Қырғызстан саяси күн тәртібіне тағы да «кезектен тыс президент сайлауы» деген мәселе пайда болды. Бұл жолы ұран көшеден емес, билікке жақын элитаның өз ішінен көтеріліп отыр. Соңғы апталардағы оқиғалар Бішкекте саяси маусымның мерзімінен бұрын ашылғанын аңғартады.
Парламент спикері Нурланбек Тұргұнбекұлы 9 ақпанда Түркияға үшкүндік сапармен аттануы кездейсоқ емес. Сарапшылар бұл сапарды ресми хаттамадан гөрі, алдағы ықтимал сайлау кампаниясымен байланыстырады. Дәл осы кезеңде 75 белгілі саясаткер мен қоғам қайраткері президент Садыр Жапаровқа кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеу жолдады.
Олардың уәжі – елдегі басты құқықтық түйінді шешу. 2021 жылы Жапаров бұрынғы Конституция бойынша алты жылға сайланды. Алайда сол жылы қабылданған жаңа Негізгі заң президенттік мерзімді бес жылға қысқартты. Парламент VII шақырылымы президент сайлауын 2027 жылғы 24 қаңтарға белгілеу арқылы бұл дауды формалды түрде жапқандай болды. Бірақ қоғам мен элита ішіндегі пікірталас тоқтаған жоқ.
Бір тарап «Конституция туралы» 2021 жылғы заңға сүйеніп, қазіргі президенттің алты жылдық мандаты толық сақталуы тиіс десе, екінші тарап кезектен тыс сайлау ғана саяси-құқықтық коллизияға нүкте қояды деп есептейді. Іс жүзінде бұл дау заңнан гөрі билік конфигурациясына келіп тіреліп отыр.
Үндеу авторлары биліктің соңғы төрт-бес жылдағы жетістіктерін жоққа шығармайды. Қылмыстық топтардың саяси ықпалын әлсірету, шекара мен әскерді күшейту, коррупциямен күрес нәтижесінде бюджет кірісінің күрт өсуі – мұның бәрі Жапаров кезеңінің плюстары ретінде аталады.
Алайда «тәртіп орнату» кезеңі аяқталды деген пікір күшейіп келеді. Экономика әлі де қызмет көрсету секторына тәуелді, өнеркәсіп тоқырауда, сыртқы қарыз 12 млрд долларға жақындап қалды. Әлеуметтік ахуал да күрделі: ресми емес бағалаулар бойынша, елдегі әрбір үшінші бала кедейлік шегінде өмір сүреді.
Элита ішіндегі тұжырым біреу: қолданыстағы басқару моделі ресурсын сарқыды. Енді елге жаңа серпін, терең экономикалық реформалар мен кедейлікке қарсы жүйелі саясат қажет. Бірақ бұл өзгерісті кім жүзеге асырады?
Негізгі интрига да осы тұста басталады. Қырғызстанда бүгін нақты билік тізгінін ұстаған екі фигура бар: президент Садыр Жапаров пен ҰҚМК төрағасы Камчыбек Ташиев. Формалды иерархияда бәрі анық болғанымен, бейресми күш балансы басқаша көрінеді.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары Ташиев қауіпсіздік блогын ғана емес, ішкі саясаттың да негізгі тетіктерін өз қолына шоғырландырды. Парламенттегі лоялды көпшілік, кадрлық шешімдер, аймақтардағы ықпал – мұның бәрі ҰҚМК басшысының саяси салмағын арттырып отыр. Ал президенттің рөлі барған сайын сыртқы саясат пен символдық функцияларға ығысып бара жатқандай.
Мұны жақында болған оқиғалар да аңғартты. Автомектептерді мемлекеттік бақылауға алу жөніндегі резонансты реформа кезінде Жапаровтың депутаттарға қарата айтқан қатаң сөзі кері эффект берді. Оған парламенттегі Ташиевке жақын тұлғалар бірден жауап қайтарды. Спикер Нұрланбек Тұргұнбекұлы «депутаттарды сынаудың пайдасы жоқ» деген мәлімдемесі саяси этикадан гөрі, күш демонстрациясына көбірек ұқсап шықты.
Бұл – қырғыз саясаты үшін дабыл. Себебі мұнда мәселе жеке пікір қайшылығында емес, билік ішіндегі ықпал үшін күресте жатыр. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген тәмсіл Бішкекте қайта еске түсті.
Оппозицияның әлсіздігі бұл күресті тек биліктің өз ішіндегі сценарийге айналдырды. Бүгінгі таңда Жапаров–Ташиев тандеміне шынайы бәсекелес болатын саяси тұлға көрінбейді. Сондықтан кезектен тыс сайлау – оппозициялық реванш емес, билік транзитінің бақыланатын механизмі ретінде қарастырылып отыр.
Ветеран саясаткер Феликс Кулов бұл тұста сақтыққа шақырады. Оның айтуынша, заң тұрғысынан да, саяси прагматизм тұрғысынан да сайлауды асықтыру дұрыс емес. Қырғызстан алдағы кезеңде ірі халықаралық міндеттерді мойнына алып отыр. Мұндай жағдайда электоралдық науқан қосымша тұрақсыздық тәуекелін тудырады.
Соған қарамастан, саяси процесс тоқтаған жоқ. Президент қызметінің бес жылдығына арналған деректі фильмдер, кең ауқымды фотожобалар – мұның бәрі ақпараттық кеңістікте «ерте старттың» белгісі ретінде қабылдануда. Бұл науқан Жапаровтың өз позициясын күшейтуге бағытталған ба, әлде биліктегі транзитке дайындық па – әзірге ашық сұрақ.
Қалай болғанда да, Қырғызстан саясаты тағы да шешуші кезеңнің табалдырығында тұр. Бұл жолы мәселе тек сайлау күнінде емес, кімнің қолында нақты билік қалатынында. Ал жауап жақын арада, спикердің Түркиядан оралуымен бірге айқындалуы әбден мүмкін.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
Dodanews.kz

































