Home Қоғам Каспий қауіпті аймаққа айналып бара ма?

Каспий қауіпті аймаққа айналып бара ма?

39

Әңгіменің  ашығын айтар  болсақ, Каспий теңізі біз үшін жай ғана су айдыны емес. Бұл – Қазақстанның тынысы, баламалы жолы, болашақтағы экономикалық қауіпсіздігінің бір тірегі. Рас, соңғы жылдары геосаяси қысым күшейген сайын біз осы теңізге көбірек үміт арта бастадық. Құбырлар сенімсіз бола бастағанда, Каспий арқылы танкерлермен мұнай тасымалдау – амал емес, қажеттілікке айналды. Алайдап,  қазіргі жағдайды  таразыға  тартып зерделейтін  болсақ, Каспийдің өзі тұрақсыздық аймағына айналып бара жатқаны алаңдатады.   

Мәселен, Израильдің Иранның Каспий жағалауындағы порттары мен әскери нысандарына соққы жасағаны туралы ақпарат бір қарағанда,  алыстағы жаңалық сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, бұл Қазақстанға да тікелей қатысы бар мәселе. Өйткені соғыс логикасы бір жерде тоқтап қалмайды. Бүгін порттарға соққы жасалса, ертең теңіз үстіндегі кез келген нысана қауіпке айналады. Ал теңіздегі ең осал нысана – бұл азаматтық танкерлер екені айқын.

Каспий – жабық теңіз. Мұнда болған кез келген экологиялық апаттың салдары ұзақ жылдарға созылады. Егер бір ғана мұнай тиеген танкерге соққы тиіп, теңізге мыңдаған тонна шикізат төгілсе, оны тез арада жою мүмкін емес. Бұл ашық мұхит емес, мұнда су алмасуы баяу. Яғни төгілген мұнай жағалауға жетіп, балық қорының азаюына, экожүйенің бұзылуына, жергілікті халықтың тұрмысына тікелей әсер етеді. Маңғыстау өңірі үшін бұл – абстрактілі қауіп емес. Бұл – нақты өмір. Балықшылардың табысы, туризмнің болашағы, тіпті қарапайым халықтың денсаулығы осы теңізге байланысты. Бір ғана ірі апат бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын шайқалтуы мүмкін.

Әлбетте, Қазақстан үшін бұл – тікелей соғыс қаупі емес. Бірақ одан кем емес екі қатер бар: экономикалық әлсіреу және экологиялық апат.

Біз қазір Каспийді тек логистикалық мүмкіндік ретінде қарастырып отырмыз. Бірақ оны қорғау мәселесі сол деңгейде талқыланып жатқан жоқ. Егер теңіз қауіпсіз болмаса, онда ешқандай «Орта дәліздің» де мәні қалмайды. Теңіз – тек жол емес, ол – тіршілік ортасы. Сондықтан бүгінгі басты мәселе – геосаясат емес, жауапкершілік. Каспийді соғыс алаңына айналдырмау – тек бір елдің емес, барлық жағалаудағы мемлекеттердің ортақ міндеті. Бірақ ең алдымен біз өз мүддемізді өзіміз түсінуіміз керек.

Демек, қалыптасқан жағдай Қазақстанға бірнеше маңызды мәселені қайта қарауға мәжбүр етеді: Біріншіден, көлік-логистика бағыттарын тек әртараптандыру ғана емес, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі алдыңғы қатарға шығуы тиіс. Екіншіден, Каспийдегі экологиялық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе ретінде қаралуы керек. Үшіншіден, аймақтық дипломатия күшейтілуі қажет. Каспий маңы елдерінің өзара келісімі ғана бұл теңізді соғыс аймағына айналдырмауға мүмкіндік береді.

Қысқасы, бүгінгі Каспий – кешегі Каспий емес. Бұрын ол тұрақтылықтың символы болса, енді ол үлкен геосаяси ойынның шеткі алаңына айналып барады. Біз  бұған  жол  бермеуіәміз керек.

Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» жасылдар партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаГеосаясат және газ: Таяу Шығыс дағдарысының жаһандық салдары