан ету Қапағанның әу бастағы арманы, ағасы Құтылық Елтеріс қағанның аманаты еді. Былтыр осыны данагөй Тоныкөкке айтқанда, «Азды көп, жоқты бар ету сенің мойныңда.Ұлы қағандар дүниеден өтіп, артында қалған түрік елі тоз-тозы шығып, Тан мемлекетіне кіріптар болды. Құтылықтың соңынан ере алмай, Ордоста қалып қойғандар көп. Көгменнің қара орманындай болмаса да, Қаңғайдың тоғайындай сыңсыған жұрт бар. Аз емес. Тан еліне сіңіп кетуге шақ қалып, тағдыры қыл үстінде тұрған соларды, өзімізге қосып алсақ, жырттығымыз бүтінделер еді, жартымыз түгенделер еді. Қара ошағымыздың түтіні молайар еді. Айтқаның – хақ, ісің – нақ, мақсатың – айқын, мұратың – белгілі. Тек қимылдау керек. Мен –Тоныкөк, бұл ойыңды қолдаймын!» – деген-ді. Мына жорық, сол жорық. Төменде көк құрышқа малынып, сала-сала болып өтіп бара жатқан қалың қолдың көрінісі Қапағанды ырза етті. Жалы күзеліп, құйрығы шарт түйілген, қазық аяқты, қысқа мойын, басы үлкен, шоқтығы биік, жүріске де, шабысқа да өте төзімді ат мінген аламандардың сауыт-сайманы күнмен шағылысып, ұзын найзаларының шашағы желп-желп етеді. Бөрінің басы бейнеленген, көк зеңгір түстес байрақтарды, лек-лек болып бөлінген әр топтың батырлары ұстап барады.

Жер-дүние көкпеңбек, масатыдай құлпырып тұр. Өтүкеннің сай-саласын қуалай ескен самал, шөптің басын қытықтағандай, тербеп- тербеп қояды. Арқан бойы көтерілген күннің ыстығы әзірге сезіле қоймаған. Сірә, кеше ғана ебіл-дебіл құйып өткен нөсерден болар, ауада жанға жайлы салқындық бар.                                             Төбеде тұрған, Қапаған қаптаған қалың әскердің ішінен әлдекімдерді іздегендей болған. Тапты. Ұзын найзалы, кіл қыл қара атты, жауар күндей түнерген мыңдықтардың алдында, жал құйрығы келіскен есік пен төрдей ат мініп, бес қаруын асынған үшеуді көрді.                                                                                                               «Ордоста қалған қандастарды табғаштардың талауына қалдырмай, Өтүкенге көшіріп алу, арманым еді» деуші ең, енді қапы қалма, қимылда, ақылгөйім!»                              Жирен мініп, сауыт сыртынан жамылған желбегейі желп-желп етіп, екі аттылының ортасында әлденені айтып бара жатқанға қарады. Ол – Тоныкөк еді. Кеше Құтылық азаттық көтерілісін бастаған кезде, бірге атқа қонды. Ер екенін де, ақыл мен айланың иесі екенінде көрсетті. Ер екені, қаптаған жауға тайсақтамай, қара найзасын кезей шапқанда көрінді. Ақылы мен айласы тығырықтан жол тауып, сытылып шығатындығы және жауына ойламаған жерден тап беріп, көк желкесіне көк сүңгісін түйреп алатындығынан байқалды. Сол Тоныкөк, Құтылық өмірден өткен соң, жанынан табылды. Бүкіл қолдың қолбасшысы болды. Орданың ақылгөйі атанды. Ал ана екі жағындағы балаң мұрттары енді тебіндеген өндірдей қос жігіт, ағасы Құтылықтың бөрілері – Бөгі мен Күлтегін. Тайпааралық ұсақ-түйек қақтығыстарға қатысқанымен мынадай үлкен жорыққа бірінші шығулары. Содан ба, көк сүңгілерін жаудың кеудесіне тіреуге асыққандай, аттарын тебініп-тебініп қояды.                                    Атқа бір жағына жантая отырған қаған, жеті өрімді, алтын сапты қамшысын құранды ердің басына тіреп, Өтүкеннің қолтық-қойнауынан топан судай ақтарылып жатқан қарақұрым әскерге сүйсіне қарап біраз тұрды.                                                                 «Бұрнағы бабаларымыз Бумын мен Естеміс қаған да көк құрышқа оранған дәл мұндай айбатынан ай жасқанатын айбарлы қалың қол ұстамаған болар-ау. Тіпті кеше ғана дүниеден өткен ағам Елтеріс Құтылық қаған да мұндай мұздай қаруланған сарбаздарды қатарға тұрғызам деп армандай алмаған. Ал мен, Қапаған жойдасыз күшке ие болдым. Қару-жарағы сай, мінгені мінсіз әскер жарақтай алдым. Топан судай қаптаған қолыма ешкім тосқауыл бола алмас. Жолыма кесе көлденең тұрғанның бәрін сыпырып-сиырып, күйретіп өтермін, осы жолы».                                  Қапаған шоқыдан қиялай түсіп, төменде өзін күтіп тұрған нөкерлеріне қарай беттеді.   Ұзын найзалы, кіл қыл қара ат мінген қаһарлы мыңдықтың алдында келе жатқан үшеудің бірі Күлтегін ой құшағында.                                                                   «Балам, бұл өзге жұртты шауып, қағанаттың дәргейіне өткізіп қайтатын жай жорық емес. Сыртта қалған қандастарды жез тырнақтай болған табғаштың тепкісінен құтқаратын ұлы жорық. Бұл жорықтың мәні осы, өзге жорықтардан айырмасы сонда. Қарыңа шоқпар іліп, беліңе қылыш байлап, ел мүддесі үшін ұлы арпалыстың шетсіз-шексіз жолына түсіп отырсың. Бойыңа қарсыласыңның қаруы дарымасын. Көк аспан, қара Жер, исі түріктің киесі болған көк бөрі тілеушің болсын, қорғаушың болсын, әмәнда! Қандастарыңа қалқан болуға бара жатқан сенің алғашқы жорығың һәм майдан жолындағы ең ұлы жорықтарыңның бірі болмақ. Найзаңның ұшы мұқалмасын, қылышыңның жүзі майырылмасын! Ақ жол!»                                                                    Бұл бес қаруын сайлап, атқан мінген кезде, Елбілге қатұн маңдайынан сүйген. Аналық ақжарма тілегін айтты. Батасын берді. Сосын, Бөгіні емірене құшақтап жатып: «Ініңе бас-көз бол», – деді. «Қара қылышымды көтеріп бірге аттанар едім, бірақ уақыт шіркін  өтіп кетіпті. Баяғы қайрат жоқ. Көк талы сыңси өскен, Сары өзеннің жағасы, жазиралы Ордос туып өскен жерім ғой. Қайтып көруге дәм бұйырмай тұрған секілді, бірақ мен бармасам да, қос ұлымды аттандырдым. Онда қалған исі түрік жұртының арашашысы болсын! Қапаған қаған, ағаң Құтылықтың аманаты, ойран кезінде Ордостан ұзап кете алмай қалған жұртты, көк түріктің құт мекені Өтүкенге көшіру еді ғой. Сыналар кезің келді. Жауапкершілігі атан түйе тарта алмас, сол аманат сенің мойныңда. Аман-есен орындап қайт. Жортқанда жолдарың болсын! Көк тәңірі жорықтарыңды үстем етсін!»                                                                                Елбілге қатұн қағанның жорығына сәттілік тіледі. Қапаған ерлігімен де, даналығымен де ел анасы атанған Ебілге қатұнға қарап: «Тәңірім қолдасын, айтқаның келсін!» – деп тәжім жасады. Жорық алдындағы осы бір жайттар ірімтік-ірімтік болып Күлтегіннің есіне түсті.                                                                                    «Қайран шешем-ай, ұлдарыңды ғана емес, еліңнің қамын күйттеуді де есіңнен шығармайсың-ау, қашанда. Осы елді ел еткен, азаттығы үшін күрескендердің бірі өзің емессің бе? Табғаштың жемсауына түсіп, жұтылып бара жатқан халқыңа араша түсіп, ұлы сүргінде қаңғырығың түтеп, арқа етің арша, борбай етің борша болып жүріп, құрған қағанатыңның амандығы сен үшін бәрінен қымбат екенін түсінемін. Мына, біз аттанып бара жатқан жорықтың өзге жорықтардан алабөтендігін де сезініп тұрсың!»         