Home Қоғам          Батыр Баукеңнің бір құпиясы

         Батыр Баукеңнің бір құпиясы

52

  Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы, аты аңызға  айналған  Бауыржан Момышұлын көзі тірісінде ерекше құрметке ие болған. Атын естісек, батырдың ерлігі туралы да білгіміз келетін. Ол кісі жайлы жазылған естеліктерді де қызыға оқушы едік. Өзінің жазған кітаптарында сүйіп оқысақ, Бауыржан Момышұлы  жайлы жазылған кітаптарға қызыққанбыз.  Ал  Баукеңді  көзімен көргендердің әңгімесінде тыңдауға аңсарымыз ауатын. Олардан  біз   біле бермейтін жайттарды да  сұраушы едік.  Сондай естелікті   Еңбекбай Махамбетов  деген ағамыздың   «Хантәңірі қойынауында»  деген кітабынан кездестірдік.

Кітап автор өзінің  өмірбаяндық қызметіне қатысты және   ел мен жер тарихына байланысты   тың деректерді де қамтыған.   Көп жылдары Алматы облысындағы Ұйғыр, Кеген және  Нарынқол (қазіргі Райымбек), Жамбыл аудандарында  қызмет жасаған.   Республиканы басқарған Дінмұхамед Қонаев пен    Алматы облыстық партия комитетінің  бірінші хатшысы Асанбай Асқаров  және батыр Бауыржан Момышұлы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев туралы да  жазғандары бар.  Әсіресе  Бауыржан Момышұлы жайлы      «Бауыржан батыр» деген естелігінде  аты аңызға айналған қаһарманды     мектепте  оқып жүргенде  «Сталин жолы» газетінен оқығанын, оны  ағасы Дәукенде оқыған дейді. Кейін ағасы  А. Бектің «Арпалыс» деген кітабын  оқығанда  оны мен де, ауыл болып оқыдық депті. Одан соң: «Ең қызығы- аты аңызға айналған  батырды көзбен көру, сөзін де өз ауызынан естудің өзі бір ғайнабет» деп, ел құрметіне бөленген  аңыз  тұлғамен   қалай кездескенін әңгімелеген. «Ол   1965 жылы мамыр айында болатын.    Жоғары  партия мектебінде оқып жүргенбіз. Ұлы Отан соғысындағы  жеңістің  20 жылдығына байланысты Баукеңмен кездесу өтті.  Бір топ қонақтар келді.  Баукең төрге жайғасты. Күн тәртібінде- екі баяндама  оқылмақ болып бекітілді.  Әуелі  сөз алған  баяндамашы  ұзаққа  сілтеді. Жұртты ығыр  ете бастады. Мұны аңғарып отырған     Баукең  одан   кешірім сұрап,  әзер тоқтатты да:

-Зачем  такую длиную  шпаргалку, надо уважать публику. А это  нам известно,- деп дауыстап алды. Жұрт  полковник сөзін қолдады. Сөйтіп, екінші  баяндама оқылмайтын болды. Бір мезетте Баукең:

-Ассалаумағалейкум!- деп биігірек текпішектен түсіп келе жатты. Жолай залда отырған бір ақсақалға қол беріп амандасты. Содан кейін;

– Извините  товарищи… Это мой  первый учитель, менің бірінші ұстазым,- деді де әлгі қартты өзінің орнына апарып отырғызды.

–Бұл біздің  Ахмет атамыз,-деп   мынаны айтты. – У человечества было два периода. Первый период- мануфактурный период, второй –машинный  период. При мануфактурном первональном  периоде войне-великим, величайшим полководцим был Чингисхан, во втором машинном периоде- был великий  величайший полководец генералисимус Иософ Джугашвили…

