Home Саясат Басшы көп, нәтиже аз: Үкіметке қойылған соңғы талап

Басшы көп, нәтиже аз: Үкіметке қойылған соңғы талап

42

Бүгінгі  өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы Қазақстандағы кезекті есеп беру жиыны ғана емес, биліктің бүгін қай тұста тұрғанын көрсеткен саяси индикатор болды. Президент  Үкіметтің  бір  қатар  жұмыстарын сынға  алды.

Сонымен  қатар, Үкіметке дербестік берілетінін ашық айтты. Бірақ бұл еркіндік аванс емес, жауапкершілігі ауыр мандат ретінде ұсынылды. Бұл – соңғы жылдары алғаш рет басқару жүйесіне қойылған ең қатал талаптардың бірі деуге  болады. Рас,  отырыс барысында премьер  министр  Бектенов экономикалық өсім туралы көп айтты.  «Инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді» деді ол. Алайда бұл өсімнің сапасы әлі де күмәнді десек, артық  айтпағанымыз. Қазақстан бұрынғысынша шикізат пен квазимемлекеттік секторға сүйеніп отыр. Ұлттық компаниялар экономиканың локомотиві болуы тиіс еді, бірақ  сол  сенімді ақтап  отырған  жоқ. Демек, Президенттің «басшы көп, нәтиже аз» деген сыны – эмоция емес, жүйелік диагноз деп  қабылдаған жөн. Рас, инвестиция бар, бірақ оның халыққа тікелей әсері әлсіз. Жобалар жарияланады, алайда жаңа өндіріс, технология мен тұрақты жұмыс орындары жеткіліксіз. Статистикадағы өсім мен адамдардың күнделікті өмірі арасындағы алшақтық ұлғайып келеді. Бұл – ең қауіпті сигнал.

Сондай –ақ, әлеуметтік салада да тәуекелдер сақталып отыр. Үкімет жалақыны өсіруді көздейді, бірақ инфляция мен тарифтер халық табысын тез жеп қояды. Егер экономикалық саясат әлеуметтік әділет сезімін күшейтпесе, өсім тұрақтылыққа емес, керісінше наразылыққа жұмыс істеуі мүмкін. Басқару жүйесіндегі басты мәселе – жауапкершіліктің айқын еместігі. Президент Үкіметке дербестік берді. Енді бұл дербестік нақты реформалармен және өлшенетін нәтижемен дәлелденбесе, ол бос декларация болып қалады.                                                                                          Қысқасы, билік сенім авансын алды. Енді сол сенімді ақтайтын уақыт басталды.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ

«Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы

Алдыңғы жазбаҚырғызстанда билік транзиті ме, әлде кезекті саяси турбуленттілік пе?
Келесі жазбаҚырғызстандағы «екі дос» дәуірінің соңы: билік транзиті ме, әлде саяси ойын ба?