Күлтегін Елбілге шешесін тағы есіне алды. Бұл ес біліп, ең алғаш садақ тартып, жебесін керілген аң терісінің дәл ортасына тигізген кезде, шешесі: «Иең көк бөрі қолдап, құралайды көзге атқан мерген болармысың», – деп маңдайынан иіскеген.              «Неге көк бөрі?» – деген бұл.                                                                             «Көк бөрі исі түріктің киесі ғой», – деген шешесі сәл ойланып. Сосын, басынан кешкен бір оқиғаны әңгімелеп беріп еді.   «Қайсыбір жылы, Қаңғайдың орманында азғантай адаммен аң қағып жүріп, тосқауылға тап болдық. Байырқарлар екен. Әлдеқайда көп. Құтылықтың көзін құрту үшін, жолын тосып жүргендерге ұқсайды. Қарсы келіп айқаса кетсек шамамыз келмейтінін біліп, шегіне қашып, садақ тартып келеміз. Олар да ат құлағанында ойнап өскен көшпелі жұрт қой. Таулы-тасты, орманды жер болса да, жүйірік мінгендер соңымыздан баспалап қоймады. Бірнеше адамымыз жебе тиіп, аттан ауып қалды. Ішім шермиіп шығып қалған. Саған жүкті едім. Тасты, ағашты жерде шоқырақтай шапқан ат әбден қалжыратты. Енді болмаса құлап қалайын деп келе жаттым. Осыны Құтылық сезді ме: «Сен оңға бұрыл да, анау жартасты айналып, Шіліктіге қарай тарт. Амандық болса сол жерде кезедесейік. Біз мыналардың жолын бөгеп, басқа жолмен жүреміз», – деді. Құтылық айтқан жаққа бұрылып, желе жөнелдім. Қуғыншылардың айқайы алыстан естіліп, құтылдым ба деп ойлап, аттың басын тартып, сәл де болса демалмақ едім, көзім соңымнан қалмай келе жатқан екеуге түсті. Қорамсақта соңғы жебе қалған екен. Суырып алып, адырнаны бар күшіммен шірене тарттым. Көздегенім дәл тиді. Құла ат мінген ұшып түсті, екіншісі жалт берген. Тағы біраз жүрдім, бірақ одан ары шамам келмеді. Ішім бүріп, бүкіл денем бөлшектеніп бара жатқандай қиналдым. Болмаған соң аттан түсіп, қойтастардың бірінің ығына бүктеліп, отыр бергенім сол еді, есік пен төрдей жердегі буырыл қына  жапқан сандықтастың үстінде аспан түстес тайыншадай қасқыр екі аяғын көсілтіп алға жіберіп, тұздай көздерін маған қадап жатыр екен. Не істерімді білмей, қылышымды суырып алып қаттым да қалдым.                                                           «Адам тағысынынан қашып, дала тағысына тап болдым ба?» деген ой сумаң етті. Екеуіміз көзбен арбасып тұрып қалдық, бірақ қасқыр шаппады. Сәлден соң, орнынан тұрып жартасты айналып кетті. Сонда ғана «ух» деп демімді алғандай болдым, ішім солқылдап бара жатыр. Жай таптырар емес. Тасқа арқамды сүйеп, екі қолыммен ішімді ұстап, көзімді жұмдым. Қанша отырғаным белгісіз, кенет «ә, қаншық мында екенсің ғой» деген тарғыл дауыстан көзімді аштым. Таяқ тастам жерде, әлгінде соңымнан түскендердің бірі тұр. Сойдауылдай өңкиген біреу екен. Қолында сала құлаш шоқпар, сәл қимылдасам періп қалмақ.   «Құтылықтың қаншығы, ішіңдегі тұқымыңмен бірге құртайын», – деп ақырып шоқпарын көтере берген. Қылышымды алуға үлгермедім, тосын оқиға болды. Кенет жартастың ар жағынан қатты ырыл естіліп, жебеше атылған қасқырды көрдім. Әлгіндегі арлан екен. Лақтырылған тастай болған арлан шоқпар көтерген жендеттің кеудесінен келіп ұрды. Өткір азу тістерімен тамақтан орғандай болды. Әлгі байқұстың жанұшыра шыққан дауысы айнала шың-құзды жаңғыртып барып тына қалды. Соңыма түскен жауымды жайратқан арлан бір секіріп, әлгінде өзі жатқан сандықтастың үстіне шықты. Не істерімді білмей сілейіп қалған маған маңқия бір қарап, көкке қарап ұлыды дейсің. Жан дүниемде үлкен өзгеріс болғандай, бір ғажап күйге