Ол кезде Сталиннің есімі көпшілік ортада айтылмайтын, салқын қабақ танытатын еді. Зал тынып қалды.Баукең  сөзін  одан әрі жалғады.Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлікпен  соғысқан, қаһармандық көрсеткен, халықтардың қатарында  орыс, украин,  грузин, қазақ халықтарын атады. Шаршаңқырады ма екен, су  ұрттап, шылымын тұтаты. Кәдулігі баяғының   хас батырлары  сынды; ешнәрседен сескеніп, секем алып тұрған жоқ. Нақ сөйлеп, тұжырымды ойлар тастайды, орнықты  пікір  айтып, мазмұнды ойлар толғайды» деп кездесуде болған жайтты осылай баяндапты. Одан әрі естелікте;  «Арада бір аптадай уақыт өтті. Бізді, мектеп тыңдаушыларын залда  өтетін  жиынға шақырды. «Не мәселе екен?» деп таңданып жатырмыз. Сөйтсек, түнеукүнгі мәжілісте  сөйлеген халық қаһарманы Бауыржанның қылықтары жайлы екен. Осы мектептің  кафедра меңгерушілері М.С. Тимофеев пен С.И. Ткачев дегендер Қазақстан КП Орталық Комитетіне батыр ағамыз Бауыржанның үстінен  ғайбат  сөз айтып, шағым түсіреді. Сондағы айтқандары- Бауыржанның жұрт алдында қазақша сөйлеуі, баяндамаларды аяқтатпай, бел ортасында  үзіп тастауы, Ткачевқа сөз  бермеуі. Шыңғысхан мен Сталинді мақтауы, Отан соғысы жылдарында орыс  жұртының  көрсеткен ерліктерін азырақ айтуы, оның есесіне  украин, грузин, қазақ халықтарының  ерліктерін  көбірек  мақтауы… «Орыс қырық рудан  таралған ғой»- деп, түрлі әңгіме айтты деген сөздерді мысалға келтіріпті.

Зал негізіннен қазақ, қырғыз жігіттері  жиналған екенбіз. Әлгіндей қисынсыз сөздерді естігеннен кейін біз залды  тастап,  шығып кеттік. Кейін  бұл әңгіме Орталық Комитетте де сөз болған  көрінеді. Онымен біздің не жұмысымыз болсын.Халқымыздың  намысы үшін шыбын жанын шүбірекке түйген, ана сүтін адал емген батыр ағамызды қай  жерде жүрсек те: «Біздің  Баукең, Бауыржан батыр!» деп аспанға көтеріп, мақтанымызды жасырмақ емеспіз»- деп жазады автор.

Материалдың жалғасында Еңбекбай ағамыз    Бауыржан Момышұлымен 1980 жылдың сәуір айында  Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылында  Жеңістің 35 жылыдығына арналған мерекеде жүзбе-жүз кездескен. Ол жылдары Еңбекбай Махамбетов  «Қастек» мемлекеттік  асыл тұқымды қой зауытының директоры болып жүріпті.   Мерекелік  шараға   Баукеңмен бірге Ұлы Отан соғысының  ардагері,  1- және 2- дәрежелі Отан орденнің иегері  Ермек  Далабаев та қатысып сөз сөйлеген. Оның сөзін Баукең  сүйсіне тыңдап,  ара-арасында «Міне, нағыз батыр осы Ермек Далабаев!» деп көкейден шыққан  сөзіне риза болғандығын жеткізіпті.   Бір айта кетерлік жайт  кітапта  әйгілі қаһарманның      төрт  суретін кездестірдік. Суреттер  автордың жазған материалдарына  қатысы бар сияқты. Ол    суреттер материалдан бөлек басқа  бетке түскен. Екі сурет    бір бетте. Онда   Бауыржан Момышұлы мен  Еңбекбай Махамбетовтың қатар  отырғанын көреміз. Баукеңе      ауыл адамдары   құрмет көрсеткені байқалады.    Баукеңнің қолында темекісі бар, Еңбекбай   құрметті қонақтың таяғын ұстапты. Суреттің астыңғы  жағында  «Бауыржан Момышұлы Үңгіртасқа келгенде түскен сурет.  1981 жылы»  деп  жазылған. Ал  екінші суретте Баукең мен Махамбетов қатар келе жатқан бейнелері.   Үстерінде қыстық киім. Суреттің  арғы жағында 1941 деген жазу анық көрінсе және үш адамның кішкене  суреттері байқалады.

