Home Қоғам БҮЙРЕКТЕН СИРАҚ ШЫҒАРЫП ЖҮРГЕН КІМ?

БҮЙРЕКТЕН СИРАҚ ШЫҒАРЫП ЖҮРГЕН КІМ?

67

  «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, Жетісай ауданының әкімқаралары жоқ жерден жау шақырып, қала мен ауыл адамдарын сергелденге салмақшы. Жетісай қаласы Дайрашев көшесінде орналасқан, 2024-ші жылдан бері  халықтың талап – тілегіне сай жап-жақсы жұмыс істеп тұрған Халыққа қызмет көрсету орталығын (ХҚКО) қала сыртына  шығарып, қара базарға қамап қоймақшы. Қара базар деп отырғанымыз – «Гранд парк» базары. ХҚКО  – мемлекеттік мекемесін базардағы талапқа сай келмейтін шағын «бутиктерге» тықпаласа, қызмет көрсету сапасы  қандай болатынын көзге елестету қиын.  Қазіргі ХҚКО орналасқан жері халыққа қолайлы: поликниника, әкімдік, «райсобес», сот, прокуратура т.б.қол созым жерде орналасқан.

Жетісай ауданының атқамінерлерінің көкейін тесіп тұрғаны – базар басшылығымен ауыз жаласып, ХҚКО-ны базарға көшіріп, келім-кетім адамдардың қатарын көбейтіп, базардың бағын жандырып, саудасын қыздыру болып тұр.  Базар басшылығына мал қайғы, басқа түк те емес. Өйткені, ұсынуға тиіс заңды құжаттары толық болмаса да, тендір ойнатқанда «Гранд парк»  базары басшылығы аренда ақысына 1 (бір) теңге қойып, су тегін ұсынған. Мұнын бәрі көзбояушылық: әкімқаралардың қаржы үнемдейміз дегені далбаса. Астарына үңілсеңіз сыбайластықтың салқын ызғарын сезбеу мүмкін емес.

Біздің айтайын дегеніміз «Гранд парк» базары ХҚКО-ның жұмыс атқару талаптары мен параметрлеріне сай келмейді. Үлкен операциялық зал көлемі 530 кв/м кем  болмауы керек деген талапқа сай емес.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев  халықтың мұң-мұқтажын, арыз-шағымын, талап-тілегін мүлтіксіз орындап, қызмет сапасы мен мәдениетін барынша көтеруді айтудай-ақ атқанымен, Жетісайдың атқамінерлері өз білгендерін істеп отыр.  ХҚКО мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері жайлы, жылы орындарынан жылжып, қара базарға  көшетіндеріне қатты наразы.  Базардың аты- базар. Базардың санитарлық –гигиеналық, мәдени-тұрмыстық картинасы ХҚКО-ның сапалы әрі мәдениетті қызмет көрсетуіне мүмкіндік бермейді.

Біздің айтайын дегеніміз, халыққа қызмет ету сапасы мен мәдениетіне ат үсті қарайтын атқамінерлер өзбілермендікке салынбай, халықтың талап –тілегіне сай ХҚКО  -ны жылы орнынан жылжытуды доғарғаны дұрыс. Жұрттың жанайқайына құлақ асып, бүйректен сирақ шығарып жатқандарын  терең түсінулері керек.

Махамбет Сапармұратов

                                                            Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы

                                                            Түркістан облысы   

 

Алдыңғы жазбаАҚШ – Иран – Израиль: соғысқа бір қадам, келісімге бір қадам
Келесі жазба«Уақыт келді!»