түстім. Қасқырдың үні жаныма жағып, алпыс екі тамырымды идіріп барады. Көз алдыма, Өтүкеннің жусаны бұрқыраған, жылқысы шұрқыраған даласы, орман-тоғайы, бұлқына аққан арынды өзендері, көктемде шұғынықтан өрттей болған алқаптары келді. Ақ боз мініп, көк сауытқа құрсанған батырлар елестеді. Қасқырдың ұлыған үні жан дүниемді рақат бір сезімге бөлегендей еді. Қасқырдың ұлыған үні, бойыма өрліктің, тектіліктің дәнегін егіп жатқандай еді… Ішімнің ауырғаны лезде тыйылып, белгісіз бір қуат пайда болды. Дүр сілкіндім. Көзімді ашқанда, арланды көре алмадым. Бәрі де көрген түстей. Артынан Құтылыққа айтып едім, «Аспан түстес көк бөрі тек киесі бар адамдарға ғана көрінеді. Кие не сенде, не ішіңдегі балада» деп еді. Араға ай салып сені дүниеге әкелдім. Толғақ қысар түні түсіме сол көк бөрі енді. Өтүкеннің биік бір шыңына шығып, көкке қарап ұлып тұр екен. Сонда Құтылық; «көк бөрідей жортып, көк түріктің қамын жейтін, көк түріктің қалқаны мен көк семсері болатын бір көк бөрі өмірге келеді екен», – деп балаша қуанып еді. Сол ұл сен болатынсың».                                                                  Елбілге шешесінің осы әңгімесі құлағынан кетпейді. Сол бір оқиғаны әңгімелеп болған соң: «Екеумізді сол қысылтаяңда қорғап қалған, көк бөрі сенің киең. Сол бөрідей текті, бөрідей қайратты, бөрідей еркін болу саған жазсын, құлыным!» – деген Елбіге қатұн мұны маңдайынан иіскеп, көкке қарап сыйынған-тұғын. Шешесінің алдында отырып, айтқандарын тыңдаған Күлтегін енді, міне, ат жалын тартып мініп, алмас қылышты беліне байлап, ұлы жорыққа аттанып бара жатыр.                           Тоныкөктің айтқанына бас шұлғып, арагідік қысқа сұрақ қойып тобылғы торы ат мініп келе жатқан Бөгі де үлкен тебіреністе.                                                                                   «Мен – Құтылықұлы Бөгі, тоғыз жасқа, інім – Күлтегін жеті жасқа келгенде, түріктің басын құрап, жеке орда еткен әкемізден айырылдық. Көк аспан құлап, қара жер қақ жарылғанай болды. Қанатымды қомдап үлгермедім-ау деп көзіме жас алдым, бірақ әйел болса да, ерлігі ерлерден кем емес, осы қағанаттың шаңырағын тіктеп, керегесін құруға әкеммен қатар тұрып, қан кешкен шешем Елбіге қатұнның тәрбиесін көрдім. Риясыз аналық сезіміне бөленіп өстім. Қылышы қынабына салынбай кеткен әкемнің батырлығы,   мені елі үшін отқа түсетін өрмінезді қылды. Шешемнің мың ойланып, бір пішкен әділдігі, мені әрбір істі безбенге салып, ақылмен шешетін данагөйлікке жеткізді. Жүрегімде бүр жарған осы екі дәнек менің өмір бойғы ұстанымым болмақ».                                                                                                  Атын сипай қамшылай түскен Бөгі, көк байрағын желкілдетіп жер көкті шаңдатып жортып бара жатқан қалың қолға көз тастап   «О, көк тәңірі, көк түріктің азаттық жолындағы жанталасына демеу бол, ұлы істеріне жар бола гөр! Алтын тау мен Өтүкеннің жота-шоқыларына кіндігі байланған түрік жұрты, мәңгілік ошағы сөнбес құдіретті елге айналып, айналасына шұғыласын төге берсін!» – деді толқып.                         Жирен мініп, сауыт сыртынан жамылған желбегейінің етегі желп- желіп еткен Тоныкөктің де өз ойлағаны, тізе түйістіріп қатар келе жатқан қос бөріге айтары бар еді.   «Әсілі, бізді қаншық қасқырдың ұрпағы деп жатады. Баяғыда көшпелі бір жұртты көрші отырған екінші бір тайпа тып-тыйпыл қылып қырып кетеді. Бір кішкене бала аман қалса керек-ті, бірақ оны да азаппен өлсін деп аяқ-қолын шауып, айдалаға тастап кеткен екен, алайда әлгі байқұстың көрер жарығы болды ма, бір қаншық қасқыр кез болып, соны еміп аман қалады, бірақ баланың тірі екенін білген әлгі жауыздар араға уақыт салып қайта оралып, басын шабады. Ал әлгі баладан ұрықтанып қалған қаншық қасқыр, екі аяқты тағылардан қашып келіп, Алтын таудың бір үңгірін мекендейді. Сол үңгірде он бала табады. Уақыт дегенде тоқтам бар ма, шіркін, он бала өсіп-өнеді. Сыртқа шығып әйел алады. Көбейеді. Кейін Ашина деген біреуі өзгелерін бастап үңгірден шығып, өңірді уысында ұстап отырған Жужандарға бағынып, ұзақ жылдар олардың темір өндірушісі болады, бірақ бойларында сайын далада еркін жүрген тағының қаны бар олар, азат өмірді аңсап, бостан болуы үшін күреске шығады. Жужандарды талқандап, Ашина бастаған түріктер азаттық алып, өз алдына жеке ел болуға ұмтылыпты. Ел басқарған түріктер өздерін Ашинаның тұқымымыз, тектілерміз дейтіні сондықтан. Жоғарыда көк Тəңірі, төменде қара Жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-бабам – Бумын қаған, Естеміс қаған таққа отырған деген сөз содан қалған». Тоныкөк жанындағы екі серігіне түрік елінің қыл көпірден өткен арғы-бергі тағдыры туралы сыр шертіп келеді.                                                                                                        – Әкемнен де, шешемнен де осы тақылтес әңгіме естіп едім. Түрік елінің қилы өміріне біраз қанықпын.  Бөгі жер тарпып, алға жұлқынып келе жатқан атының басын тартыңқырап, Тоныкөкпен жанаса жүрді.

– Бүкіл көпшелі жұртқа тісін батырып отырған табғаштықтардың да арғы түбі далалықтар деп еді.

– Иә, – деді Тоныкөк, – Табағаш деп қылышымызды қайрап, шоқпарымызды сайлап, «қанды басыңды бері тарт» деп алақанымызды ысқылап келе жатқан мемлекеттің қабырғасын қалаған Ли Юан деген сайын далада туып-өскен сәнбилік. Әу баста бұл жұрт не толықтай түрік тоба емес, не қытай емес, әйтеуір,  қытайдың терістік шекарасын мекен еткендер еді. Далалықтар оларды «табғаштар» деп атап кеткен. Сол Ли Юан сайын сахараны шаңды жорықтарымен дүр сілкінтіп тұрған түрік Шибөріханның көмегімен қарсыластарын жеңіп, бүгінде біздің ата жауымызға айналған «табғаш» деп аталатын елдің негізін салды. Көп ұзамай олар айналасын жалмаған алтыбасты айдаһарға, көшпелілердің қаққанда қанын, соққанда жанын алатын шойын  жұдырық диюға айналды. Өздері көмегіне ділгір болған Шибөріханның басын жұтты.Табғаштықтарға осындай мүмкіндік туғызған, бұл –   Шибөріханның қателігі, көрсоқырлығы еді. Енді сол қиыс басқан қадамның зардабын мұқым түрік жұрты, кеңірек алғанда сахараны мекендеген бүкіл көшпелі ру-тайпалар тартып отыр. Сондықтан ел тізгінін қолға алған қағандар алды-артын зерделеп, қағанаттың төрт бұрышында болып жатқан оқиғаларды безбенге тартып, жүз ойланып, мың толғанып отырғаны ләзім. Аумалы-төкпелі заманда, ел тізгінін ұстағандардың, «менің күнім жарқырап тұр, өзге жұрт күл болмаса, бүл болсын» деп қамсыз, шәниіп отыруы көрсоқырлық болмақ. Күн артынан түн келетінін ұмытпаған абзал. Ал Шибөріхан көкжиектің ар жағына көз тіге алмаған қаған еді…                                                        – «Ханда қырық кісінің ақылы болуы керек» деп отырушы еді әкем. – деді Бөгі сағым буып жатқан алыс көкжиеке ойлана көз тастап.