Ал      Баукеңді риза  еткен соғыс ардагері Ермек Далабаев туралы кітаптың басқа  беттерінде табылды. Майдангер  соғыстан  оралғанан кейін  Жамбыл ауданындағы екі ауылда  төраға қызметін атқарып,  кейін  совхозда еңбек етіп, ауылға  өзіндік үлесін қосқан екен.  1980 жылы  мамыр айында Ұлы Отан  соғысының 35 жылдығына байланысты Мәскеу мен Брест қаласында  өткізілген кездесуге, Ұлы Отан соғысында  Алматы қаласында  құрылған 100-атқыштар бригадасының ардагерлерімен кездесуге қатысқан. Осы  кездесуге   совхоздың директоры Еңбекбай Махамбетов үлкен көмек көрсеткен.    Майдангермен    ұлы Қамбар екеуін    Мәскеуде тұратын    майдандас досы Василий Васильевич  Клубковты тауып, оның үйіне қонақ болып қайтқаны айтылады.  Кітаптағы үшінші мен төртінші суреттерде Үңгіртастағы  кездесу. Онда  Баукең  бір топ адамдардың  арасында  бір үлкен шенді әскери адаммен сөйлесіп  тұрғанын көрсек, шеткі жағында  Еңбекбай Махамбетовты көреміз.  Төртінші  суретте Баукең қасында зайбы Жәмиламен қатар отырған  бейнесі. Батыр ағамыз қол шапалақтаған сәті, үстел үстінде қара көзілдірігі мен  бөрікін көреміз.  Суреттің астында «Баукеңнің  Үңгіртас ауылыңдағы елмен кездесуі. 1981 жыл»   деген жазуы бар.   Бұл төрт сурет бұрын соңды еш жерде жарияланбаған болуы мүмкін.  Себебі кітап 2008 жылы жарық көріп, 200 данамен шыққан екен. Кітаптағы  батыр  туралы естелік пен   суреттер қашанда өзінің құндылығымен есте қалары сөз. Біз естелікті оқи отырып,   халық Баукеңді  көзі тірісінде қалай құрметтегенін байқасақ,  суреттерден батырдың  келбеті мен  болаттай шымыр тұлғасы жылдар өтсе де биіктей беретінін аңғарамыз.  Төрт сурет те тарихи деп айтуға негіз бар. Және де  бұл суреттер кітаптан басқа жерде жарияланбағаны анық. Ал суреттер 2007 жылы өмірден өткен Еңбекбай Махамбетовтың отбасында болуы мүмкін.

Даңқты батырдың бұдан кейін  Жамбыл ауданында болған ба деген оймен  деректер іздестіргенімізде  ауданды 1976-1983 жылдары басқарған  аупарткомның бірінші хатшысы      Бекболат Тұрсынжановтың «Баукең айтқан естелік»  деген  материалынан таптық.   Естелікте  Бауыржан Момышұлы  1981 жылдың 3 желтоқсанында жұбайы Жәмила және майдангер –жазушы Әзілхан Нұршайықовпен  Қастек  мемлекеттік асыл тұқымды қой  совхозында кездесуге  барған.  Мұның өзіндік себебі естелікте  былай жазылыпты.

