Home Басты жазба Аймақтық соғыс па, әлде жаһандық текетірес пе?

Аймақтық соғыс па, әлде жаһандық текетірес пе?

6

Сонымен әні-міні АҚШ пен  Израиль Иранды бомбылайды  деген  әңгіме  расқа айналды.  Израильдің Иран аумағына «превентивті соққы» жасауды  бастады. Тегеранда жарылыстар естіліп, Израиль бүкіл ел аумағында төтенше жағдай режимін енгізді. Әскери басшылық ықтимал зымырандық және дрондық жауапқа дайын екенін ашық айтты. Бұл – жай ғана кезекті дипломатиялық текетірес емес, үлкен соғыстың иісі аңқып тұрған ахуал.

Иран мұндай соққыға үнсіз қалмайтыны анық. Соңғы жылдары ол баллистикалық зымыран қорын ұлғайтып, ұшқышсыз аппарат өндірісін күшейтті. Бұған қоса, Тегеран аймақтағы одақтас құрылымдар арқылы асимметриялық жауап беру мүмкіндігіне ие. Ливандағы, Йемендегі, Ирактағы күштер жанама майдан ашуы ықтимал. Бұл қақтығысты тек екі елдің арасындағы соғыс деп қарау қате – ол бүкіл аймақты шарпуы мүмкін.

Алайда жағдайды күрделендіріп тұрған басты фактор – АҚШ-тың әскери белсенділігі. Соңғы күндері Вашингтон Жерорта теңізіне және оған іргелес аймақтарға айтарлықтай әскери күш шоғырландырғаны жөнінде мәліметтер тарады. Әңгіме үш жүзден астам әскери ұшақ, соның ішінде барлау және әуеде жанармай құюға арналған борттар, сондай-ақ «Tomahawk» қанатты зымырандарын ұшыра алатын әскери кемелер туралы болып отыр. Сарапшылардың бағалауынша, аймақта 400–500-ге дейін «Tomahawk» зымыранын қолдану мүмкіндігі бар теңіз платформалары орналасуы ықтимал. Мұндай ауқым – жай қорғаныс емес, толыққанды операциялық дайындық белгісі.

Егер АҚШ тікелей араласса, соғыс сипаты түбегейлі өзгереді. Бұл жағдайда әуе және теңіз арқылы Иранның әскери инфрақұрылымына жаппай соққы жасалуы мүмкін. Иран, өз кезегінде, Парсы шығанағындағы нысандарға, Ормуз бұғазына немесе Израиль аумағына қарымта жауап беруге тырысуы ықтимал. Ал Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай тасымалының негізгі күретамыры. Ондағы кез келген әскери қимыл жаһандық энергетикалық нарықты дүр сілкіндіреді.

Иран режимінің тағдыры туралы болжамдар да жиілеп кетті. Кейбіреулер сыртқы қысым күшейсе, Тегерандағы билік шайқалуы мүмкін дейді. Бірақ Иран – Ирак емес. Халқы 80 миллионнан асатын, әскери-өнеркәсіптік базасы қалыптасқан, қауіпсіздік құрылымдары берік мемлекет. Тарих көрсеткендей, сыртқы қауіп көбіне ішкі бірігуді күшейтеді. Сондықтан бір ғана әскери соққы режимді құлатады деу асығыс тұжырым болар еді. Дегенмен ұзаққа созылған соғыс, экономикалық инфрақұрылымның бұзылуы және элиталық жіктелу қатар келсе, ішкі тұрақсыздық тәуекелі арта түседі.

Иран Палестинада, Сирияда, Ливанда, Йеменде ұтылды деген пікір бар.Шын мәнінде, бұл күрделі сұрақ.

Иә, Сирияда Асад режимінің әлсіреуі, Ливандағы ішкі дағдарыс, Газадағы ауыр жағдай – Иран ықпалының шектелуіне әсер етті. Бірақ Иран толықтай ықпалынан айырылды деу артық. Ол әлі де аймақта асимметриялық ықпал ету құралдарын сақтап отыр.

Бұл соғыс Иранның аймақтық стратегиясының болашағын анықтауы мүмкін.

Бұл қақтығыстың тағы бір өлшемі – психологиялық және ақпараттық соғыс. Трамптың Тегеран тұрғындарын эвакуациялауға шақыруы – қысымның бір формасы. Мұндай мәлімдемелер қоғамға әсер етіп, үрей туғызуға бағытталған. Ал Израильдің «превентивті соққы» риторикасы өз қауіпсіздігін қорғау концепциясына негізделген.

Ең ықтимал сценарий – қысқа мерзімді, бірақ қарқынды соққы алмасу және кейін үшінші тараптардың арағайындығымен уақытша тоқтау. Алайда әскери күштердің шоғырлану ауқымы жағдайдың бұдан да күрделі сценарийге ұласу қаупін жоққа шығармайды. Егер аймақтық ойыншылар – Ливан, Йемен немесе Ирактағы қарулы құрылымдар іске қосылса, бірнеше майданда соғыс басталуы мүмкін.

Қазақстан үшін бұл ахуал жанама болса да маңызды. Мұнай бағасының күрт өсуі қысқа мерзімде бюджет кірісін арттыруы мүмкін. Бірақ жаһандық тұрақсыздық логистика мен сауда тізбегіне кері әсер етеді. Орта дәліздің маңызы артуы ықтимал, бірақ қауіпсіздік тәуекелі де өседі.

Қорытындысында айтарымыз – жағдай өте қауіпті кезеңге аяқ басты. АҚШ-тың аймақтағы әскери шоғырлануы соғыс ауқымының кеңею ықтималдығын арттырады. Иран жауапсыз қалмайды. Бірақ толық масштабты, ұзаққа созылған соғыс ешбір тарапқа тиімді емес. Таяу Шығыс тарихы көрсеткендей, мұнда жеңімпаздан гөрі шығынға ұшырағандар көп болады. Ендігі сөз – дипломатия мен салқын есепте. Бірақ қазір аймақта қарудың үні дипломатиядан қаттырақ естіліп тұр.

P.S. 
 АҚШ президенті Donald Trump халыққа жасаған видеоүндеуінде Иранға қарсы ауқымды әскери операция басталғанын жариялады. «Біраз уақыт бұрын Америка Құрама Штаттарының қарулы күштері Иран аумағында ірі әскери қимылдарды бастады», – деді ол. Трамптың айтуынша, операцияның басты мақсаты – иран билігінен туындайтын қауіп-қатерді жою арқылы АҚШ азаматтарын қорғау. Ақ үй басшысы Вашингтон Тегеран тарапынан төнетін тікелей қатерді бейтараптандыруға ұмтылатынын атап өтті. Сонымен қатар ол АҚШ Иранның ядролық қару иеленуіне ешқашан жол бермейтінін тағы да қайталап, бұл ұстаным өзінің әкімшілігі үшін басты басымдық болғанын және өзгермейтін стратегиялық бағыт болып қала беретінін мәлімдеді. Сонымен  соғыс  басталды.  Соңы  немен  бітпек?  Оны  уақыт көрсете  жатар…

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

Dodanews.kz

Алдыңғы жазба«Пәкістан мен Ауғанстан: шекара ма, әлде жаңа аймақтық соғыстың басы ма?»