– Қағаны – ер, ақылгөйі – кемеңгер жұрттың бағы жанбақ. Түтіні түзу шықпақ. Елі тоқ, іргесі бүтін болмақ, бірақ көңілге өкініш ұялататын бір нәрсе, түрік қағандарында көзсіз батырлық бар, алайда ақыл мен айлаға келгенде тоқырап жатады… – деді Тоныкөк күрсініп.                                                                                                        – Әкем Құтылықта екі қасиет – ақыл да, батырлық та болды емес пе! – деп, манадан бері Тоныкөктің айтқандарын үнсіз тыңдап келе жатқан Күлтегін сөзге араласты.                                                                                                                                                    – Иә, – деді Тоныкөк, – екеуі де болды, батырлығы – төрт құбыламызды жау қоршап тұрса да, шүберекке жанын түйіп, көтерілісті бастады. Түрік жұрты үшін басын өлімге тікті. Күлде жатқан халқын, күнге көтерді. Ел етті.                                     Ақылдылығы сол – табғаш мемлекетінің қыр-сырын, әскери амалдарын білетін, сол елде оқыған-тоқыған, бірақ қаны түрік азаматтарды жанына жинай алды. Олар табғашпен қалай сөйлесудің, қалай соғысудың жолдарын көрсетті. Құтылықтың ұтқаны сол еді…                                                                                                             Ал сол Құтылық құрған Ұлы қағанаттың өміршеңдігі қалай болмақ, ендігі ең үлкен мәселе – осы.                                                                                                                – Әкем уығын қадаған қағанатты құлатпай, түрік халқының мәңгі ел болуы үшін, түнде ұйықтамай, күндіз отырмай қызмет ету, ұлы аруақтар алдындағы мына біздің парызымыз болмақ. – Алда атан түйе тарта алмас ұлы тірліктер күтіп тұрғанын сезінген Бөгі ауыр бір күрсініп, атын тебінді.

–Тебінгімнен терім, ерімнен қызыл қаным төгіле жүріп, қарақан басымның емес, халқымның қамын жеп өтуге, сол жолда шейіт болуға мен әзірмін! – айбарақтана сөйлеген Күлтегін жарқ еткізіп алмас қылышын суырып алды да, күнге шағылысқан жүзінен сүйді. – Шаба алмасам – маған серт, шапқаныма шыдамай, қақ бөлінсең – саған серт!

– Сендердей дана да батыр ұлдары тұрғанда түрік халқы жойылмайды. Көк тәңірі қолдап, күн сөнгенше сөнбейтін, жер тұрғанша тұратын, мәңгі ел болып қалады! – деді Тоныкөк екі қанатында келе жатқан Бөгі мен Күлтегінге ризашылықпен қарап.

…Қалың қол Қанғай тауындағы мың бұлақтан құралып, сары жазықты кесіп ағып жатқан арналы Шилі өзеннің бойына келіп ереуіл жасады. Сол жерде Қапаған қаған әскер басыларын шақырып ақыл-кеңес құрды. Қол екіге бөлінді. Отызмыңдық әскерді өзі бастаған Қапаған Жау-жыу аймағына басып кірмек болды, ал данагөй қолбасшы Тоныкөк пен Құтылық  Елтеріс қағаннан қалған қос бөрі – Бөгі мен Күлтегін бастаған ұзын саны жиырма мыңға жетіп жығылатын екінші қол, Дин-жыу аймағын шаппақ.

(Романнан  үзінді. Жалғасы  бар)

Алдыңғы жазбаАлматыда жұрт Асанәлі Әшімовті ақтық сапарға шығарып салды
Келесі жазбаҰлттық қауіпсіздік комитетіне жаңа өкілеттіктер берілді