«Бір күні облыстық партия  комитетінің үгіт- насихат  бөлімі  алда келе жатқан Мәскеу түбіндегі  алапат шайқастың  40 жылдығын атап өтуге әзірлік жұмыстарына  нұсау берді.  Нұсқауда  көзі тірі майдандагерлермен  кездесу өткізу,  дәрістер  үйымдастыру,  соғыс тақырыптарына   арқау болатын кинотуындыларды  көрсету сынды іс-шараларды ұйымдастыруды қолға алу керек болған. Облыстан нұсқау келген  соң ауданда бұл мәселені  барлық партия ұйымдары мен мектеп  директорлары және мекеме басшылары  жиналып талқыланған. Іс-шараны ұйымдастыруға барлығы белсенді атсалысыпты. Солардың ішінде Қастек қой совхозының партком хатшысы Әскербек Абаев Бауыржан Момышұлымен кездесуді өз мойына алады.  Партком хатшысы  жазушы Әзілхан Нұршайықов арқылы Баукеңмен кездесуге келіскен.  Баукең келісім бергеннен кейін аудан ерекше дайындалып, барлық шара жоспарлы түрде іске асқан. Ауданның жақын маңдағы әскери бөлімшеден сарбаздар  алғызып,  әдемі киімдерімен Ұлы Отан соғысына  арналған  ескерткіштің  алдына сапқа тұрғызып қарсы алуды жоспарласа, ауылда  майданға қатысқан   тоқсанға  жуық  соғыс ардагерлері де түгел шақырылыпты. Майдангерлерде  қатарға тұрған.  Құрметті қонақтарды  әскери бөлімнің командирі, полковник Сиджак  салтанатты түрде қарсы алып: «Ұлы Отан соғысының даңқты  жауынгері, гвардия  полковнигі Бауыржан Момышұлының  келу құрметіне құрметті қарауыл  сапта тұр» деп баянағанда   Баукең де сарбаздарға ілтипат танытып, назары алаңқайда сап түзген майдангерлерге түседі.  Соғыс даласынан аман-есен  оралған  қастектік ардагерлерге жақындағанда,  олардың арасынан суырылып шыққан майдангер Ермек Далабаев: «Құрметті қолбасшы Бауыржан Момышұлы!  Сіздердің  біздің  зауытқа келген  қадамдарыңыз  құтты болсын! Қатардағы  соғыс ардагері старшина  Ермек  Далабаев»  деп  рапорт беріпті.  Рапорттан   соң Баукең көпшілікке  алғысын білдіріп, жиналғандармен амандасып, Әзілхан  аға  екеуі  мәдениет үйіне  қарай бет алған. Ел ауызында аңыз болған батырды көру үшін  ауылдың үлкен- кішісі және ауданнан да    көп  адамдар келіп, мәдениет үйіне      лық  толғанда  қонақтар төрге шығып жайқасқан екен. Партком хатшысы  Әскербек Абаев қос майдангер -жазушылар  туралы  аз кем  айта кетіп,  алғашқы сөз кезегін  Баукеңе  ұсынған.  Жұрт  назары құрметті қонаққа ауып, зал іші   сілттей  тыныштық орнаған.  Батыр  ағамыз қайратты  дауысымен: «Мен қос тілде сөйлейеп, қос  тілде жаза беретін жазушымын. Бұл соғыс – адамзат  тарихында бұрын-соңды болмаған ең бір қасіретті майдан.Қаншама жанның тағдырын  шайқаған ауыр нәбеті сөзбен  жеткізу мүмкін емес. Адам  шығыны көп болды. Біз бүкіл  Еуропаға  айбар көрсеткен, «жеңілуді  білмеймейміз»  деп ұранды алға  ұстаған неміс әскерін  сабасына түсірдік.

