Home Басты жазба Көк  түріктер дәуірін суреттеген шығарма

Көк  түріктер дәуірін суреттеген шығарма

16

Жазушы  Сейсен Әмірбекұлының  «Күлтегін» тарихи романы – көк түріктер өркениетінің асқақ рухын, Екінші Түрік қағанатының қайта жаңғыру дәуірін кең тыныспен бейнелеген көркем әрі салмақты туынды. Шығарма негізінен көк түріктердің көк семсері, ел қорғаны болған батыр Күлтегіннің тағдырына арналған.

Роман Күлтегіннің бала шағынан бастап, бүкіл түрік жұртына танылған ұлы қолбасшы, мемлекет тірегі дәрежесіне дейінгі күрделі жолын суреттейді. Автор батырдың қалыптасу кезеңін, оның мінезіндегі қайсарлық пен әділетке адалдықты, ел тағдырына деген жауапкершілікті біртіндеп, нанымды детальдар арқылы ашады. Күлтегін – бұл шығармада тек найза ұстап, жауға шапқан батыр ғана емес, елдің амандығын бәрінен жоғары қойған кемел тұлға, халықтың рухани тірегі ретінде көрінеді.

Романның тарихи өзегінде Екінші Түрік қағанатының құрылу жолы жатыр. Құтылық Елтеріс қағанның елді қайта ұйыстырудағы ерлігі, дана Тоныкөк абыздың көреген ақылы, Қапаған қағанның күрделі бейнесі, Елбілге қатұнның елдік мүддеге адал болмысы – барлығы тарихи шындықпен сабақтасып, көркемдік тұрғыда шебер өрілген. Бөгі-Білге қаған, Рұғила батыр, Алып Еміл сынды кейіпкерлер қағанаттың әскери әрі саяси қуатын толықтыра түседі.

Шығармада Күлтегіннің сүйген жары Ақшарқат бейнесі ерекше биік деңгейде сомдалған. Ол – тек батырдың жары емес, ақыл-парасаты кемел, ел тағдырына алаңдаған кемеңгер тұлға. Жазушы Ақшарқатты бір әулеттің ғана емес, күллі түрік жұртының ел анасы дәрежесіне көтере суреттейді. Оның даналығы, сабыры мен рухани беріктігі Күлтегінге тірек, майданда сүйеу, ел ісінде сенімді серік ретінде көрінеді. Ақшарқат образы романдағы әйел бейнесінің жаңа, терең қырын ашады.

Романда табағаш елінің билеушісі У–хың ханым, сондай-ақ түркеш, қырғыз, ұйғыр және өзге тайпалардың көсемдері арқылы сол дәуірдегі саяси ахуал, елдер арасындағы күрделі қатынастар кеңінен қамтылады. Бұл кейіпкерлер тарихи кеңістікті ұлғайтып, көк түріктер дәуірінің шынайы келбетін айқын көрсетеді.

Жазушы тарихи жүлгені берік сақтай отырып, көркем қиял мен тартымды оқиғаларды үйлестіре білген. Романның тілі жатық, бейнелі, қазақтың қара тілінің бар қуаты сезіледі. Әрбір суреттеу, әрбір диалог дәуір тынысын дәл береді, оқырманды көне заманның қалың ортасына жетелейді.

Қорытындылай айтқанда, «Күлтегін» – көк түріктердің ерлік рухын, елдік санасын, тарихи жадысын жаңғыртатын көркемдік деңгейі жоғары шығарма. Бұл роман – батырлық пен даналықты, махаббат пен мемлекетшілдікті қатар өрген, бүгінгі оқырманға өткеннен тағылым ұсынатын құнды тарихи туынды.

Темірлан БАЯЗИТ

Алдыңғы жазбаҚұрылтай сайлауы тамызда өтеді
Келесі жазбаКҮЛТЕГІН