Сексенге қараған жасым бар (Баукең  ол кезде 72 жаста болыпты). Соғыста бірнеше рет жараландым. Сіздердің  алдарыңызда  оның бәрін тізбектеп айтып жатудың  қажеті қанша, менің кітабым шықты, мен туралы  кітаптар жарық  көрді, бұл материалдармен  сіздер сол  арқылы таныссыздар деп ойлаймын» деп қысқа қайырады. Баукеңмен кездескен сол кездесумен, әңгімесі Бекболат Тұрсынжановтың есінде осылай  сақталғанын айтады. Және де халықтың зор қошаметінде ие болған екен. Кездесуде қан майданда  бір қолынан  беріп қайтқан Қастек совхозының тұрғыны Қарабек мінбеге шығып, соғыстың  зобалаңы  мен қасіретін айтса,  майдангер Ермек Далабаев та сөйлепті. «Біз соғысқа  барғанда Бауыржан Момышыұлының  аты дүркіреп  тұр екен. Бұл бізге  қайрат берді» деп бастаған сөзіне залдағылар бір мезет тыныш күйге енгенде,  «Мен 1942 жылы сұрапыл соғысқа Әзілхан Нұршайықовпен бір сапта майданға аттандым. Сұрапыл ауыр соғысты бастан кештік» деп  соғыс  туралы  сөйлеген.  Мектеп-директоры, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы  Жұмабай Жәдрин  Баукеңнің  ерлігі мен майдангерлік жазушылық  шеберлігі және әдебиет әлеміндегі орны туралы өз пайымы мен ойын айтыпты.  Кештің соңғы сөзін  полковник Сиджак түйіндеп, «Батыр Бауыржан  салған даңқты жол  болашаққа   керуен тартып жалғаса береді, сіздің әскери әдіс- тәсілдеріңізді  жауынгерлерге  үлгі ете беремекпіз»  дегенде  көпшілік ду қол шапалақтап, қонақтарға зор құрмет көрсеткен. Жиынның аяғы совхоздың партком хатшысы Әскербек Абаевтың үйінде жалғасқан. Қонақтарға арнап берекелі дастарқан жайылып, қойдың басы тартылыпты. Отырыста көп әңгіме айтылғанда, соның бірінде аупарткомның бірінші хатшысы Бекболат   Тұрсынжанов пен Баукеңнің арасында аз әңгімесі болыпты.  Әңгіме барысында   аупарткомнің бірінші хатшысы ойында жүрген бір сұрағын қойған.  «Бауке, өзіңізге  көптен   көкейде  жүрген бір бір сұрақ қойсам деп едім. Осы жұрттың біразы сізді  Сталиннің  қабылдауында  болған дейді, енді  біреулері- болған жоқ дегенді айтады. Осының  түйінін өз ауызыныздан естісек» деп емеуірін таныттым. Баукең ойланып отырып: «Одан бері  бірталай  уақыт өтті ғой. Бұл туралы  ол кезде  айтуға мүлде болмайтын еді, енді  айтуға болады» деп  оқиғаны айтқан.  «Мен  соғыстан кейін  әскери академияда оқыдым. Біз оқыған академияның  басшысы  армия генералы Захаров  мені бір  күні кабинетіне  шақырды. Барсам, қасында бір майор отыр екен. Академия басшысы  маған қарап: «Жолдас Момышұлы, алыңызда тұрған  майор мырзамен  бірге Кремльге барасыз!» деді.  Алғаш  не үшін  екен деп сескеніңкіреп қалғанмын, келістім. Шегіндерге  жол жоқ еді. Майорға  еріп, қаптаған  тексеруден  өткеннен кейін Сталиннің қабылдауында  кірдім. Майор сонда қалды. Сталинннің   әйгілі Поскребышев деген  көмекшісі  қарсы алды. Өңі  өңменіңнен өтетін  сұсты адам  екен. Сталиннің  кабинетіне  алып кірді. Ол кісі  бөлме  ішінде  әрлі-берлі жүргенін байқадым. «Отырыңыз» деп  орындықты нұсқады.  Мен  отырдым. Көз қиығымен  шолып өтті де менен  «Момышулы, это  как Азербайджанскиий уғылы?» деп сұрады. Мен  орнымнан тұрып: «Так точно, товарищ Сталин» дедім. «Ну ладно, садитесть, мне  доложили  что  вы  занимаетесть  в академии,  хорошо, занимаетесть, до свидания» деп қолымды алып қостасты. Бар болғаны осы,  кездесу бір минутқа  толар- толмас уақытта  өте шықты. Мен  шығып кеттім.  Академия басшысы  бұл кездесу құпия күнде  қалу керектігін  ескертті. Мен  осы күнге дейін  сол кездесу не үшін  шақырды  екен деп көп ойлаймын. Мүмкін, кітаптарым шығып, әскердегі  атағым  құлағына  жеткен соң,  «өңі-басы кім екен, кавказдық па, азиат па,  бет-жүзін көрейін» деп шақырған болуы керек»,  деді Баукең. Сәл кідірді де күліп қойып, «Может быть,  Мамашвили ме екен?» деп те ойлаған шығар» деді де әңгімесін жалғады.  Дастарқан басында  батырдың  өз ауызынан  өрбіген осы әңгімесі құлағымызда   ерекше  қалып қойды. Әскербектің үйіндегі  Баукеңмен болған    ақ дастарқанда  әсерлі отырысты Бекболат қария 87 –і жасқа келгенде қағазға түсіріп естелік қалдырған. Қария: «Қаһарманмен және майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықовпен бірге  суретке түскен едік» деп Әскербек пен жұбайы Нұршагүл Жабаеваға  қонақтар  ризашылығын білдіріп, батасын берген екен. Қызыр  қонып,  құт береке дарыған  киелі шаңырақ  бұдан кейінде қонақ үзілмеген жазады. Сол бір  есте қаларлық кездесуде суретке түскен едік деген Бекболат Тұрсынжанов суреттері мүмкін Әскербектің үйіндеме екен деп ой түйдік. Өйткені Еңбекбай Махамбетовтің кітабынан табылған суретте  майдангер-жазушы Әзілхан Нұршайықовтың болмауы ойымызға сұрақ туғызды.  Мүмкін ол суреттер әлдекімнің қолында шығар.

                                                                                   Жексен Алпартегі, журналист

Алдыңғы жазбаҚырғызстандағы «екі дос» дәуірінің соңы: билік транзиті ме, әлде саяси ойын ба?
Келесі жазбаҚазақстанда жаңа Конституция жобасы жарияланды